Серік пен Қуаныш айтысы (3-бөлім)
Серік Құсанбаев, Қуаныш Мақсұтов · 3 мин оқу
Демеймін қызықтарға беттей қалдым,
Демеймін барар жерге жетпей қалдым.
Екеуімен түсіп ем, білесің бе?
Депутаттыққа қазақтықтан өтпей қалдым.
Бұл досың талайларға өрледі ғой,
Айтыста сендей доспен терледі ғой,
Ақын деп құрметтейтін халық барда,
Басқасы маған дауыс бермеді ғой.
Әрине, досыңа бас шайқайсың ғой,
Дейсің ғой еліңдегілер қайқайсын ғой.
Мына менің тағдырым сол сияқты,
Осыдан талай жайды байқайсың ғой.
Демеңіз бұл Қуаныш қысылады,
Ұшырады қазаққа құсын әлі.
Совхоздағы қазақтар жиналып ап,
Депутат қып секретарьды ұсынады.
Барында өлең, дастан жиналамыз,
Өнерден ой түйіндеп, иланамыз.
Ауылда секретарьды өткізсек те,
Қалада жүрген қазақ қиналамыз.
Сөйлесем әр сөзімнің сарасы бар,
Көңілдің бітпейтұғын жарасы бар.
Ал, Серікжан, ойыңды жалғастыршы,
Досыңның дәл осындай наласы бар.
Серік:
Келмейді ешкіммен де ерегескім,
Ерегесер санасыз мен емеспін.
Ондай жара Солтүстікте қаптап жатыр,
Қуаныш жалғыз ғана сен емессің.
Демеймін көкірекке жыр келмейді,
Демеймін сұңқарға қаз ілдірмейді.
Ел бар ғой ол жақта да еңіреме,
Бөрілер арықтығын білдірмейді.
Жырың бар мына халық тоймас, білем,
Деген бар, ел боп елді ойлас деген.
Келеміз тәй-тәй басып, жаңа ғана,
Бәрі де бір-ақ күнде болмас білем.
Арнаймыз аман болсақ жырымызды,
Жетектеп арттан ерген інімізді.
Қайтардық ептеп-ептеп дінімізді,
Қайтарып келеміз ғой тілімізді.
Ал, енді ағайындар, халық болып,
Көтерсек жарар еді туымызды.
Сонда біз ешкімнен де бұқпантайлап,
Жүрмей-ақ ашар едік сырымызды.
Қазақтың бізге қалған мол мұрасы,
Қатты айтсаң ел көңілін тоңдырасың.
Бойы бар, күйлері жоқ қазағымның,
Мен білсем сізден шығады домбырасы.
Ал, ақын айтар сөзді құрап жүр ғой,
Бір тұрып, кезі келсе құлап жүр ғой.
Қазақтың бетке ұстар күйшілері,
Домбырамыз «сақау» деп жылап жүр ғой.
Қуаныш:
Әрине, мұны ерте қиялдадық,
Қиялдап армандарға сия алмадық.
Дегенмен рас тойда да мыңқылдаған,
Домбырамен күй тартуға ұялмадық.
Арынын мұндайда ақын баса алмайды,
Дей көрме досың бойын тасалайды.
Біле-білсең «Осакаров домбырасын»,
Қазақтың шеберлері жасамайды.
Сөзіңнің жаны бар ғой жиі ақтарған,
Әлі де туады айың қияқтанған.
Білгенге ол домбыра ата-ана жоқ,
Инкубатор балапаны сияқтанған.
Ол әлде дүкендерде өтпейді ме?
Немесе дифицит боп кетпейді ме?
Домбыраның қадірін түсінетін,
Азаматтар сол жаққа жетпейді ме?
Бәрі болар деген-ді бұрын маған,
Ұйқы көп бұл ауылда пырылдаған.
Министрлік қолына алмай оны,
Не шығады ақындардан шырылдаған.
Ақындар ортаға ойын салып жатыр,
Серіктер талай жерге барып жатыр.
Айтыста біз айтпаған ой бар ма еді?
Айтқаның айтқан жерде қалып жатыр.
Серік:
Желкендеп жүрсің достым, қайығыңды,
Байқағам өткен жолы байыбыңды.
Ұстазыңның тілін буып ел алдында,
Енді жуып-шаймақсың айыбыңды.
Жеңем деп сол айғаймен ойлаймысың,
Тілді алсаң бұл әдетті қоймаймысың.
Атаң Қазыбек салмақты қорғасындай,
Аруағына сай соның болмаймысың.
Демеймін, жыр тиегі шешілмейді,
Қалайша жыр жүйрігі көсілмейді.
Атаңда жоқ мінез ғой жеңілтектік,
Мұныңды бабаларым кешірмейді.
Деген соң бұл айтысты доғарасың,
Ұлдарың айтар ойын жобаласын.
Осындай тойың әркез тарқамасын,
Қазақтың тасы өрге домаласын.
Қуаныш:
Жыр болса қазағымда жаттағайсың,
Досыңа бар кінәсін тақпағайсың.
Әркімнің бір тасы бар тығып жүрген,
Қайтарда тасты маған атпағайсың.
А-хау, Серік, болшы көрік, болшы-ай,
Доспын ғой, сеніміме берік болшы-ай.
Серік:
Сенімін ел-жұртыңның ақтау керек,
Орынсыз шабыт болсын шаппау керек.
Бөрік киіп жүрген соң жігітпісің,
Намысын бөріктінің сақтау керек.
1990 жыл.