Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мұхамеджан мен Дәулеткерей айтысы (3-бөлім)

Мұхамеджан Тазабеков, Дәулеткерей Кәпұлы · 2 мин оқу

Он жылда ұтылғаның, ұтқаның бар,
Бұл өзі уақыт емес ұлт дамылдар.
Аңғарсақ, Алматыдан Астанаға,
Ақыл ауысып, ырыстың жұққаны бар.
Елордалық ілімнің іргетасын,
Алматылық ғалымдармен нықтадыңдар.
Мырзекең Еуразияда жүргенімен,
ҚазМУ-лік қайраткер деп жұрт қабылдар.
Ғалым мен дарындарды сөз қылсақ та,
Осында жатыр бүгін түп-тамырлар.
Астананың ажарын ашып тұрған,
Алматыдан аттанған сырттан ұлдар.
Еуразияның еңсесін көтеріп тұр,
ҚазМУ-дың кеңсесінен шыққан ұлдар.
Артықтығы жоқ бірақ елден елдің,
Артықтығы жоқ бірақ ерден ердің.
Ол рас, алақанға салар сені,
Төркіндеп бүгін Дәулет төрге келдің.
Төркіндеп келгеннен соң Алматыға,
Алдында жүрші лайым көмбелердің.
Біз сені құрметпенен қарсы алармыз,
Пиғылын танытпастан пенделердің.
Қылығыңа көз тастап отырайын,
Құдығыңа су ішкен сен де келдің.
Бірақ та құдығына түкірмейтін,
Келісті тұқымы едің кер төбелдің.

Дәулеткерей:

Сөз қылдың Мырзатай мен Өмірбекті,
Олар рас жақсылықты өмірлі етті.
Сондай алтын құрсақ қой біздің қазақ,
Тудырған жақсы-жайсаң небір бекті.
Мұхамеджан ағасы толғағанда,
Тұмсығыңнан сорғалап терің кетті.
Менің енді жіберші тізгінімді,
Терің жаппай тұрғанда кеңірдекті.

Ағама сөйлемеспін қарсы келіп,
Тобыңа сән бергендей әнші көрік,
Арқадан мен оралсам қамшы болып,
Жүректерге себілем тамшы болып.
Ендеше Мұхамеджан сен екеуміз,
Екі ордаға жүрейік жаршы болып.

Ер жігіт жиырма бесте шоқ болады,
Отызда орда бұзар от болады.
Ұланы боп Отанды күзетсеңіз,
Елімнің уайымы жоқ болады.
Халифадай ғұламадан үлгі алсаңыз,
Басыңызға батпандай бақ қонады.
Қажы болған ол-дағы жаман емес,
Қорқатының жалғыз-ақ хақ болады.
Молда болған ол-дағы үлкен сауап,
Аңқау елде тамағың тоқ болады.
ҚазМУ-да ғалым болсаң тіпті жақсы,
Құрығанда көйлегің көк болады.
Айып па алты жерден айлық алсаң,
Қонышыңнан баса алсаң дөп болады.
Қазағым «бейнет түбі – зейнет» деген,
Қартайғанда пенсияң көп болады.

Шамданбаңыз, әзілмен шымшып та алсам,
Қадалып қаларым бар бір сұқтансам.
Өзіңізге жұп болып шыққаннан соң,
Жүндей иір ініңді ұршық болсаң.
Әрине, артық кетсем кешірерсіз,
Жарамас жақсы өлеңді іркіп қалсам.
Бесті тістер құнан да ауырмайды,
Жарасар ұрсып та алсаң, сілкіп те алсаң.
Елмен бірге сүйініп отырармын,
Бұлтты жарып, биік ұш бүркіт болсаң.

Хақ жолын жаратқанның сүйіп жүрмін,
Мұхажан, пенделіктен биік жүргін.
Өткенде Орал барып театрда,
Шариғат жайында бір жиын қылдың.
Астанада МузАкадемияда,
Зікір салған жастарға тыйым қылдың.
Игілікті іс қылып ел аралап,
Әрине, жалпақ елді сүйіндірдің.
Бірақ та Қожа Ахмет бабамыздың,
Жолын жоққа шығарып қиын қылдың.
Оның дұрыс ел аруаққа табынбасын,
Баршаны бір Аллаға сыйындырғын.
Сенен де артық білетін діндарлар бар,
Неге сонша асығыс түйін қылдың?
Дәл сондай сен шалағай шешімдермен,
Мұхаметжан біздерді күйіндірдің.

Шариғаттың шығармай шып-шырғасын,
Демейсің азаматтар тік тұрмасын.
Дінтанушы көбейіп ел ішінде,
Молдалық пен мамандықты жұп қылғасын.
Исламды танытпақ боп тапырақтап,
Баспаңдар әтеш айқай, қытқылға шын.
Әркім өз беттерінше әңгіме айтып,
Ұлтымның уақытын ұттырмасын.
Қазақты қай ұшпаққа шығарады,
Сәлдемен сәндегендер сырт тұлғасын?
Исламды қырық түрлі уағыздап,
Қатырып қойдыңдар ғой жұрттың басын.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз