Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Баянғали мен Дәулеткерей айтысы (1-бөлім)

Баянғали Әлімжанов, Дәулеткерей Кәпұлы · 2 мин оқу

Баянғали:

Тойға келген құрметті,
Елге сәлем береміз.
Жер шоқтығы Көкшетау,
Жерден сәлем береміз.
Ынтымақты көп ұлтты,
Елден сәлем береміз.

Хан ордасы Көкшетау,
Ән ордасы Көкшетау,
Қай қиырдан, шетелден,
Келген мейман бәрісі,
Айтатұғын жер ғой деп,
Мақтап барған Көкшетау.
Кемел ойлы хан Кене,
Найзағайдай Наурызбай,
Табыннан шыққан Бұқарбай,
Шапырашты Бұғыбай,
Иман, Жәуке, Төлебай –
Батырлардың барлығын,
Бір заманда аңырап,
Жоқтап қалған Көкшетау.
Қамшы батып сауырға,
Кеудесін тосын дауылға,
Жүрегінен қан саулап,
Түренмен төсін тілсе де,
Түп-тамырын қиғызбай,
Дін мен тілін қазақтың,
Сақтап қалған Көкшетау.
Қасиетті, киелі,
Ел боп келген Көкшетау.
Кене атамның тойында,
Жақсыларын көрсетіп,
Өрнектеген Көкшетау.
Кенекемнің тойында,
Елдің басы Нұрсұлтан,
Тон жағасы Нұрсұлтан –
Қасиетті кісі кеп,
Құрмет көрген Көкшетау.

Кенекең жастайынан тереңдеген,
Елінің ертеңіне елеңдеген.
Бас ұрмай бодандыққа бұзып шыққан,
Далада еркін өскен өрендермен.
«Алған беттен қайтпаймын халқым үшін,
Керемет ерлік жасап өлем!» – деген.
Батырлық жолдан таймай мерт болғанда,
Алаштың шерлі жүзі төмендеген.
Алашқа азаттықты Алла беріп,
Жырлаймыз біз мақтанып өлеңменен.
Арманы орындалып хан Кенемнің,
Мемлекет болдық міне, кемелденген.

Айналайын, ағайын,
Төгілсін бүгін жырымыз,
Жарық та болсын күніміз.
Қасымызда бір жүйрік –
Дәулеткерей ініміз,
Көптен бері білеміз,
Бірімізді біріміз.
Елге арналсын, шырағым,
Бүгінгі біздің жырымыз.

Айналайын інім-ау,
Жүйрік аттай шаптың ба?
Ой арнасын бақтың ба?
Отызға келіп бұзатын,
Ордаң менен күні ертең,
Алатұғын, шырағым,
Қамалыңды таптың ба?
Жә, болмаса бір өзің,
Қой қораны бұзғанға,
Мәз-мәйрам боп жатсың ба?
Айналайын, шырағым,
Жастарға еріп бүгінгі,
Апиын, наша таттың ба?
Базарларда қағынып,
Жұрт қалтасын қақтың ба?
Жә, болмаса, шырағым,
Ел-жұртыңның бір нұрын,
Аспанға сен жақтың ба?

Дәулеткерей:

Далиып жатқан мынау далама кең,
Иелік еткен қазақ бабам екен.
Кешегі хан Абылай заманында,
Қабанбай қараша елдің қамалы екен.
Бөгенбайлар бөріше жортып өтіп,
Жауына жолбарысша шабады екен.
Хан Кененің тұсында Ағыбайлар,
Тарландай тастан таймас тағалы екен.
Намысы найзағайдай Наурызбайың,
Атасынан асылдай бағалы екен.
Сол батырлар жауына аттанғанда,
Әжелер бойтұмарын тағады екен.
Ақсақалдар әлһамдап бата тілеп,
Иығына сауытын жабады екен.

Қолтығынан көтеріп арғымаққа,
Арулар аттандырып салады екен.
Аруақты ердің тойында айтыс болса,
Ақындарға көңілің алабөтен.
Өйткені, мұның бәрін заңдылықпен,
Саралаған қазағым саналы екен.
Жауды жеңіп келгенде хас батырды,
Ақын аттан түсіріп алады екен.

Байқасаң айтыс деген бас киімдей,
Басыңда тұратұғын бақ түйіндей.
Балпаң-балпаң баса бер Баян аға,
Жаратқан жанарыңда жасты үйірмей.
Ініңе ірілікпен сөз арнасаң,
Ол дағы адал жүрек ақ сыйың ғой.
Мен дағы қолдауымды көрсетемін,
Намысты Наурызбайдың жас күніндей.
Шұрайлы сөз айта алсаң ел риза,
Құдайдың Құранының тәпсіріндей.
Алашты тағы да бір сүйсіндірдің,
Арқадағы ақындардың дәстүріндей.
Өйткені, Көкшетаудың қыраны едің,
Қоймайтын қоян түгіл қасқыр ілмей.

Бұйырса бәйгеңде озып, жүлдеңді алдым,
Бекітем ынтымақпен іргемді әр күн.
Базаршылап жүрсің бе деп айтасың,
Өмірімді өз бетімше сүрген жанмын.
Апиын, нашаңызда шатағым жоқ,
Ағызам майын мен де тілден балдың.
Домбырамды қолыма ап ел алдында,
Өлеңнен бақыт тауып жүрген жанмын.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз