Мұхамеджан мен Дәулеткерей айтысы (4-бөлім)
Мұхамеджан Тазабеков, Дәулеткерей Кәпұлы · 3 мин оқу
Мұхамеджан:
Құмарсың неге сонша кекесінге,
Кекесінмен мақсатқа жетесің бе?
«Мұсылман мұсылманды сүйсін» деген,
Пайғамбар уағыз айтып Меккесінде.
Ал сен болсаң, алқымнан аласың-ау,
Тап берген інісіндей көкесіне.
Құдайдың сүйген құлы жалғыз сен бе,
Жұлдызы жанып туған шекесінде?!
Дәулеткерей, болмасын арыңда мін,
Ақиқат па еді сенің сағынғаның?
Алты жерден айлықты аласың деп,
Жөн болмады-ау, мұсылман, тарылғаның,
Отырсың аруақпен айтыстырып,
Бар деп бүгін айтамын оныңда мін.
Яссауиге мен қарсы шыққамын жоқ,
Жалғыз Алла болған соң табынғаным.
Яссауи де пенде ғой, оны қайдам,
Мен өзім бір құдайдың жолындамын.
Дәулеткерей, тұлғалы төр шығарсың,
Айтысқанда әркезде алқынарсың.
Біз мешітте дауласып тұрған жоқпыз,
Реті келген кезде сөз қыларсың.
Түсініксіз халыққа жайларды айтып,
Елдің басын қатырған сен шығарсың.
Қадірін құранның да білген жанмын,
Иманмен бекітемін іргемді әр күн.
«Халифа Алтай» қорында жұмыс қылсам,
Құдайдан сауап іздеп жүрген жанмын.
Ел жұртына жақсы ісін ер арнайды,
Ал оған Дәулеткерей арандайды.
Ішімде не жатқанын білгендей-ақ,
Сыртымнан тон пішкендей табандайды.
Елге қылған қызметімді көре алмастан,
Сөз қылады жақсы мен жаман жайлы.
Құдайдың беріп тұрған несібесін,
Құдайдан күдер үзген көре алмайды.
Дәулеткерей шариғатқа шабан екен,
Өзінің нәпсісіне адал екен.
Жақсылықты іздеудің орынына
Кемшілік іздейтіні жаман екен.
Дін үшін болған кеше Абай құрбан,
Екті елдің жүрегіне талай жыр ән.
Шариғатқа қызмет қылсам, оны айтасың,
Ел деген ердің бәрі солай болған.
Даналар – даламыздың кемесі еді,
Ел жұрттың еріп жүрген ересегі.
«Алланың өзі, сөзі рас деген»,
Ұлы Абай ұлы сенім егесі еді.
Дінді егер діңгегім деп білмесе,
Қара сөз жазып қайғы жемес еді.
Шәкәрім де құдай үшін құрбан болып,
Артта қалған кітап боп берешегі.
Исламға таң қалған Толстоймен,
Сан мәрте хат жазып ол кеңеседі.
Иншалласыз жұмысты бастамаған,
Әлкей Марғұлан ғалымның төресі еді.
Кремльде Жәкең де намаз оқып,
Ысқырған Сталинмен егеседі.
Жұма намаз оқыған Қонаев та,
Дін дегенде езілген емешегі.
«Дін- ғылымның атасы» - деп жырлаған,
Мұқағали ақылсыз емес еді.
Солардың да барлығын толғандырған ,
Соңындағы ұрпақтың келешегі.
Тарихтан алар болсақ тағылымды,
Қашанда Құдай деген ел өседі.
Ата діннен ақиқат тапсақ ғана,
Өзге жұртпен терезең теңеседі.
Құдайдың жолыменен жүрсе ғана,
Халықтың айдарынан жел еседі.
Барлығын көрсетіп тұр тарих тарлан,
Қазақтар Құдай деген халық болған.
Иманы күшті кезде ер бабалар,
Осынау ен даланы алып қалған.
Өйткені, иман барда ынтымақ бар,
Екені тәжірибеде анықталған.
Иманы әлсіз кезде талай жерлер,
Ресей мен өзбекте қалып қалған.
Берекесін беретін Алла ғана,
Байлығың болғанменен ағып-тамған.
Алланың әміріне қарсы шықпа,
Жақсылық күтер болсаң жарық таңнан.
Дәулеткерей:
Демегін мынаны айттың, ананы айттың,
Онан да салиқалы сананы айтқын.
Басқа жерде әңгіме қылсақ демей,
Тұп-тура ел бетіне қарап айтқын.
Ақыннан алапат жыр өлең күткен,
Демеймін Мұхамеджан сенен мықты ем.
Не айтсам да елімді сақтандыру,
Көсемсуге шамам жоқ тереңдіктен.
Дін діліңнің діңгегі деген барда,
Көсіліп айтып тұрмын көлем қып мен.
Діндарларды қаралауға келген жоқпын,
Биіктен табылармын сенен күткен.
Молданың көбейгені тағы жаман,
Шеріңізді кетпеспін шемен қып мен.
Мұхаметжан, өз әліңше түсінерсің,
Айтамын осы жайды елең қып мен.
Осылайша ақиқатты айтып тұрмын,
Ел іші тыныш болсын дегендіктен.