Әбілқайыр мен Оразалы айтысы (4-бөлім)
Әбілқайыр Сыздықов, Оразалы Досбосынов · 2 мин оқу
Оразалы:
Халыққа теңедің-ау түйені сақ,
Тыңда сен қаны қазақ түйе құсап.
Теңдігім елдігімді бұзбаса екен,
Жонынан таспа тілген дүре құсап.
Бұрынғы іс біткеннің бәрі кетті,
Елміз деп жаны жомарт, жүрегі шат,
Байлығын игере алмай жатқан елміз,
Еншісіне көршісі ие құсап,
Алтын артып жүргенмен арқасына,
Аузы тек тікен жейтін түйе құсап.
Қашаннан елге сыйлар өрнегім жыр,
Сенің де Әбілқайыр сөз қорың нұр.
Бірақта менің бүгін ана тілім,
Күйініп күнде бір сыр өңгеріп жүр.
Қытайы скотчтан плащ киіп,
Жылтырап жайнап та жүр жеңге гүл-гүл.
Ағылшынша сөйлеймін деп Серік көкем,
Тыныш жүрген бізге де сөз келіп жүр.
Товар тасып қытайға тиген қыздай,
Мемлекеттің мүддесін игеріп жүр.
Қысық көз күйеу балалар Астанадан,
Огород салатындай жер көріп жүр.
Солардың бағына орай Алматыда,
Заправкалар атылып жер кеңіп жүр.
Халықтың терін сауып сатқан малын
Тебінгі сауған ұры иемденіп жүр.
Меңгерген жоқсың сен де ұрысты кең,
Жұлқынуда жұртты алдар жұмыс білем.
Жебесі жерге түспес ақын едің,
Шіркейді атып құлатқан ит үстінен.
Бойыңды билеп алған кесірді мен,
Қатты сығып қатықтай біріктірем.
Қоймасаң серке құсап секеңдеуді,
Алдыңнан айна қойып сүзістірем.
Жалғасам бабалардың жорамалын,
От-жалын ойға күнде ораламын.
Өкшелердің арманы Көкшеде жүр,
Аралап Абылай ханның кең алаңын.
Ысырылған артына сөз қалмасын,
Сыпырылған сәтінде томағаң бір.
Кешегі Бұқар жырау болмасам да,
Сол Бұқардың бұтағы бола аламын.
Елбасымен нұрлы болар ертеңіміз,
Кешірерсіз келте болса өлшеміміз.
Даттағаннан аулақпын, дат хан ием!
Біз, шайырлар, фәнидің тентегіміз.
Елмен бірге елжіреп бір сөйлейік,
Желмен бірге желбіреп желкеніміз.
Ойнақтасам жүруші ем оттан аулақ
Өз төліңді өлтірмес семсеріңіз.
Заманның сырын халқым аша алмай тұр,
Батасыз бала да алға баса алмай тұр.
Депутаттар біреуін біреуі ұқпай
Экранда сайрайды асаудай құр.
Үкіметтің саудасы таусылғандай,
Бабаңның қаныменен келген жерді,
Базардың заңыменен сата алмай жүр.
Елшіліктер есірткі тасымалдап,
Басшылар біздің елде қақаңдап жүр.
Билерің соғым жегіш сотқа айналып,
Жақсылық іс тағы да жасалмай жүр.
Жүрек қарсақ, тіл жаңсақ, жырау жалтақ,
Айта алмас кешегі өткен Асандай сыр.
Сабалақтың Бұқары бүгінгінің,
Бір сөз айтуға да бата алмай жүр.
Сөзге еркіндік бердіңіз, рақмет!
Жасыған ел қуанышын баса алмай жүр.
Би, болыс, батырлар мен уәзіріңіз,
Бірі молда, бірі қойшы қазағымыз.
Қара халық жайылған төрт түліктей,
Арам қатар ақ болмай бағуымыз.
Ауруханасы ауылдың ат қора боп,
Бас ауырса армандаймыз дәріні біз.
Жақсылық істерді де айта кетем,
Арқырап тұр бұл күнде жалынымыз.
Ел үмітін үкілеп отыр бағып,
Бағыт-бағдар басшылық ағымыңыз.
Пайғамбардың жасына келіп қапсыз,
Арғымақтай туласын арыныңыз.
Түп атамыз шықпай жүр түсімізден,
Қай күні қазылар деп қабіріміз.
Қазылған көрстандар күңіренуде,
Сендерге жоқ еді-ау деп жазығымыз.
Әшейін ел ішінде ойлап жүрміз,
Әдемі болады-ау деп әлібіміз.
Батыр жалтақ, би сатқын, әкім жегіш,
Қай жаққа бара жатыр қайығымыз?
Шын айтсақ шұлығымыз суға кетпес,
Мұң айтсақ жоқ та шығар жазығымыз?..
1999 жыл.