Әбілқайыр мен Оразалы айтысы (3-бөлім)
Әбілқайыр Сыздықов, Оразалы Досбосынов · 2 мин оқу
Қызған тұлпар, қызыл тіл іркілмегей,
Іркілсең сөзде болар қырқу көмей.
Өзімізден сөзіміз семіз шығып
Өмірге боп жүреміз біртүрлі өгей.
Ауылды сен айтасың, ау Әбеке,
Сезіп отыр оның да жайын кедей.
Ауылдың мүшкіл халі түзелмейді
Бюджеттің бүйірі бүтінделмей.
Бас аманға табылар бір таз кепеш,
Дүние бір күн бай да, бір күн кедей.
Сондықтан бейбітшілікті біз ойлайық,
Су жүрек суыр құсап шіңкілдемей.
Берекеңді ағайын бектен қылғай,
Өнеріңді өзге елден өктем қылғай!
Аштықты да көрген ғой біздің қазақ
Үзілмес майға салып ескен қылдай.
Жұмыс істеп үйренсең тірлігіңді
Боларсың Аллаға деп өскен құлдай.
Еті тірі басшылар еңбегіңді елеп-екшер,
Тіршілікте шідерлеп шектеу қылмай.
Құдайға шүкір барды да айту керек,
Жылауды кешке дейін өктем қылмай.
Емген бұзау ұмытар мөңіреуді,
Ұзатылып ұзаққа кеткен қыздай.
Жаратқан планетадан тысқары әлем,
Ысқырығы жер жарған күшті адам ең.
Әзіл қып айтып едім арықтығын,
Жетті ғой мына бізге тұспал әрең.
Осы кеткенің кеткен-ау, ет бітпейді,
Борласа да бешбармақ, тұшпарамен.
Артық ет болмайды рас арғымақта
Осы атақты өзіңе ұстанар ем.
Тұлпардан гөрі көп ұқсайсың тулаққа сен,
Көтерем болып шыққан қыстан әрең.
Сөздерің ащы екен сыналаған,
Өкімет болды сөзің кінәлаған.
Қалайша өкіметті алға бастар,
Айғайлап шыңғырғанмен бір-ақ адам.
Ары қарай сөздеріңді жалғай бергін,
Ұрандай боп кәдімгі тұралаған.
Жұмыссыз жұрт не істерін білмей отыр,
Мысықтай өз құйрығын қуалаған.
Біздерге балбыраған жараспайды
Баладай аузы-басын сиялаған.
Әбеке, ары қарай жалғай бергін,
Айнымас кескінің бар мұнарадан.
Әбілқайыр:
Ондайға сері көңіл жасымайды,
Шабыт кеп, неге көңіл тасымайды?
Ішімізге шыр жұқпай жүргенімен,
Жүректе мына жыр бізді асырайды.
Кемшілікті көп айттың дейсің маған,
Түйені қой ішіне жасырмайды.
Жайлар көп жүрген енді көптен толғап,
Бабалар да өз жерін өткен қорғап.
Тәуелсіздік тұғырың құламасын
Басыңызға бақыт боп жеткен орнап
Амал жоқ бірлік, сабыр осы үшеуі
Өтпелі кезеңінде өткел болмақ.
Бабалар нағыз дана еді асқан,
Бұл сөзімді тарихтың өзі растар.
Баяғы хан, қазіргі президент,
Абылайдың жолымен елді бастар.
Патшаның уәзірлері министрлер,
Кейбірі өзі қышыған жерін қасыр.
«Әділдік» шешім айтар билеріңіз
Халқын емес, ағайын, өзін ойлап,
Ар-ұятқа түсуде небір дақтар.
Атқа мінер азамат сендерсіңдер
Езіп жатқан езгіден еліңді ап қал.
Бабалар қасық қанын аямаған,
Жат жұрттық боп кетпесін, жеріңді ап қал.
Болашақ ұрпаққа да байлық қалсын,
Мә-мә деп сата бемей, кегіңді ап қал.
Әйтеуір атымызға дақ түспесін,
Киелі қазақ елі тегін мақтар.
Бабалар бірлікпенен бәрін жеңген,
Білмесең тарихыңның бетін ақтар.
Қазағым сан тоқпақпен сан алысқан,
Сөзімді мен айтайын жаңа пысқан.
Өткеніне қазақтың сөзін салсақ,
Қара құрттай қаптады қара дұшпан.
Еліміз, жерімізге қолын салып,
Жоңғар, қалмақ кетпеді-ау қара тұстан.
Абылай ақ патшамыз жолымыз деп,
Беделді елдерменен араласқан.
Ыдырап жатқан елдің басын қосып,
Елді аман алып шыққан дағдарыстан.
Елді айтып біздер неге зар қақсаймыз,
Салмақты сөзімізді салмақтаймыз.
Екеуміз де шырпыдай шық жұқпаған,
Еті барға несіне жалтақтаймыз.
Семіздігің шамалы сенің менен,
Әдемі піскен қатты жаңғақтаймыз.
Ореке, екеуміз де шамаласпыз,
Екі айын әрең өткерген солдаттаймыз.