Шынболат пен Қонысбай айтысы (4-бөлім)
Шынболат Ділдебаев, Қонысбай Әбілов · 2 мин оқу
Жалғыз ғана мен емес,
Көрді-ау бәрі мұныңды.
Дос жылатып айтады,
Жасырмайды мініңді.
Тым қаттырақ кетті деп,
Кінәлама ініңді.
Үлкенге берген жәбірің,
Көзге бірден ілінді.
Әуре болма қорқытып,
Жер астына қамалған
Шақырам деп жыныңды.
Жалғыз ғана мен емес,
Бәрі де мұны байқады.
Жігітім қапы кетті-ау деп,
Көбісі басын шайқады.
Дос көңілі қашанда,
Бір ауыз сөзден қайтады.
Есте сақта, ағасы,
Сөз емес сөзді қашанда,
Кісі емес кісі айтады.
Шынболат:
Қазақ қазақ болғалы,
Дәл осындай шат заман,
Белгісіз қашан болғаны.
Ғасырлап күткен халқымның,
Ежелден бергі арманы.
Еліме мықтап орнады,
Ырысы тасып елімнің,
Миллиард болды орғаны.
Қой үстіне бозторғай,
Жұмыртқалап қонғаны.
Үй тұрмысы тамаша,
Алматыдан саңқылдап,
Теледидар сайрап тұр,
Басып қалсаң болғаны.
Екінің бірі мініп жүр,
Жигули деген жорғаны.
Берлиндегі ұлыңмен,
Үйде отырып сөйлесу,
Сөз болып па сол-дағы.
Полюске барып гүл егу,
Ғарышқа барып су себу,
Іс болып алды қолдағы.
Міне, осындай заманды,
Ортанқол ақын жырламай,
Жамбыл кеп жырлап бере ме,
Айтпасыма болмады.
Айтысқа түскен ақындар,
Өз бойынан аспай жүр,
Қысқа боп ойы, болжауы.
Елді ойлаған ақынның,
Осылай болар толғауы.
Жыр жазған емес, кен қазған,
Көп кеншінің бірімін.
Дүбірлі топқа түскен соң,
Сөйлейін сөзін ірінің.
Сен еліңді жырласаң,
Сен Торғайды жырласаң,
Мен де елімді жырлайын,
Жеткенінше тілімнің.
Әріп теріп, сөз санап,
Газет жазған ақынсың,
Біздерден артық білімің.
Әй-әй деп басты шайқаумен,
Өз обалың өзіңе,
Жұлынып кетсе жұлының.
Ақын болсаң қанекей,
Осылай етіп жырлап көр,
Қалғанын саған берейін,
Қонысбай, қалқам, құлыным.
Қонысбай:
Біледі ғой Қонысбай,
Өзінің басын қорғауды.
Қайдан ғана үйрендің,
Аға, мұндай қорлауды.
Толға десең толғайын,
Ал, қане, аға, тыңдап көр,
Соңғы мынау толғауды.
Жырдан шашу жұртыңа,
Шаша алғанға не жетсін.
Қатты айғайға мұндайда,
Баса алғанға не жетсін.
Талантыңның бар гүлін,
Аша алғанға не жетсін.
Қолдан бермей намысты,
Қасарғанға не жетсін.
Қуаныштан шаттанып,
Жасарғанға не жетсін.
Сахнада айтысып,
Қоштасарда көздерге,
Жас алғанға не жетсін.
Бәйгелерге қаймықпай,
Кіре алғанға не жетсін.
Ақкөңілмен шаттанып,
Күле алғанға не жетсін.
Қатарыңмен жарқылдап,
Жүре алғанға не жетсін.
Қарсы келмей үлкенге,
Тіл алғанға не жетсін.
Бір-біріңнің қадірін,
Біле алғанға не жетсін.
Мына тұтам тірлікте,
Өміріңді өкінбей
Сүре алғанға не жетсін!
Жырымызды маздатып,
Намыс отын құйғанбыз.
Қысылғанда тарының,
Қауызына сыйғанбыз.
Әрбір сөзді орнымен,
Қыз жүгіндей жиғанбыз.
Талай түнгі ұйқыны,
Ұйқас үшін қиғанбыз.
Халық деген ананың,
Бетіндегі иманбыз.
Жүз шайысып қайтеміз,
Мына тұтам тірлікке,
Азғана күн мейманбыз.
Жыр тұлпарын ерттедік,
Аққу мойнын игізіп.
Кірдік талай бәйгеге,
Жал-құйрығын түйгізіп.
Сенім артып ел қалды,
Оқалы шапан кигізіп.
Мағыналы қанша сөз айттық,
Шумаққа жалғыз сыйғызып.
Бауыр боп қалғай екеуміз,
Төске төсті тигізіп.
Құшаққа алып ініңді,
Тарасаңыз қайтеді,
Бетіңізден сүйгізіп.
1991 жыл.