Шырынбек пен Ермек айтысы (2-бөлім)
Шырынбек Қойлыбаев, Ермек Жұматаев · 2 мин оқу
Таразым болмаса да Меккеге тең,
Былайша-ақ жырлауыма жетеді екен.
Әулиеатада тұрсам деп әрбір пенде,
Өмірден өкінішпен өтеді екен.
Таяқ ұстап келгенге тай мінгізген,
Бұл жерді жыр ғып аңыз етеді екен.
Мысалға енді қамшыңды қадап кетсең,
Бір түнде бүршік атып кетеді екен.
Қараусыз қара жерді қалып қойса,
Қара темір гүлдейтін мекен екен.
Титтей де тигізбесе игі әсерін,
Құлаққа жағымды жыр құймас едім.
Таразым көненің бір көзіндей боп,
Қазаққа қалып кеткен мирас едің.
Таңдайды қақтырардай тағылымды,
Тарихыңды тоқыдым миға сенің.
Таразым тіпті түйір тасыңды да,
Ат басындай алтынға қимас едім.
Ер құны екі сөзбен жатса тынып,
Жеңісті шықтым айтыс мақсаты ғып.
Айтыстың табиғаты алыс-жұлыс,
Сөзбенен ойнату ғой басқа сырық.
Қылатын сөзді сусын, ақылды азық,
Алмайық ағайынды аш қатырып.
Ермек аға ермек қып қалжың сөзді,
Басымызды отырсыз бос қатырып.
Қолыңнан екі келсе бірін қылып,
Жонымнан алшы ал қане, таспа тіліп.
Ермек:
Айналайын әдемі «үй-үйіңнен»,
Ботадай бөлек қалған үйірінен.
«Үй-үйің» тым көңілді екен сенің,
Жырыммен сипалайын бүйіріңнен.
Алатаудай бұл ағаң аман болса,
Әлі-ақ тайлақ боларсың күйі кірген.
Бабалары білімді көрінеді,
Серіктей құзырлы елдің биі жүрген.
Отырмыз дүйім жұрттың ортасында-ай,
Ақын болдық осы елдің арқасында-ай.
Осындай ел алдында отырғанда,
Өр көңіл өрге тартпай қорқасыңба-ай.
Қасыңа «дутый» ағаң келіп қалды,
Мерседестің ең соңғы маркасындай.
Сен де інім әлсіздік танытпассың,
Тараздың көпірінің балкасындай.
Шырынбек:
Сөзінің майлы сүттей қаймағы көп,
Тиетін ақын едің ойлары дөп.
Мәйегі шыққан мәнді ой толғашы,
Көргенде кілкігендей майға жүрек.
Ойпырмай аға сізді ойламаппын,
Құлаған көпір жайлы айтады деп.
Жақсылы-жаманды өз жұртымызды,
Береке біз таппаспыз тойда мінеп.
Ауызыңды қу шөппен сүрте бермей,
Азуыңды сөйлеші айға білеп.
Бойда күш, жүрегімде жалын барда,
Тартайын базаршыдай барымды алға.
Желкілдеген жеткіншек жас ұрпақты,
Жетелейін тарихи танымдарға.
Таразым опа-далап Отаны боп,
Ауыздарға ұқсайды алынғанға.
Теппе төсті, сықпа бел сұлулары,
Қадірлі болған дейді ханымнан да.
Құлпырған қала бопты құлақ түрсек,
Тарихтан талып жеткен сарындарға.
Тәж-Маһал да жоқ екен жер бетінде,
Айшаның сағанасы салынғанда.
Жауымен болған Тараз бастан әлек,
Өнетін өңір екен тасқа дәнек.
Бағы жанған шағында шартарапқа,
Тараздан таралыпты бастама көп.
Бағзы бір замандарда аталыпты,
Батыс пен шығысқа ортақ бас қала деп.
Калумб теңіз жолын таппағанда,
Құрлыққа қалар еді астана боп.
Соқпаққа салып тірі жан баспаған,
Осынау шабысынан танбас балаң.
Тартармыз әлі талай әлеуметке,
Жасап жыр бас табағын жамбас саған.
Осыменен тұралық орнымыздан,
Аяқтап бұл айтысты мен бастаған.
Оңайлықпен қозғалар түрің жоқ қой,
Сиырдай сәске түсте жамбастаған.