Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Айтмұхамбет пен Мұхамеджан айтысы (2-бөлім)

Айтмұхамбет Исақов, Мұхамеджан Тазабеков · 3 мин оқу

Кеттік қой батырға да батыр демей,
Ашты ғой ақиқатты ақыр көмей.
Кешегі нәубеттерде, ақтаңдақта,
Ақынды жау деп білдік, ақын демей.
Хан мен би, бек қараға қосылған соң,
Етті ғой Голощекин тақыр кедей.

Мұхамеджан:

Қазаққа Голощекин не істемеді,
Көңілім атаудан да сескенеді.
Кезінде қазағымды қырып салып,
Аштықтан өлгендерді дестеледі.
Осындай адамдардың жауыздығын,
Бүгінде талдап ұрпақ ескереді.

Асыра сілтеу ешбір болмасын деп,
Қазақта аша тұяқ қалмасын деп.
Кезінде Голощекин айтқан екен,
Орнатам кіші Октябрь ордасын деп.

Әлденген әлдебіреу емес пе еді ол,
Қазақтың қазанынан қалжасын жеп.

Жылқы да жабыққанда шұрқырайды,
Естісең, сай-сүйегің сырқырайды.
Өмірі атқан оқтай азаматтар,
Айтып қал жасқанбастан ұлтың жайлы.

Айтмұхамбет:

Сөзімнің бар тұзы да, шекерлері,
Таратсам талай жұртқа жетер тегі.
Ақтамберді жыраудай жыр толғасам,
Ел-жұртым жиылар ма шетелдегі?
Алыста жүрген сонау бауырлардың,
Жатқа тұрақ болып жүр мекендері.

Бойдағы сеніп енді әр өнерге,
Қосайын көк сүңгідей қара өлеңге.
Жел соғып, жапырағынан айырылған,
Жапандағы ұқсаймыз кәрі еменге.
Тамыры тереңдеген қазағымның,
Тағдыры тартып кеткен бар әлемге.

Қоса алмай қырғыздарды өзбекке,
Тұрардың қалды ма екен сөзі текке?
Алаш жайлы айызды қандырып бір,
Түркінің айтатұғын кезі кеп пе?
Жігін тегіс жатқызып айтып берер,
Барсақ та халифа мен хазіретке.
Қойдай қоңыр момынмен қоңсы болмай,
Создық-ау, қолдың ұшын көзі көкке.

Мұхамеджан:

Қазағым қырық пышақ қырқысқанда,
Тарттық қой етегінен тырмысқанда.
Қолынан Тұрардың да билік кетті,
Қоса алмай өзбектерді қырғыздарға.
Тең болмай екі басы таразының,
Сән кетті салт-дәстүр, тұрмыстан да.
Ауадай таралды ғой кең әлемге,
Алашым айнала алмай Түркістанға.

Айтмұхамбет:

Өзіңді тастамаймын тысқары шын,
Жоқ болса да, ағаңа еш қарызың.
Ақылды жігіт едің, Мұхамеджан,
Айтып жібер мұсылманның бес парызын.

Мұхамеджан:

Исламда сансыз асыл қазына бар,
Адамға болар алтын қазық олар.
Аллаға иман келтір, намаз оқы,
Зекет бер, ораза ұста, қажыға бар.

Бес парыз қазағымның досы болар,
Айтсаң, алдан жұмақ жай тосып алар.
Жауабын жұп-жұмыр қып айттым білем,
Мұсылманның бес парызы осы болар.

Айтмұхамбет:

Мен-дағы айтыстағы ақ алмаспын,
Бірақ та саған сілтеп бара алмаспын.
Бір құлатсам ар болар өзіме де,
Түбі түссе, көтеріп сала алмаспын.
Тоқсан әйел толғатып ұл тапса да,
Ішінен дәл сендей ұл таба алмаспын!

Сөзіңді қазіргі айтқан жөн көремін,
Бұл – ел мен жұрттың дертін емдегенің.
Арқа тұста бір ағаң болғаннан соң,
Жырыммен желпін бүгін, дем беремін.
Өйткені, қашан-дағы теңеу сөзге,
Иірімді білсең сен, кең келемін.
Әйтеуір жақсы болды жеңіл сөзге,
Ешқашанда, інім-ау, ермегенің.

Кететін ақындар бар дауға асыға,
Соларды келтіргейсің тәубәсына.
Ал, енді өнердегі әрбір тасың,
Етектен өрмелесін тау басына.
Алмас бол, тасқа салса тайпалмаған,
Сөздерді айтқын ата-жұрт айта алмаған.
Әрине, ағаң едім дәріс берген,

Көңіліңді ешқашан қайтармаған.
Саптаулы найза бергем мен өзіңе,
Ұшын ал да, ал, сабын қайтар маған.

Халқым-ау, мұндай іні қайда дәйім,
Жүзі жарық жарқыраған айнадайын.
Білетін бес парызды бес саусақтай,
Әдеп сақтап өскен ұлдан айналайын.

Мұхамеджан:

Ал, енді бала сөзін елім тыңда,
Артты ғой абыройым менің мұнда.
Туыңды жықпай жерге желбіретіп,
Тапсырам талай әлі сенімді ұлға.

1991 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз