Әбдікерім мен Әселхан айтысы (2-бөлім)
Әбдікерім Манапов, Әселхан Қалыбекова · 3 мин оқу
Мұртыңыз әдемі екен қиған мықты,
Өлеңің толық емес, сидаң шықты.
Көз салып әулиенің теңгесіне,
Бұл жоба қандай өзі мидан шықты.
Едім деп түбім қожа есің кетіп,
Қолайлап жүрсің бе әлде имамдықты?
Әбдікерім:
Қанша жерден қожа едің дегенменен,
Кезім жоқ биігімнен төмендеген.
Имамдықтан әл әзір дәметпеймін,
Үгітімді жүргіземін өлеңменен.
Қиғаш мұртым назарыңнан тыс қалмады,
Әзілмен әдіптедің шеберлеген.
Мұрттай ұшып, ауырсам дәл осыдан,
Көз тиді деп Әселхан сенен көрем.
Дәметпей-ақ қоя ғой Ұлықбектен,
«Ұсталықты» туды деп пе ең біліп көктен.
Жиырма жыл Ясауиді жөндеп бітпей,
Талайлар артын ашып, күліп кеткен.
Ауғанмен әр нәрсеге аңсарымыз,
Бітпейді екеуміздің дау-шарамыз.
Бабалар салып кеткен ғимаратты,
Жөндеуге жетпей жатыр қауқарымыз.
Шығарма кемшілікті өзің де естен,
Азаматқа аманаттай елім дескен.
Қасқайып тұр аты ауыспай ауданыңда,
Екі бірдей елді мекен Темір дескен.
Түсірмей ұлыларды нала күйге,
Біреуін бермейсің бе Фарабиге.
Майлықожа, Ергөбекке жараспас па?
Танылған Алашыма дара күйде.
Тақиясына кімдердің тар келеді,
Көнуі қиын бірақ қазақ иге.
Әселхан:
Безді ғой бұл Әбекең Ұлықбектен,
Заман ғой жақсылардан ырық кеткен.
Кім екен ол шіркінді бастық қылып,
Жаманның қалпағындай іліп кеткен.
Деп едім әріптес деп үкілейін.
Қорықпа ұшамын деп үкідейін,
Кетпесе тілім өтіп, көзім өтпес,
Дегенмен саудаңызды бітірейін.
Ауылға келмейді ғой кесел түзден,
Тәуір сөз күтіп отыр осы ел бізден.
Обцеводты Фараби атаймыз деп,
Келеміз үміт етіп әсерлі ізбен.
Темірге ұлылырдың атын бер деп,
Қойшыдаймыз отарын кеш өргізген.
Қолында билігі бар шенеуніктер,
Бұл жайды сұрар ма екен екеумізден.
Осы ма менен кінә тапқан жерің,
Ақын деп Әбдікерім мақтанды елің.
Су шығарған моторың от шығарып,
Өртенді жеті жарым гектар жерің.
Орнына мұны қалай келтіресің,
Осыған жауап берші ақтангерім..
Әбдікерім:
Досым-ең арқа сүйер жар секілді,
Қосалқы бір өнерің бар секілді.
Жеңгенің түкірігі қайын үшін,
Алуа, шекер менен бал секілді.
Түкіретін қожа, молда аз болып па,
Не қыласың әуре боп шал секілді.
Түспеспін төңкеріліп ауаныңа,
Қарасаңшы обал мен сауабына.
Су шығарар моторым от шығарса,
Құдайдың берген ол да зауалы да.
Ақынсың інжу-маржан өлең терер,
Үлгіні алдымен жұрт сенен көрер.
Көгертсең көк шыбықты қайда қалдың,
Аулыңда бір тал да жоқ көлеңкелер.
Ел үшін жоқ болса да аянарың,
Өзіңді қу бейнеттен аямадың.
Үш сағат автобуста селкілдейсің,
Шымқаланың сағынғанда саябағын.
Аттың басын ағытқын ірке бермей,
Қайныңның қалжыңынан үрке бермей.
Жетістік те жетеді, кемістік те,
Бәрі жақсы дегенге кім сенердей.
Басшыларың бір «икарус» әпермей ме,
Ауыздарын қу шөппен сүрте бермей.
Әселхан:
Шымкентке келесің деп көлеңкелеп,
Қайнымыз кеткен жоқ па көп еркелеп.
Талды да аз екпейміз жеріміз сор,
Сол сорды шаятұғын шебер керек.
Сол сордан мал да тапқан, бақ та тапқан,
Ұлыспыз ұлық Алла берер көмек.
Ұстазы Ясауидің Арыстанбаб,
Атағы кеткен оның алыс самғап.
Мен саған ұстаз емес әріптеспін,
Ойың жоқ мына менен қарыс қалмақ.
Ел-жұртқа сырымызды жайып жатыр,
Өлең боп екеумізге жабысқан бақ.
Жиналдық облыстың сарайына,
Көрермен толып кетті маңайына.
Шалынсын періштенің құлағына
Мінерміз икарустың талайына,
Тыңдаған пәлен сағат тапжылмастан,
Рақмет, қошеметшіл ағайынға.
Манаптың баласы едік қос құлындай,
Өлеңмен өнер қудық бос қыдырмай.
Біріміз бірімізге сүйеу болдық,
Өрілген арқадағы қос бұрымдай.
Жастарға сыйластықты біз тілейік,
Әселхан, Әбдікәрім достығындай.
1990 жыл.