Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Серік пен Қуаныш айтысы (2-бөлім)

Серік Құсанбаев, Қуаныш Мақсұтов · 2 мин оқу

Бұл сөзге сенбес пе едің, сенер ме едің?
Жайым жоқ мазағына көнер менің.
Ұмытып аштық жылын тойынғандар,
Желкеңнен шықсын бізден жегендерің.

Асылым, ана тілім, келешегім,
Тағдырың мұндай болды неге сенің?
Асымды ішіп, аяғымды теппесе егер,
Ашынып мен де бұлай демес едім.

Ел едік терең ойлап, толғанатын,
Қырандай қияларда қомданатын.
Кетпейін ақылгөйсіп алдарыңда,
Ағайын, кез келді ғой қолға алатын.

Қуаныш:

Бұл Серік отты сөзден бұқпай тұр ғой,
Күрескер қасиеті елге жұқпай тұр ғой.
Мектепті ашам дейсің, сол нәрседен,
Білесің бе, ештеңе шықпай тұр ғой.

Жайқалып жайың барда жаз боласың,
Мамырлап пайда барда қаз боласың.
Бір класты зорға ашып, бір қаладан,
Қазағым, несіне сен мәз боласың?

Қонақжай деп әуенге басар едім,
Қонаққа бәрін салып тасар едім.
Бір ауылда бес-ақ қазақ қалған болса,
Мектепті қай бетіңмен ашар едің?

Ақындар, бәрін айтқан зерек деймін,
Сондықтан достым үшін өрекпимін.
Қазақстан жағдайында біле-білсең,
Өзіндік жақсы паспорт керек деймін.

Тіл деп сен құрылтайды жинадың ғой,
Өзіңше бір-біріңді сыйладың ғой.
Сондағы бітіргенің календарьда,
Наурызға бір қызыл күн қимадың ғой.

Госплан жоспарларын алдырады,
Қазақстанға өнеркәсіп салдырады.
Жинап алып жан-жақтан мамандарды,
Қазағыңды жұмыссыз қалдырады.

Алматыңа метро салып жатыр,
Көңілің қуаныштан қалып жатыр.
Тағы да қаптап кетіп жұмыскерлер,
Жұмыссыз тағы қазақ қалып жатыр.

Демеңіз асық түсіп алшы болды,
Бұл балаң жақсы ойларға жаршы болды.
Қаулыны шығарып ең өндіріске,
Алайда, депутатың қарсы болды.

Қаптаған не бір ойлар қау боп шықты,
Өзіміз-өзімізге жау боп шықтық.
Қаулыңыз артық товар сатпа деген,
Ақырында орталық дау боп шықты.

Ал, енді көп айтайын өтеліңдер,
Мейілі биіктерге көтеріңдер.
Мен саған, қайран елім, не айтайын,
Әйтеуір не көрсең де жеке өліңдер.

Өткенің мейлі елім шұжық дейді,
Кейбіреу мына мені бұзық дейді.
Көппен бірге адасып сандалғанша,
Жалғыз жүріп жол тапқан қызық дейді.

Тағы да өлеңіңді алмас қылшы,
Сөзіңе тыңдаушыңды қанбас қылшы.
Серік сендей ақынды жаңа көрдім,
Кәнеки, үлкен ойды жалғастыршы.

Серік:

Жырларың жорғадайын желсін мейлі,
Дей көрме мұны досың менсінбейді.
Шығыстан сайланған бір депутатың,
Шығысты Россияға берсін дейді.

Жырлайды қазақ елі жыры барда,
Тынбайды көкіректе мұңы барда.
Жүргеніне тәубә, - деп жүрсе нетті,
Атамның жер-суында құны бар ма?

Болса екен, халқым, әркез оң қадамың,
Сол жайды ойлауменен толғанамын.
Ол аздай Абай бабам аруағының,
Басында күнде жарды бомбаларын.

Сөздерін қор қылмайтын надандарға,
Еңсем биік елім дер ағам барда.
Кеше ғана сайланған депутат боп,
Берер ең қандай баға адамдарға.

Қуаныш:

Демократияны капиталист «батыс ұқты»,
Біздің шығыс жөні түзу жатып шықты.
Кешегі сайлауыңа білесің бе,
Алматы бәрінен аз қатысыпты.

Өткенде біраз нәрсе айтқан едім,
Соны айтып еліме де қайтқан едім.
Сол сөзімнен еш нәтиже болмаған соң,
Қайта айналғым келмейді ол жайтқа менің.

Сайланған депутатта қызығым бар,
Демеңіз, уа, халайық, бұзығым бар.
Әр депутат өлшемін дәл қоятын,
Солардан күтер ертең қызығың бар.

Жақсы сөзге ақындар жаршы болды,
Көп қазақ мамандықсыз малшы болды.
Дрожин деген депутат Қарағандыда,
Қаулыңа алдыменен қарсы болды.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз