Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қонысбай мен Шорабек айтысы

Қонысбай Әбілов, Шорабек Айдаров · 3 мин оқу

Қонысбай:

Қазағым кеңге жайып керегеңді,
Теңедің өзге елдермен терезеңді.
Мереке құтты болсын, бір жыл толды,
Ел болып атанғаның егеменді.

Ақының айтыс десе тоқталмаған,
Орынсыз сөз айтуға оқталмаған.
Арманы қазағымның орындалып,
Ғарышты кезіп жүр ғой Тоқтар балаң.

Жайды ғой бар әлемге қазақ атын,
Жазсын жыршы бар болса жаза алатын.
Құдайым дос-дұшпанға таба қылмай,
Аман-сау оралса екен азаматым.

Қайтемін алды-артымды орап өтсе,
Байсалды ойда жоқта бола кетпе.
Халқым-ау, рұқсат ет, Шорабекпен,
Айтысып көрейінші Шорабекше.

Шорабек тұрмас жүйрік алға шаппай,
Сөздерің тақ-тұқ еткен балға-шоттай.
Айтысқа алыс жерден келіп тұрмын,
Оралған отпускіден Горбачевтай.

Ел бар ма біздің осы халайықтай,
Енді үнсіз ел алдында қалайық па-ай.
Бетіме неге тура қарамайсың,
Бүлдірген бір нәрсені Янаевтай.

Шаштарың кетіпті ғой шуда құсап,
Жаяды екі жақсы құда құшақ.
Жеңілсең жазым болып кетіп жүрме,
Өзіне қол жұмсаған Пуга құсап.

Айтайын әзілімді аздан деймін,
Тізбектеп жоқты-барды қазбан деймін.
Шорабек ақынмын деп көп мақтанба,
Өлеңді Лукьянов та жазған деймін.

Демеймін мен өзіңді менсінбеймін,
Тұсыма Шорабекжан келсін деймін.
Қарсы тұр, сен де бүгін Қонысбайға,
Ақ үйін қорғап қалған Ельциндейін.

Ақындық ата салты – жол екен де,
Арнадым біраз сөзді Шорекеме.
Отырсың оқ жыландай бағып мені,
Не айтасың енді мына Қонекеңе?

Шорабек:

Армысың, ел тағдырын ұққан құрдас,
Айтыста талайларды құртқан құрдас.
Ақындар айбарынан ыққан құрдас,
Аузынан аппақ маржан жыр төгіліп,
Қарыны қара өлеңмен шыққан құрдас.

Сөзіңді әуеніңмен күштедің бе,
Оғаш қылық сен енді істедім де.
Горбачевтай демалып, сен келіпсің,
Тұтқынға, бірақ, айтшы, түспедің бе?

Ұнайды маңғазсынып отырысың,
Өзіңнен талай ақын шошыды шын.
Айнытпай салдың менің айтқанымды,
Сен өзің ақынбысың, тотымысың?

Қонысбай, осы айтыста жүз шайдық па,
Барайық қол ұстасып ізгі айтысқа.
Шынболат, Есенқұлдар айтып кетіп,
Проблема жетпей қалды-ау, біз байқұсқа.

Өмірімнің өзегі – өткір өлең,
Өткір өлең айтқанымды текті дер ем.
Арандай ауызыңды ашып, айқай салып,
Айға да азуыңды көп білеп ең.
Атағың жетіп жатыр бұл күндері –
Ақынсың үкіңменен көк тіреген!

Ақындар айтар сөзін іріктесін,
Абайсыз аттың басын ірікпесін.
Түрленген түлкідейін Қонысбайдың,
Шығарып жіберейін сілікпесін!

Қонысбай:

Сөзімнің қайтарам деп қарымтасын,
Тұлпары шабытымның шарықтасын.
Қайтарып берейінші әуеніңді,
Өзімнің «әй-әйімнен» жарылқасын.

Қым-қиғаш бүгін таңда заман деймін,
Ортақ қой саған деймін, маған деймін.
Қонысбай алыс жерде демалғанмен,
Әзірше қамалудан аман деймін.

Баса алмай мен келемін арынымды,
Көрген жұрт тани алар дарынымды.
Шорабек ел алдында ұялмастан,
Әңгіме қылдың, тіпті, қарынымды.

Заманның болғанменен тапшылығы,
Туып тұр қазағымның жақсы күні.
Томпиып ел алдында мен отырсам,
Бұл да бір күтімімнің жақсылығы.

Өтеуді азаматтық парыз деген,
Қайтарар ел алдында қарыз дер ем.
Жарыған жаутаңдамай уызына,
Мен өзім тойған қозы тәріздімін.

Ақынсың жан сырыңды жиі ақтарар,
Бүгінде сырласпасақ ұят болар.
Пошымын Шорабектің көрген кезде,
Аштықтан, аштар келген сияқтанар.

Сөздері Қонысбайдың оқ секілді,
Сен ғана аш, басқалары тоқ секілді.
Шорабек орынынан түрегелсе,
Апырмай, асқазаны жоқ секілді.

Шорабек:

Қонысбай, абыройың арта тұрад,
Алғандай желпінесің жарты оклад.
Қонысбай, қалай-қалай сайрап тұрсың,
Сен бұрын ақын едің партократ.

Әзілге бұл Қонысбай жарытпады,
Шөкеңнің әзіл еді зарыққаны.
Өзіңдей партократты семіртем деп,
Халқым да өзім құсап арықтады.

Ел десе ерде болар қандай тыным,
Ұрпақты ұрпақ білем жалғайтынын.
Қонысбай, шыныменен білмейсің бе,
Арам ет арғымақта болмайтынын.

Ұқсайсың мына мені басынғанға,
Шорабек басынан сөз асырған ба?
Таз деп мені сүмірейтіп қойдың жаңа,
Қонысбай, бөліп берер шашың бар ма?

Қонысбай:

Жүрегім елім десем егіледі,
Елді ойлап санам саққа бөлінеді.
Қазақтың жақсылары аман болсын,
Қайғысыз қара суға семіреді.

Созылса көп сөз мылжың болады анық,
Тұрайық орнымыздан қол алалық.
Келесі тойда халқым кездескенше,
Осымен сөз сайысын доғаралық.

Шорабек:

О-о-оо-у, Қонысбай,
Менімен айтысуға жарамайсың,
Тек ғана жүрегімді жаралайсың.
Жаңағы өзің айтқан Горбачевтай,
Халықтың қарсылығына қарамайсың!

1991 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз