Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мұхамбетқали мен Әселхан айтысы (3-бөлім)

Мұхамбетқали Сейітқазинов, Әселхан Қалыбекова · 3 мин оқу

Шыныққан біздің халық азаптарға,
Күн сайын кезігеміз ғажаптарға.
Мұхиттың аржағынан ит үрді деп,
Қымсына қоятұғын қазақ бар ма?

Жыңғыл да бөтен жерде тамырлай ма?
Алжасқан ағайынға сабыр қайда?
Ұшырып аққу-қазды айдынынан,
Орнына сары шошқа мамырлай ма?
Ұмытқан кешегісін шіркіндерді,
Қазақтың қасиетті наны ұрмай ма?

Мұхамбетқали:

Бұл Мұқаш ойқы-шойқы бастапты өлең,
Апамды ақындықта асқақ дер ем.
Айналдым мінезіңнен дәл кешегі,
Қонақтар келер күні қаспақ жеген.

Көңілім менің дағы өсет деген,
Бұл заман жаңаша боп көшет деген.
Иттері үріп жатыр ана жақтың,
Сыртынан қазағымды өсектеген.

Апатай, мына заман қандай заман?
Бағы жоқ бәлкім бізде, маңдай жаман.
Көреміз «коммунизм» деп жүргенде,
Айрылған қолдағыдан қандай жаман.

Қайырлап қалды Аралдың кемелері,
Қорқамыз жаңбырдан да төбедегі.
Босаған сіріңкенің қорабындай,
Бүгін міне, дүкендердің сөрелері.

Жоқшылық алғаш қант пен шайға келді,
Білмеймін «қайта құру» қайда келді.
Біреулер «кооператор» боп алды да,
Құдай-ау, шаш етектен пайда көрді.

Жүйткиді көшелерде такси де үдеп,
Қонақтар жатады ылғи жақсы үйге кеп.
Халайық ауылдағы ағайынның,
Түсіне нансаңыздар «носки» кіред.

Бұл заман дегеніне бағындырды,
Жүгіртті бәрімізді жалындырды.
Түсіне әйелдердің «күйеуі» емес,
«Шампунь мен кір жуатын сабын» кірді.

Отырған жоқпын тойдан сарқыт тілеп,
Бұл Мұқаш ел жағдайын артық білед.
Түсіне балалардың «папасы» емес,
Бұл күнде «калькотки мен кәмпит» кіред.

Жігіттер қалта қағып дүрлігісті,
Тұратын түтіндетіп бір бұрышты.
Кешегі сан сапалақ сигареттер,
Бұл күнде көздерінен бұлбұл ұшты.

Не деген, апатай, бұл өмір еді,
Көңілім нан барына семіреді.
Айта отыр әңгімеңді енді өзіңше,
Түсіңе көз ілгенде не кіреді.

Әселхан:

Мұқашжан, білесің ғой не дерімді,
Зарланып осыншама не көрінді.
Басынан бұл әпкең де мойындаған,
Қаспақты, қаймақты да жегенімді.

Сөзіңнің барлығы да жөнді, бала,
Халқымыз басқа салса көнді, бала.
Шындық пен дін оралып, тіл оралып,
Келеміз бас көтеріп енді ғана.

Күн сайын халық мұңы тереңдеген,
Қағида бұрынғы көп көнермеген.
Түсімде көріп жүрмін көп жақсылық,
Халқыма қызмет қып төбемменен.
Кейінгі ұрпақтарға үлгі болар,
Сонан соң шумақ-шумақ өлең көрем.

Бүгінгі қиындықтар сағым болсын,
Серпілтіп селқостыққа дабыл болсын.
Мұқашжан, нағашыңа келгеніңде,
Жасаған зияратың қабыл болсын.

Мұхамбетқали:

Демеймін мұзды елім ойып па еңдер,
Атанды жығып тойға сойып па еңдер.
Жиенің келіп қалды рас, апа,
Дайындап қырық серкеш қойып па еңдер.

Тауықтың түсіне ылғи тары кіред,
Мәтелді осы қазақ бәрі білед.
Ал Мұқаштың түсіне сұрасаңыз,
Қазақтың заман-айлап зары кіред.

Сөйлеймін әр сөзіме табан тіреп,
Адамның қасиетін адам білед.
Көз ілсем түсіме мен, енді, айтайын,
Тартылған тандыр нандай Арал кіред.

Ақынды айтар елі байсалды деп,
Әрине жылқы мінез қайсарлы деп.
Одан соң түсіме ылғи көз ілгенде,
Зілзаладан зардап шеккен Зайсан кіред.

Сонан соң ана жақтан Семей кіред,
Жаңағы өзің айтқан өлең кіред.
Ауылға тұман кірсе, тұмау кіред.
Түсіне жыршылардың жырау кіред,
Сонан соң айтыс ылғи басталарда,
Қолымда ұстап отырған мынау кіред...

Әселхан:

Бұл Мұқаш бар нәрсені толықтады,
Бір түсті қаза бердің жолыққалы.
Сенсіз де ел білетін нәрселер ғой,
Айтысты мен отырмын қорытқалы.
Қазбалап, түбін қазып қоймадың ғой,
Түсіңді келіп пе едің жорытқалы.

Түсті де көре бермей жеңу керек,
Зайсанға шындап көмек беру керек.
Қайғырып қашанғы елді жылатамыз,
Алдағы болашаққа сену керек.

Мұхамбетқали:

Қазақтың жаппасын да даласын бұлт,
Жиеннің асты-ау бүгін бағасы күрт.
Қырық серкеш дайын болса ап кетемін,
Күн жақсы кездескенше, нағашы жұрт.

Әселхан:

1990 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз