Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мұхамбетқали мен Әселхан айтысы (2-бөлім)

Мұхамбетқали Сейітқазинов, Әселхан Қалыбекова · 2 мин оқу

Жете алмай Шаянға мен жолда қалдым,
Айтысқа келемін деп сорға қалдым.
«Әке» – деп атап жүріп біреулерді,
Ол жерде бір қонуға зорға қалдым.

Айтыста Әсел апам Сара екен ғой,
Жолдары жүріп өткен дара екен ғой.
Өткенде астанада кінә айтып ең,
Ондай жан сіздерде де бар екен ғой.

Сөйлеген жиен болып өтімденіп,
Қайтпаған айтыстардан бетім келіп.
Далаға шығып қала жаздадым мен,
Әсеке, Тәушен апам секілденіп.

Әселхан:

Түсіпсің Мұқашжан-ау, сен сарсаңға,
Болады ондай-ондай кесел таңда.
Жүрсінді Алматыдан іздегенше,
Хабарды бермейсің бе, Әселханға?

Бұл жерде талайлардың бағы ашылды,
Сыйласың жамандама анашыңды.
Қондырып алақанға алар едік,
Ертерек танып жүрсең нағашыңды.

Шыңдарын Қаратаудың ән қылған жер,
Қойнауын құтты қоныс мал қылған жер.
Алыстан жолаушылап іздеп келіп,
Арқасын арғымақтың талдырған жер.
Жеті отау, Ақмешіті тарих дастан,
Есінен дұшпандарын тандырған жер.
Қостұра қатар шапқан қос батырдай,
Қынадай Қызылбасты қан қылған жер.
Ат іздеп, тон даулаған кесір жаудың,
Қу басын қу далада қалдырған жер.
Қар жауған қабағынан батырлардың,
Найзасын ата жауға малдырған жер.
Ақ үйде сары қымыз сапырулы,
Сімірсең мейіріңді қандырған жер.
Өсіріп қойдай қозы, нардай бота,
Лаулатып үмітіңді жандырған жер.
Өтсе де қанша ғасыр көнермейді,
Тай шауып, бұлақ күлген балдырған жер.
Көзінің қарасындай сылап, сипап,
Бабалар ұрпағы үшін қам қылған жер.
Той беріп Орынбайдай ақынына,
Жегенін жая менен жал қылған жер.
Есігі сегіз пейіш ашылғандай,
Мейманын тамсандырып, таң қылған жер.

Мұхамбетқали:

Жүйріктер талай шауып болдырған жер,
Көңілге талай жырды қондырған жер.
Онан соң ақындарды қонақ үйде,
Түні бойы дірдектетіп тоңдырған жер.

Демеймін жыр маржанын тере алмадым,
Демеймін жүйріктерге ере алмадым.
Әсеке, мен өзіңді Орынбайдың,
Ескерткіші ашылғанда көре алмадым.

Айтқан бұл әзіліңді құптадың ба,
Білемін жиеніңнен ықпадың ба.
«Синоптик» – мамандығы» деп естіп ем,
Біліп ап, ауа райын шықпадың ба?

Ұлытаудың биігінен құлжа көрем,
Орысқа жаны ашып ырза деген.
Қазақтың жерін кесіп-пішіп жатыр,
Сәуегей Солженицин мырза деген.

Бұл сөзі тиіп елдің қытығына,
Су ішкен түкірді деп құдығына.
Тып-тыныш жатқан бейбіт талай елдің,
У сеуіп кетті-ау сөзі ұғымына.

Ол мырза біздің жақты білмей ме екен?
Жоқ әлде жатып алып күндей ме екен?
Құрметті жазушысы бар халықтың,
Дәл солай қоламтасын үрлей ме екен?

Айналдым, Қазақстан, өскен елден,
Депутат білгір шықты Өскеменнен.
Шаруасы болмас деймін бізде олардың,
Тайлағын қайтып алсын көшке берген.

Қыранның жел саулайды қанатынан,
Сөздердің айналдым мен болатынан.
Жиенің ептеп біраз әзілдеді,
Апатай, сөйле енді ел атынан.

Әселхан:

Жырменен қыздырайық рәсімді,
Жиенжан, көкке серме құлашыңды.
Ол да бір мына менің мінезім ғой,
Жарқырап міне, бүгін күн ашылды.
Жайылып жалпақ елге сөзім кетті,
Талайлар домбырасын безілдетті.
Торғайдай тоңғанды айтып не қыласың,
Қыран боп қия шалар кезің жетті.

Жалғағам сол жерде де бұл әнімді,
Саласың бармадың деп ылаңыңды.
Өзіңнен бір күн бұрын өзім барып,
Басына оқып кеткем Құранымды.

Мұндайды істемейді ұяттылар,
Көбейді қиындықтар құлақ тұнар.
Өзі ішкен құдығына түкіретін,
Депутат Васильева сияқтылар.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз