Әбдікерім мен Әселхан айтысы (1-бөлім)
Әбдікерім Манапов, Әселхан Қалыбекова · 2 мин оқу
Әбдікерім:
Мерекең құтты болсын арқалы елім,
Өзіңе сағынышымды сарқа келдім.
Оралып Түркістанға тайқазаным,
Алдыңа сый табақты тарта келдім.
Қызылқұм қатар қонған қапталдасың,
Отырар Шәміл-Дүр боп сақталғасың.
Фараби, Қайырхан боп тарихқа еніп,
Шәмшінің әні болып жатталғасың.
Армысың, Әселханжан кемел досым,
Бастаған ақтаңкер ең өлең көшін.
Айтысқа бірге шыққан әріптесім,
Белгілі қызыл тілге бөгелмесің.
«Халықтың ақыны» деп берді атақ,
Еңбегің ел алдында еленгесін.
Оңалбектей жиенің Еңбек Ері,
Нағашыдан қалай жиен төмендесін.
Ақынсың ұшқыр ойлы мол талабы,
Ұлыдан ұлағатты жол қалады.
Екеуің де атағың құтты болсын,
Осы енді Арыстанбаб қолдағаны.
Ақындар шабытты жыр, толғасын ән,
Табылып осы тойда төр қасынан.
Текті елдің тұяғы ем деп келіп тұрмын,
Түркістан түмен бабтың ордасынан.
Әселхан:
Әбеке, амандассаң амандастым,
Әріптес сенен артық таба алмаспын.
Айтыста бірге шапқан үзеңгелес,
Адалы өзің едің замандастың.
От алып отыз баптан шығып едім,
Түркістан түмен баптан қадам бастың.
Ақыны болғаннан соң Қызылқұмның,
Шетінен ағытайын ұзын сырдың.
Нағашылы жиен боп атақ алдық,
Рақмет, дәл өзіңдей ұғынсын кім.
Оңалбек Бекалиев еңбек ері,
Қорасы қойға толып өрген еді.
Қадады алтын жұлдыз кеудесіне,
Шопанның еңбегіне сенген елі.
Халық ақыны деген үлкен атақ беріп,
Шығарды мынау айтыс төрге мені.
Мұхамметқасым Шәкеновтей басшымыз бар,
Өнерді сүйіп көңіл бөлген еді.
Қызығын ақынның да, батырдың да,
Тілектес осы отырған ел көреді.
Келгені құтты болсын Тайқазанның,
Көрмедік бұл тағдырдың қай мазағын.
Ағамыз Өзбекәлі іздемесе,
Жүр дейсің қазанды ойлап қай қазағың.
Кезінде айтыскерлер жоқтағанбыз,
Түбіне Ясауидің тоқтағанбыз.
Киелі Тайқазанның оралуын,
Үкіметке сауал беріп қостағанбыз.
Осылай айтатын бар ретіміз,
Жеңіспен біткен сынды күресіміз.
Рухы халқымыздың көтерілсе,
Тырнақтай біздің де бар үлесіміз.
Исламның нәр алғансыз бұлағынан,
Пендеде аз болмайды сірә күнәң.
Күнәңнан арылатын ойың бар ма?
Тәу етіп Тайқазанның құлағынан.
Әбдікерім:
Кім таласар ақындар рөліне,
Саңлау тапқан сан мыңның жүрегіне.
Үкімет те ден қойды ел уәжіне,
Шайырлардың құлақ асып тілегіне.
Тайқазанмен ырыс, бақ қоса оралды,
Шырай кіріп ел-жұрттың реңіне.
Ақындар – жаңалықтың құлағдары.
Түркістаным – исі Алаш,Тұран бағы.
Тайқазан тұғырына қонды ақыры,
Қайтарылса ғанибет Шырағданы.
Әсеке, қайда бізге оң қабағың,
Қиын болды жоқ күнәні болжағаның.
Басқаның бәрі боп па ашық ауыз,
Қожа ғана біле ме олжа жағын.
Арыстанбаб ақшасын бөліске сап,
Таласып жатқан жоқ па молдаларың.
Жел құздың мазағы боп Отырарың,
Қашан жөнге саласың қолда барын.
Осы ма қасиетті мекеніңнің,
Мұң-зарын ақыны боп толғағаның.
Әселхан:
Әбекең әңгіме айтты асқаралы,
Түзелер бұл айтыстың қас қабағы.
Оймақтай бір сынығын Отырардың,
Жел құзға отырғам жоқ тастағалы.
Қазады археологтар жалаңаштап,
Жабатын болмаған соң басқа амалы.
Сенде тұр бір мекеме қарайласса,
Төкеев Ұлықбегің басқарады.
Бір мезгіл көмегіңді бермеймісің,
Қолыңды әлде кері сермеймісің.
Таласқан Арыстанбаб ақшасына,
Болмаса қожа-молда мен деймісің.