Мұхамеджан мен Дәулеткерей айтысы (5-бөлім)
Мұхамеджан Тазабеков, Дәулеткерей Кәпұлы · 2 мин оқу
Қырансың қия көкке самғайтұғын,
Көсілсең көрерменге балдай тілің.
Әрине иманың кемел сен ақынсың,
Қадірлі әрбір сөзің нандай тілім.
Мұсылманды мұсылман сыйламас деп,
Айтып тұрсың күнәнің қандай түрін.
Діндар болсаң білер ең тірі адамнан,
Ақыреттің жауабын алмайтынын.
Ағаны өзіңіздей сыйлаған ек,
Жақсы әдетін үлгі қып жинаған ек.
Әрине екеумізде фил-факта оқып,
Өлеңнің боз тайлағын бұйдалап ек.
Әр жүректің иманы Аллаға аян,
Ешкімді жамандыққа қимаған ек.
Ұлтқа перзент боп жатсаң разымын,
Ұялаған жүрегіне иман әдеп.
Он күнәнің тоғызы тілден бірақ,
Сондықтан да қаларсың қинала кеп.
Әйтпесе, Мұхамеджан, қой демеймін,
Дорба асынып кетсең де, диуана боп.
Өрелі ойды түсіну елге міндет,
Жасын боп жалындаған жөргегінде от.
Шариғатқа шамамша сауатым бар,
Сенен артық өмірді көргенім жоқ.
Астанадан келген соң сағынышпен,
ҚазМУ-дай қыламын ғой төрге құрмет.
Осып-осып осылай айтпағанда,
Сақалыңды санауға келгенім жоқ.
Мұхаметжан, ақынсың мұратқа бай,
Жырларың елге шашсын шуақты арай.
Мен сені көре алмаған жан емеспін,
Тәңірден төрелікке тұрақтамай.
Абайды айттың және айттың Шәкерімді,
Ағады деп асқардан бұлақ қалай.
Алланы өз бетіңше танығанмен,
Болмайды күн бетінде шуақтамай.
Бірақ та кешегі өткен бабаларды,
Сен сияқты есіркемес бірақ та Абай.
Пешенелі пендеге сүйікті Алла-ай,
Жақсылық ұсынушы жиып барлай.
Қазыналы айналдым қарттарымнан,
Шыңдары мәртебелі биік таудай.
Ақ жаулықты айналдым әжелерден,
Әлдилері әлемді ұйытқандай.
Қыздарымнан айналдым жүрегі пәк,
Қарамас қасы-көзі қиықтанбай.
Жігіттерден айналдым жүрегі ұшқын,
Сүре алмайтын өмірді сүйіп қалмай.
Ал енді, Мұхаметжан сенде бүгін,
Тарта бер салмақтардан иық алмай.
Алматым алға бассын абыройың,
Тағдырың тар кезеңге тұйықталмай.
Төрт аяғын тең бассын Қазақстан,
Ит басты, сиыр аяқ сияқтанбай.
Мұхамеджан:
Сөз айтып Дәулеткерей төрлеткендей,
Біраз уақыт жеке шауып желдеткендей.
Шіркін-ай қандай ғажап болар еді,
Мұсылмандар сөйлесе бөлшектенбей.
Дәулет-ау сақтанғаның сонда мен бе?
Бауырдың аяғына дән сепкендей.
Құдай деп құрақ ұшқан халыққа әкеп,
Өз ұлын өгей қылып көрсеткендей.
Жарқырап отыр бүгін жанардайын,
Көңіліңді бүгін сенің сан аулайын.
Ал, бауырым ондай болса тыңдай отыр,
Кімнен сақтану керектігін баяндайын.
Сақтанған салт-дәстүрлер құтың боп бір,
Әлемдік стандартқа бүкір кеп тұр.
Ғаламдассақ екен деп бүкіл ғалам,
Бұл ғасырдың жемсауы бүлкілдеп тұр.
Қаруына қарсы елді қарауылға ап,
Мылтығының ауызы түтіндеп тұр.
Террорды айтып сылтауға сынық іздеп,
Америка алыстан дікілдеп тұр.
Қаз-қаз басып жаңадан қалыптасқан,
Қазақстанның жүрегі үлпілдеп тұр.
Ертеңін Алла білер, ал бүгінде,
Әр жұтқан ауасына шүкір деп тұр.
АҚШ-тың да азуы қайралғандай,
Әлемді тізгіндеуге сайланғандай.
КСРО-ны күйретіп тынғаннан соң,
Орта Азияны ойрандауды ойға алғандай.
Көршілерге көп ұзамай аяқ салды,
Қырғыз бен Өзбек жерін пайға алғандай.
Иеленіп Құлан, Шымкент әуежайын,
Керегін ап көңілі жайланғандай.
Керегін алғаннан соң кетсе жақсы,
Аюдай ашығып кеп тойған балға-ай.
АҚШ бірақ еркімен кеткен емес,
Кедейдің қыстауына бай қонғандай.
Батпандап АҚШ әбден кіргеннен соң,
Мысқалдап шығар дертке айналғандай.