Мұхамеджан мен Бекарыс айтысы (4-бөлім)
Мұхамеджан Тазабеков, Бекарыс Шойбеков · 3 мин оқу
Бағасын ақындардың беретін жұрт,
Жоғалсын төбемізден төнетін бұлт.
Ал, Мұқа, шабытыңды шақыра бер,
Біз сізге қайта мұрсат бере тұрдық.
Қазақтың қажетіне жарамасақ,
Қазақтың баласы боп неге тудық?
Ағайын, ұлы арманды ұлт едің,
Жұмсартып жағдайыңды жібітемін.
Қанеки, домбыраңды қолыңа алшы,
Сен де бір қазағымның үміті едің.
Етектегі еліңнің тағдырына
Дүрбіменен қарайтын жігіт едің.
Мұхамеджан:
Ел сөзін айта білер десек кейде ұл,
Сөйлейік уақытты бос етпей бұл.
Ноқалай жездең жайлы айтып жатсың,
Дәл бүгін етек-жеңді есептей біл.
Назыңды маған емес, әпкеңе айт,
Құшағында жатыр ғой көжектей бір.
Храпунов мырзаға Ләйла апаңнан
Басқа бір еш қазақтың сөзі өтпей жүр.
Мұсылмандық – дін емес қорек қылмас,
Қазақтан ол ешқашан бөлек тұрмас.
Құдайды ойлап көрмеген құрметсіздер
Оны ойлап, өз халқына себеп қылмас.
Қазанның қайнағанын аңдитындар,
Азанның айдағы әнін керек қылмас.
Имансыз бұл қоғамда не істелмей тұр,
Қалталылар қалғанын көзге ілмей тұр.
Пайдасы өз басынан аспайтындар,
Халықтың көз жасынан сескенбей тұр.
Бесік жыр естімеген белсенділер
Бес күндік екеніне дес бермей тұр.
Құранды сыйға тартсаң алмайтындар
Құдайдың бар екенін ескермей тұр.
Адамның таза болса ой дәптері
Басына бақ пен дәулет қонбақ тегі.
Бір кезде Тұрғұт Өзал намазға кеп,
Тұрғанда ел көңілі толмап па еді.
Кешегі Димекең де жұманы оқып,
Шариғатты білген ғой бойлап тегі.
Тек Құдайдан қорыққан текті атамыз
Мәскеудің сан қаулысын жоймап па еді.
Өліктерді өртейтін Алматыда
Крематорий салғызбай қоймап па еді.
Сол Алматы бұл күнде тәнін сатқан
«Тірі өлікке» толар деп ойлап па еді?
Қазағым, кейде рас, Құлагерсің,
Құлагер қашанғы енді құлап өлсін.
Жарнамаға алданған жастарымыз,
Көңіліне қалай иман-шуақ енсін?
Патшаға шындықты айтар ақсақал жоқ,
Оған да халқым өзің куәгерсің.
Шал басымен қыз іздеп, шарап ішсе,
Ауызында қайдан оның дуа болсын?!
Нар халқым отыр бүгін налымай түк,
Кетпес деп Түркістанға дарымай құт.
Өкінбеу үшін ертең осы бастан,
Қапқа – қазы, қарынға – сары май тық.
Түркінің түп қазығы Түркістанда
Той боп жатса, қызбайды қаным қайтып?
Шақырып алматылық ағайынды,
Сауап үшін келдің бе сауын айтып?
Бекарыс:
Алматым ақындардың басын қосқан,
Төбеңде ойнақтап тұр жасынды аспан.
Шалын да, аямаған шауқанын да,
Айналдым дәл өзіңдей асыл достан.
Ау, Мұқа, халық бізге иланады,
Өйткені, асыл – тастан, ақыл – жастан.
Түркістан – түркілердің түп Отаны,
Туғызған талай-талай ұлы атаны.
Қанша ғасыр қараусыз қалып қойды,
Сол түркінің жүрегін жылатады.
Әзірет Сұлтанымыз әрленіп тұр,
Сол ғана жанымызды жұбатады.
Яссауи бабам барда Түркістанның,
Тумауы мүмкін емес құба таңы.
Бұйырса үлкен тойды ел көрсе екен,
Ойымды менің дұрыс меңгерсе екен.
Әбіржіп қалған мынау әлеуметтің,
Әл-ауқаты тезірек жөнделсе екен.
Шерағаң елге асар жариялады,
Осыны барша қазақ жөн көрсе екен.
Қоңдарынан ет кесіп бермесе де,
Қолдарынан келгенше дем берсе екен.
Соқтықпай қайдағы мен жайдағыға,
Біз де қол созған жоқпыз айдағыға.
Сауыннан бұрын сауап тірлік керек,
Кездесем десең ұлы тойда мына.
Түркістан – бар қазаққа ортақ қала,
Осыны жиі ала жүр ойларыңа.
Сен де сәлем айтарсың, Мұхамеджан,
Киркоровпен кіндіктес байларыңа.
2000 жыл.