Мұхамеджан мен Бекарыс айтысы (2-бөлім)
Мұхамеджан Тазабеков, Бекарыс Шойбеков · 2 мин оқу
Біздерді табыстырған өнер шығар,
Өзіңнен осындайда өлең шығар.
Шығарса Шолақ пенен Қажымұқанды,
«Бірі өліп, бірі қалсын» деген шығар.
Мұхамеджан:
Бекеңнен әлі талай жырлар шығар,
Сүренің ақыны еді тыңнан шығар.
Бірі өліп, бірі қалсын десе егер,
Алдымызда шын майдан тұрған шығар.
Ыбырайым пайғамбардың баласы да
Алланың ризалығы үшін құрбан шығар.
Бекарыс, сен көзіме жылы ұшыра,
Бауыр ғой деп ойлайын мұны сірә.
Келген жерден кезекті ала салып,
Кірісем деп отырсың жұмысыңа.
Бір кіріссең, сен қатты кірісуші ең,
Қалқан қойып көрейін қылышыңа.
Оңғарылса екен деп бақ-талабым,
Жырыммен жұртқа қызмет атқарамын.
Жарасып Бекарыспен отырғанда,
Тілеймін ізгілікті сақтағанын.
Сөз ұстары едің деп Алматының,
Майдай жағып барады мақтағаның.
Мақтап-мақтап мақтадай жұмсартып ап,
Қысындай қысып жүрме Ақмоланың.
Алматы бар қазаққа төр секілді,
Қорғайтын аяз, желден тон секілді.
Сұрадың Алматының жай-жапсарын,
Жауап беріп көрейін ел секілді.
Талай қазақ қаңғып жүр бұл қалада
Балығы қалқып шыққан көл секілді.
Басқа тартсаң, аяққа жетпей жатыр,
Етектен кесіп алған жең секілді.
Алматының астында метро бар,
Жүрсең – жол, ал жүрмесең – көр секілді.
Көктен Құдай қазақты сақтаса екен,
Алатаудан қорқары сел секілді.
Қазақтың қызын алған Храпунов,
Жан қалтаға жасырған мөр секілді.
Қазанның құлағын ол ұстаған соң,
Қазақтың несібесі кем секілді.
Күйеуді бас қалаға басшы қойған
Нұрсұлтан ағамыз да ер секілді.
Бекарыс:
Күтерміз талай-талай кеңесті алда,
Болдырма алдыңда әлі белес барда.
Күйеуін әкім қойса не қылады,
Пайғамбардың үмбеті емес пе ол да.
Деуші еді Алматыны байтақ екен,
Көңілі кең даладай жайпақ екен.
Осында келіп көріп-білгенімді
Жасырмай мен де бүгін айта кетем.
Жылағанға өкірген жолыққандай,
Сенікі менікінен сойқан екен.
Қалаңды араладым аз-ақ өтіп,
Жаңылсам ескертерсің жаза кетіп.
Рахмет, мешітіңді бітіріпсің,
Күмбездерін көмкеріп, ғажап етіп.
Бір терінің пұшпағын илейміз ғой,
Бір мешітте жүрген соң намаз оқып.
Бірақ кейбір жайларды айтпай болмас,
Ішімді жатқаннан соң қажап өтіп.
Кришнаит болып кеткен қазақтар бар,
Ала алмай жүрсек біздер қазақ етіп.
Алдамшы қорлар менен қулар да көп,
Қалың елге баратқан азабы өтіп.
Бұл жақта сендер бар деп сенуші едік,
Көрінгенге қоймас деп мазақ етіп.
Япыр-ау, ару қала Алматымды
Не күйге түсіргенсің, Тазабеков?
Көктемде бәйшешектей бүршік атып,
Басында бар қазақтың жүрші, бақыт.
Күйшілер күмбірлетіп күйін тартса,
Термесін төгілтуде жыршы жақұт.
Тақымын қысқан елім шыбын жанын
Шүберекке түюде шырқыратып.
Ау, Мұқа, біз екеуіміз бұл доданы
Әудем жерге тастайық бір шұбатып.
Сүрленген сөзбен емес, сыбағаның
Берейік ыстық буын бұрқыратып.
Мұхамеджан:
Кептері көңілімнің өрге қонса,
Деп тұрамын жақсылық елге болса.
Тазабеков, не қылдың деп отырсың,
Елемей жұмыр басты пендені онша.
Алматыны жайнатып жібермекші,
Зиялы азаматтар ерге қонса.
Мына менің қолымда не бар дейсің,
Көкірегім қайтейін шерге толса.
Жетісуды жұмақ қып жіберер ем,
Дүниенің діңгегі менде болса.