Мұхамбетқали мен Әселхан айтысы (1-бөлім)
Мұхамбетқали Сейітқазинов, Әселхан Қалыбекова · 2 мин оқу
Мұхамбетқали:
Демеймін мен айтыста жырындымын,
Халайық жаман емес ырым бүгін.
Әсекең арқасында аштым деймін,
Бүгінгі осы айтыстың шымылдығын.
Мен емес көңіл жағы кемтар ақын,
Болайын сізге апай, тең пар ақын.
Алдыңа бұл Мұқашың шықты елім,
Ішінде ақындардың арқалы ақын.
Ассалаумағалейкүм, нағашы елім,
Анашым, туып-өскен тамаша елім.
Жиен боп Жезқазғаннан келіп қалдым,
Қазақтың өнер қуған баласы едім.
Ассалаумағалейкүм, анам елі,
Көңілім бір көруге алаң еді.
Орайы бүгін міне түсіп отыр,
Ортаңа келді дейін балаң енді.
Қарт анам жүрер кезде «сәлем» деді,
«Әлі бар көруге елді дәмем» деді.
Кентаудың тәрбиелі қызы екенін,
Ұлытауда сол анашым дәлелдеді.
«Ол жақта болма балам үркек», - деді,
«Өзіңді туыстыққа тіркет», - деді.
«Кентаудан жиырма алтымда кетіп едім,
Жатырқай қоймас сені Шымкент» деді.
Армысың, ағайындар басқа дағы,
Отырған ақсақалдар асқаралы.
Жүрегім менің білсем сыздайды ғой,
Сәбидің кірбің тартса қас-қабағы.
Байқаймын қуанышты халық бүгін,
Тірілтіп жатыр деймін дәріпті ұлын.
Табиғат кеше халқым, жылады ғой,
Еске алып Орекеңдей жарықтығын.
Мерейі ақындардың үстем шығар,
Шымкентте жеміс-жидек піскен шығар.
Орекең дүлдүлдері кеп жатқанда,
Орнынан он рет аунап түскен шығар.
Демеймін қуаныштан құр қалдық па,
Ақын боп кеуде соғып ырғалдық та.
Айтыстың айдаһары алып шықты,
Мұқашты бірінші күн құрбандыққа.
Отырыс болсын дейік тамаша, апа,
Бір мезгіл жиеніңе қарашы, апа.
Берейін сөз кезегін енді өзіңе,
Жіберші жалғастырып, нағашы апа.
Әселхан:
Қыздарды алыстағы сағыналық,
Жиеннің түсінейік назын анық.
«Сәлем» – деп төркініне айтыпты ғой,
Халайық қол соғыңдар қабыл алып.
Құт саулап Қаратаудың қарыны сыздар,
Арда емген арғымақтай жалдысыздар.
Желіндей Арыстанның аңқылдаған,
Ақ көңіл, асыл елім армысыздар.
Емеспін бүгін қонақ тосып алған,
Біргемін өздеріңмен қосып арман.
Тойына Орекеңнің шашу шаштым,
Киелі Арыстанбап, Отырардан.
Тербейді ақ бесігін бүгін қалам,
Тірілтіп өткендерді тынымдаған.
Жер ана дауылменен жыр толғатып,
Болашақ Құлагерін құлындаған,
Лапылдаған ақындардың жалынымен,
Замана алға қарай зырылдаған.
Бозторғай алыстарға кетті самғап,
Айналып Боралдайын шырылдаған.
Толассыз төгіледі жырлар бүгін,
Мінеки, бетін ашып тұрғандығым.
Мұқашжан, шынымен-ақ жараймысың?
Айдаһар толғап жұтар құрбандығын.
Мұхамбетқали:
Қонақтың қарау керек қабағына,
Жатасыз үлкен ақын санағына.
Шортан боп мен өзенде секірмеймін,
Боламын тікенекті алабұға.
Бұл дәуір басымызда тұрмасы анық,
Ақын боп ел алдында сырласалық.
Сіңлісінің сөзін естіп жаңағы айтқан,
Қарт анам қалар деймін бір жасарып.
Қойылар әрлі-берлі сұрақ талай,
Жүрейік жақсылықтан жырақ қалмай.
Айтысқа қате хабар алдымдағы,
Шымкентте жатып қалдым бір аптадай.
Қарсы алды қалай дейсің жұртым мені,
Шақырған жерден Мұқаш іркілмеді.
Жатқан соң екі күннен кейін келіп,
Қонақ үй «шық» деп маған зіркілдеді.
Ақын деп атты бізге халық қойды,
Біреулер сергелдеңге салып қойды.
Этаждың кезекшісі келді де, әпке,
Қолымнан кілтімді де алып қойды.
Жеңісін мен ешкімнің қызғанбадым,
Қазақ боп кеуде керіп, сызданбадым.
Сонан соң жанталасып жатып алып,
Жүрсінге – астанаға звондадым.