Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Баянғали мен Дәулеткерей айтысы (3-бөлім)

Баянғали Әлімжанов, Дәулеткерей Кәпұлы · 3 мин оқу

Бәкеңнің еліне айтар жыры бар-ды,
Ашылар талай-талай сыры бар-ды.
Ақбозын Ағыбайдың мініп едім,
Құттықтар дәл осындай іні бар-ды.
Ағайын ақ боз атты мінгеніме,
Қуанып айтып жатыр, тілі балды.
Бір қызды мінгізем деп кеше мен де,
Пәлені сау басыма қылып алдым.
Жеңешең оқтауменен қуалап бір,
Ақыры бәрінен де құры қалдым.
Аяғында қыз да жоқ, келіншек жоқ,
Екі шал, екі кемпір мініп алды.

Жырымды ел-жұртыма шашып жүрем,
Әрдайым ақ жүрекпен ашық жүрем.
Ағыбайдың ақ бозын аямаймын,
Шал-кемпірдің барлығын тасып жүрем.

Айналайын, ағайын,
Айтыс дейтін тамаша.
Болмасын де бұл жерде,
Батырлардың егесі.
Болсын дейік бұл айтыс,
Жақсылардың кеңесі.
Айналайын, шырағым,
Түр-тұрпатын қарасам,
Кешегі өткен Наурызбай –
Дәулеткерей елесі.

Наурызбай – жер-жаһанның жолбарысы,
Бөлек екен ел үшін толғанысы.
Оң қолында төрт кісі күші бопты,
Найзаны бөлек екен қолданысы.
Ақырған алты Алаштың арыстаны,
Кененің қысылғанда қолғабысы.
Жарқылдап жиырма бес-ақ жасында өлген,
Есенгелді, Саржан мен Қасым да өлген.
Құтыларға болса да мүмкіндігі,
Ел үшін Кенесары басын берген.
Қай бастық басын беред халық үшін,
Осы күні көп сөйлеп, қасын керген?
Дұшпанмен халық үшін алысқанда,
Бөтен ой болмаған ғой арыстанда.
Әділет, ақиқатқа жүгінер деп,
Хат жазды Кенесары орыстарға:
“Жаһанға жетсе дағы күшің, – депті,
Жер-суды атамыздан қалған бізге,
Тартып ап, жасап тұрсың қысым, – депті.
Халқымды бөтен жұрттың езгісінен
Құтқару – менің ұлы ісім, – депті.
Түйінді семсерменен кесейін бе?
Ақиқат, ақылменен шешейін бе?
Қор болып бодандықта өтейін бе,
Алысып азаттыққа жетейін бе?
Өздерің қайтер едің басқа бір жұрт,
Басып ап билік құрса Ресейіңде?”
Кененің кемеңгерлік бұл сұрағы,
Әлі тұр аз ұлттардың көкейінде.
Ағылшын, қытай, орыс, араб болсын,
Мейлі ғой, қайсы құрлық болса дағы,
Астамсыған жұрттарға сабақ болсын.
Алпауыттар әрдайым тұрады өрлеп,
Аз халықтың тағдырын қылады ермек.
Мемлекет теңдігі жоқ елдер барда,
Кенекеңдей күрескерлер шыға бермек.
Халықтың теңдігі үшін, елдігі үшін,
Аждаһадай ашылған аранына,
Көк найзасын әрдайым тыға бермек.

Айналайын, ағайын,
Ақындарың тынбасын,
Кеңінен бүгін толғансын,
Дәулеткерей інімен
Екеумізді, ағайын,
Көкте Құдай жар болып,
Жерде халқым қолдасын.
Айналайын, шырағым,
Ұстазбын деп отырсың,
Шәкірттерің жақсы боп,
Кенесары, Наурызбай,
Батырлардың кешегі,
Жолын алға жалғасын.
Саған дағы тілегім –
Наурызбайдай бола бер.
Наурызбайдай тек қана,
Жасың қысқа болмасын.

Дәулеткерей:

Мен сізді құрметтеймін ардағымша,
Талантты таразылап талғауымша.
Бал-бұл жанып барады екі бетің,
Сақталған сабандағы сар қауынша.
Келіншектен таяқты жедім дейсің,
Ол дағы құдірет қой Алла қылса.
Көкеннен соң Көкшеде кәрі ақынсың,
Жиналған құрметіңе ел залға мұнша.
Кеу-кеулеп өзіңе-өзің айқайлайсың,
Бұрынғының серісі, салдарынша.
Аман-есен айқайлап айтыса бер,
Қақиып қатқан қара болғаныңша.

Еріне айтпайды ма ел мінажат,
Қайтейін қайтармалап елді қажап.
Манасшылап кеткенде Баян ағам,
Ешкімге бола қоймас енді мазақ.
Қабырғасын ел үшін қайыстырған,
Ерлерің көрді емес пе қорлық, азап?!
Баба көрген қорлықты бала көрмей,
Керемет бостандық күн келді ғажап.
Осыншама опасыз тағдыр кешкен,
Сорлы қазақ сол болсын соңғы қазақ.

Басымнан сыпырылса ақ томаға,
Шабытқа Баян ағам шақ бола ма?
Аталардың арманына біздер жеттік,
Құдайым, бұдан асқан бақ бола ма?

Баянғали:

Бұл інім барлық елден ерек шығар,
Ойы да алабөтен, зерек шығар.
Ағасын қауын дейді мына бауыр,
Бауыр десең бірақ та бөлек шығар.

2002 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз