Мұхамеджан мен Бекарыс айтысы (3-бөлім)
Мұхамеджан Тазабеков, Бекарыс Шойбеков · 2 мин оқу
Жігіттің жастық шақта еркі жеңер,
Сеніммен ұсталмаса сертің егер.
Аллаға – құл, адамға – ұл болу ғой,
Намазға кеп түйіссе тең тізелер.
Ақын намаз оқыса хақты танып,
Алдымен аузындағы сөз түзелер.
Он күнәнің тоғызы тілден екен,
Сөз түзелсе, иншалла, ел түзелер.
Қазаққа бақ пен дәулет қайтып келер,
Шарасыздар жүр бүгін шалқып нелер.
Құдайдан қорықпайтын болып алдық,
Жаратса да құлым деп артық көрер.
Құдай деген ол бізге құда емес қой,
Қызы ұнамай қалса егер қайтып берер.
Бекарыс, қай жағдаймен мақтанайық,
Сақтансақ, кришнадан сақтанайық.
Түбім – Түрік, ал дінім – Ислам ғой,
Солай қарай сеніммен аттанайық.
Адам азып, заң тозып бара жатыр,
Қай тірлікпен, Бекарыс, шаттанайық?
Бұрынғының ұраны – «Аллаһу акбар»,
Бүгінгінің ұраны – «ап қояйық».
Біз, қазақ, бұл күндері кіммен доспыз?
Адасып айдалада жүрген көшпіз.
Арабтың тіліндегі дінмен емес,
Арақтың түбіндегі жынмен доспыз.
Ұрылардың ұсағы түрмеде жүр,
Ұрылардың үлкені мінбеде жүр.
Байланысып шекпенді шенеунікпен,
Кісі өлтірген бүгінде кірме де жүр.
Ауыз айтып бергенмен, ақыл сенбес,
Ібілістің үлкені іргеде жүр.
Жалғандық қоғамдағы жасытты елді,
Жаратқан сырын өзі ашып берді.
«Мешітің құтты болсын!» деп жатырсың,
Ол бүгінде алды ғой ашық төрді.
Он жылда әрең біткен қасиетті үй
Жалғанға жарық нұрын шашып келді.
Жартылығын қойынға жасырғандар,
Молданың да моласын қазып келді.
Мешіт салып берді деп мәз қыламыз,
Харамнан қаржы жиған кәсіпкерді.
Дінге бас-көз боп жүрген Тәжин көкем,
Тартты деп айта алмаймын таспиқтерді.
Қазақтың діндарлығы сол емес пе,
Мешітін де Храпунов ашып берді.
Сүндеттелген көсемің жоқ па еді деп,
Сүйегіме таңбасын басып берді.
Бекарыс:
Қашаннан болмас сүйек сірә тілде,
Елді ойлаған ақынды ірі ақын де.
Жеріне жеткізбесе айтқан сөзін,
Жағын сауған жыршыдан рақым не?
Оншақты ақыныңмен топқа түстің,
Ау, Мұқа, сонда сенің мұратың не?
Оныңыз жабылғанда бір ауыз сөз,
Өткізе алмайсың ба бір әкімге?
Демейін ұлып қалған ұларсыңдар,
Сатуға сонша неге құмарсыңдар?
Жақында французға суды саттың,
Әлі де тоқтамайтын шығарсыңдар.
Ноқалай жезделерің аман тұрса,
Бақадай бақылдайтын шығарсыңдар?
Айттың-ау имандылық, дін жайында,
Әңгіме өріп жүр ғой бұл жайында.
Ақының Мұхамеджан не дейді екен,
Деп келіп ем пейілін тыңдайын да.
Байқасақ ойларымыз бір жерде екен,
Ниетіміз Алланың ыңғайында.
Намысын қазағымның жаныдың-ау,
Ойыңның арғы жағын таныдым-ау.
Имансыз тірліктерді бетке басып,
Арқамызды аяздай қарыдың-ау.
Кейбірі иогова, кришнаид боп,
Осы біздің қазаққа бәрі бір-ау,
Шөліркеп дінге сусап жүргенімде,
Уағыздың уызына жарыдым-ау.
Басқара алмай жүрген бұхарасын,
Сол дүмше молдаларға налыдым-ау.
«Дәмегөйлер» діңкемді құртып бітті,
«Хоменейлер» берсеңші, Тәңірім-ау.