Шырынбек пен Кәрима айтысы (2-бөлім)
Шырынбек Қойлыбаев, Кәрима Оралова · 2 мин оқу
Ұйқыңнан оятардай өлең қышап,
Бүгінде бағың келген кемелді шақ.
Илігетін түрің жоқ тіпті маған,
Екі жүз жыл жасаған емен құсап.
Естен танып елпілдей бермейінші,
Есектің миын менде жеген құсап.
Сүтсіз қойдай себепсіз маңырасаң,
Мойныңа қояйыншы көгенді сап.
Қапыда қалмай енді қимылдайын,
Бойдағы бүгін барлық өнерді сап.
Өлтірісін қыздың беріп құтылған соң,
Өлген күйеу жата ма деген құсап.
Құлаққа тиген сөзбен түрпідейін,
Жеңгемді кіржитейін кірпідейін.
Сырғақтай берсе бұлай тым пәлсініп,
Сырмақтай шаңын қағып сілкілейін.
Ұйпалақ-тұйпалағын шығарайын,
Ініне түтін салған түлкідейін.
Алғысын алып жүрген елдің осы,
Дұрыстау қайның едім ең бір есі.
Қайныңа қызыл қайың, қызу қанды,
Емешегің езіліп елжіреші.
Өзі болған баладан өзеуресем,
Өзі келген келіндей кергімеші.
Кәрима:
Таразға келсек ылғи да,
Жұптаған қайын оң болды.
Күйеуім сырттан қызғанып,
Ол байғұс тағы қор болды.
Жүрсін аға, қайтеміз,
Қайындар тіпті мол болды.
Есі жоқ өңшең бойдақтар,
Жалғыз маған сор болды.
Тараздың жаңа тарланы,
Қос қанатын сілкіп тұр.
Өзі кеп тиісіп жеңгеге,
Тағы пәле түртіп тұр.
Маңдайдан аққан терлері,
Жағаға түсіп шылқып тұр.
Екі метр жерден-ақ,
Бойдақ иісі мүңкіп тұр.
Өзбекте піскен қауындай,
Шырынбек шырын пісіп тұр.
Жиырма үште жасы бар,
Жастық шақты құшып тұр.
Алып-ұшқан баладай,
Маған қарап ұшып тұр.
Қараған сайын өзіңе,
Қыз күнім еске түсіп тұр.
Шырынбек:
Қысатын былай шықсаң қолыңды алып,
Қол соғып отыр міне қалың халық.
Айтысқа ит арқасы қияндағы,
Бекер-ақ келгенсің ғой шалыңды алып.
Шырқымызды бұзары өз алдына,
Шырынбектің жүрмесін шаңын қағып.
Жеңгеңнің жай-жапсарын ұға алсамда,
Бастайын бір сұмдықты бұ қарсаңда.
Кеудемнен итермей-ақ болады ғой.
Мақұл деп бір қолқамды құп алсаңда.
Ел жата есігіңнен кіргізіп ап,
Таң атпай терезеңнен шығарсаңда.
Ойдағы орындалмай сол арманым,
Келмейді құр бекерге салаңдағым.
Жеңеше кеш бата сол қас-қарая,
Үйіңнің шолып қайтам шолан маңын.
Көз қылып еге әншейін кергіп отсың,
Бар сырың оңашада болар мәлім.
Білмей қалып жүрмейін білегіңнің,
Бөкебайдай мойныма оралғанын.
Кәрима:
Мына бала қайтеді,
Кетті ғой қатты қағынып.
Ахметжан да қалыпты,
Екі жыл көрмей сағынып.
Шалыңды неге әкелдің деп,
Айтасыңдар не қылып,
Шалымды ертіп келмесем,
Өлтірерсіңдер жабылып.
Қоя берсем еркіңе,
Көңілің бала тоқ отсың.
Төркінің Тараз болған соң,
Бек-сұлтандай боп отсың.
Кәримадай жеңгеңнің,
Жанына жақын кеп отсың.
Бір мәнісі болар деп,
Ойлап қамын жеп отсың.
Жанып тұрған оттай боп,
Жарқырап тағы шоқ отсың.
Еркіңе бүгін жіберсем,
Не бітірем деп отсың.