Мұхамеджан мен Дәулеткерей айтысы (2-бөлім)
Мұхамеджан Тазабеков, Дәулеткерей Кәпұлы · 3 мин оқу
Азат елім тұғырың мызғымасын,
Қазақы ердің қасындай шалдар шапқан.
Сұраған бір Алладан ері медет,
Ежелден көрерменсің көңілі ерек.
Құттықтап ұлы жеңіс мамырменен,
Тілеймін бейбіт өмір еліме бек.
Тасжарған азаттықтың ақ қайнары,
Жайғастым Алматының төріне кеп.
Уағалейкүмассалам Мұхамеджан,
Өзіңе іні болып көрінер ек.
Біз болғасын түлеген бір ордадан,
Жүректерге жұп гүл боп егілер ек.
Айтыстың алшаң басқан Алшағыры,
Жарасар мақтасам да сені не деп.
Мені биік самғатқан алтын тұғыр,
Алатау алғысым бар өзіңе көп.
ҚазМУ-ым сен дегенде сөзім басқа,
Құдай үйген төбенің жөні бөлек.
Сен едің айтыстағы көне бүркіт,
Енші ғып ел мен жұртқа берерің құт.
Сәтті күні табыссақ сахнада,
Қалмаспыз өрелі елден өлең іркіп.
Айшылық аламанда алқынбайтын,
Тұлпарсың тесік өкпе, төмен ұршық.
Сөз мергені, айтыстың көз мергені,
Нысанадан көрмеген жебең үркіп.
Қапталдасып келген соң қарсы қарап,
Мен емес сескенетін сенен үркіп.
Арқа мен Алатау боп кездескенде,
Тамырлансын текті жер терең ілкіп.
Астана, Алматы боп шыққанменен,
Қайтеміз ала қойды бөле қырқып.
Сұңқардай сіз едіңіз қырағы жан,
Ешкімнің сүрінбеген сынағынан.
Пайғамбардың атына жан қосылып,
Есіміңнің өзінен шығады мән.
Қай жерде жүрсең-дағы бар халықты,
Қандырасың өлеңнің бұлағынан.
Жүргізіп «Жұма күнгі жүздесуді»,
Журналист боп жарылдың бір ағыңнан.
Президент оркестрі жұмысқа алды,
Ұстаған соң көп өнердің құлағынан.
Мен сізді Астаналық деп ойлаушы ем,
Көрген соң гвардия ұланынан.
Сөйтсем Халифа Алтайдың қорын ашып,
Шариғаттың ұстапсыз шырағынан.
Бір Алла нәсіп етіп қажы барып,
Исламның қуат апсыз құранынан.
ҚазМу-да да қызмет істейсіз бе?
Капитан боп табылдың құрамынан.
Ерінбес еңбекқор жан сізді көріп,
Көңілдегі кірбіңнен шын арылам.
Қазақ жалқау дегенге келіспеймін,
Жалған сөйлеп несіне күнә қылам.
Мысалға, Мұхамеджан ағам отыр,
Нәр алған туған жердің құнарынан.
Қай қиырға салса да қажымайды,
Туғандай түз бүркіттің қыранынан.
Мұхамеджан:
Дәулетжан, сөздеріңді базарлы айтып,
Ақынбыз отыратын сөз арбатып.
Дәулет інім шоғымды көсеп жатса,
Қайнамайды дәл бүгін қазан қайтіп?
Тізбектеп, өмір жолды мақтап, матап,
Бөркімді жібердің- ау қазандай қып.
Жүруші ем жақсылыққа жаршы көріп,
Жасайық айтысқанда аңшы жорық.
Ол рас Астанаға жібергенбіз,
Мәртебеңді биіктетіп аршы көріп.
Алматыда тілінген таспа едің,
Астанадан оралдың қамшы болып.
Алматыда иірілген асық едің,
Оралдың тұрар сақа алшы болып.
Алматыдан көтерілген ақ бу едің,
Астанадан оралдың тамшы болып.
Сөз қылсаң осы екі шаһар жайын,
Қарағаймен бірге өскен қатар қайың.
Алматы ішіндегі шекпен болса,
Астана сыртын жапқан шапандайын.
Алматы жұмыртқаның ағы болса,
Сарысы Астана деп мақалдайын.
Алматы – ұстаз, ал Астана – шәкірт еді,
Шәкірт озса қуанып жатар дәйім.
Алматы мұрт болғанда ал Астана,
Соң шығып мұрттан озған сақалдайын.
Және бұл жағдайға да таң қалыңдар,
Мойындайтын шындық бұл бар ғалымдар.
Өмірде өзектесіп, сабақтасып,
Бірге өткен көз алдында сан дарындар.
ҚазМУ-дың қалашығын салып кеткен,
Жолдасбеков Өмірбектей заңғарың бар.
Ірге тасын Еуразияның қалап жатқан,
Жолдасбеков Мырзатайдай тарланың бар.
Мырза ағам Өмекеңнің шәкірті еді,
Ұстаздың ұлағатын аңғарыңдар.
Екі орданы көтерген екеуіне,
Абырой атақты да тең жарыңдар.
Байқашы елім не деген бақытты еді,
Жолдасбектей қарттардан қалған ұлдар.