Шырынбек пен Ермек айтысы (1-бөлім)
Шырынбек Қойлыбаев, Ермек Жұматаев · 2 мин оқу
Шырынбек:
Қайтадан шығып қалдым халқым қалап,
Сөзімді биің түгіл, хан тыңдамақ.
Осындай аламанда ойымыз бар,
Лашындай желді күнгі жарқылдамақ.
Балуандай армысыз, Ермек аға,
Айтыста отырасыз аңқылдап-ақ.
Ағайын, алтын арқау сіздерсіздер,
Сүр еттей сақтап келген салтын ғажап.
Таластың жағасында тамыр жайған,
Алаштың бір бұтағы алтын дарақ.
Шайырлар Таразымнан шертсе сырды,
Шетінен жырға жомарт мәрт секілді.
Тарихта адастырмас Темірқазық,
Таразымның түлеуі шарт секілді.
Ғажайып ғимараттар бой көтерді,
Тойға арнап пісірілген торт секілді.
Жасарып қалды-ау қалам жүзден асып,
Қайтадан сүт тісі шыққан қарт секілді.
Жүретін айтыс десе жортып дәйім,
Томпайған ағам едің торсықтайын.
Құмға біткен қарбыздай дәу болсаң да,
Сезініп шар секілді қолтықтайын.
Жаныма пілдей болып жайғасыпсыз,
Тышқандай енді неге қорқытпайын.
Желкілдеп жер түбінен жетіп кепсіз,
Желмаямен жер кезген Қорқыттайын.
Сойыл тиіп, сорлап қап жүрмегейсіз,
Інінен ұзап шыққан борсықтайын.
Кезімде көпке мынау көрінетін,
Жөнім жоқ жарты метр шегінетін.
Батыр шатыс ақын ең анашыңыз,
Жерік болып жеді екен ненің етін?
Қарынын сипап қамсыз жатқан байдай,
Айтыста отырасың емін-еркін.
Сөздерімді шыбын шаққан көрмейсің ғой,
Борсықтай ұрған сайын семіретін.
Ермек:
Уайым болды-ау саған толықтығым,
Деп отсың ба мені қайдан жолықтырдым.
Жәй әншейін толықтығы болмаса ағаң,
Мен де өзімше орны бар көріктімін.
Жеті атамнан ірілердің ұрпағы едім,
Ірілік қай қазаққа болыпты мін.
Сөз шығады аузынан біліктінің,
Бойыңнан көрініп тұр жігіттігің.
Дүрілдетіп екеуміз айтысайық,
Қатыстырып мәдениеттің министрін.
Бармысың Тараз елі дана туған,
Ғимараты биіктеп дара тұрған.
Бұл қазақта Тараздан үлкені жоқ,
Тереңнен түп-тамыры таратылған.
Бармысың, Таразымның тұрғындары,
Етек-жеңі елден кең жаратылған.
Толыпты Таразыма екі мың жыл,
Өнерді тербеп тұрған бесігім бұл.
Екі мың жылды есіне бір алатын,
Біздің тарихшыларға кешірім қыл.
Шырынбек, айналайын ба, есен бе, інім,
Жоқ еді сенің маған бөтендігің.
Аузыңды ашсаң шаң шығып таңдайыңнан,
Көрініп-ақ тұр екен шешендігің.
Ағаңмен айтысам деп шығып қалған,
Ер жігітке аз емес осы ерлігің.
Айтысты бірден бастап жіберейік,
Уақытты өткізбей бекерге інім.
Шырынбек:
Демейін бүгін сізге жеңіліңіз,
Финалға алып шықты-ау сеніміңіз.
Толық деп мына сізді кемсітпейін,
Халқымның пейіліне семіріңіз.
Біз бүгін білдіре алсақ ой көшелі,
Тобықтай тиер еді тойға себі.
Сәлделі бабаларға сәжде болған,
Тараздай мұсылманның қайда төрі.
Көмек қолын созбаса көшпелілер,
Ислам мұнша қанат жаймас еді.
Мұхаммед пайғамбардың хадисінде,
Мұсылман мұсылманның айнасы еді.
Бір тәңір бар деп біліп бабаларым,
Иманын сақтаған ғой бойда тегі.
Сол бабалар сенбесе бір Аллаға,
Қожаларды қыдыртып қоймас еді.