Шорабек пен Әселхан айтысы (1-бөлім)
Шорабек Айдаров, Әселхан Қалыбекова · 2 мин оқу
Шорабек:
Мән берсе жұрт ақынның мәңгісіне,
Сөзінің қарар мәнді, дәмдісіне.
Абашты елім қайтадан шақырды ғой,
Сөзінің риза болып әрлісіне.
Адуынды айтыскер Әсекеңе,
Қарамай, қарсы тұрдым әл-күшіме.
Халқым-ау, енді қайттім, кез боп қалдым,
Ақынның белі жуан әлдісіне.
Жасыңнан жыр додасын жарып өстің,
Қара сөз қасиетін танып өстің.
Осымен сөз кезегін бердім саған,
Өлең сөздің өзенін кәне, кешкін.
Бал қымыз жырларыңнан дәм татайын,
Ауызын ағыта бер сары местің.
Әселхан:
Шорабек, шыға сала дауыс қылдың,
Сен-дағы біреуі едің қауіпті ұлдың.
Естімей қаламын-ау дегеннен соң,
Сен үшін орынымды ауыстырдым.
Әзілің, найзаң да көп пістелеген,
Бұл өнер көнбейді ғой күшке деген.
Айта бер Әселханға әзіліңді,
Соңына саңыраудың түспе деген.
Шорабек:
Айтайын, айтарымды осындай бір,
Өзіңе арнайыншы жасындай жыр.
Азайып айтыс деген кеткеннен соң,
Басымыз бүгін біздің қосылмай жүр.
Ымменен көрсетсең де түсінеміз,
Соншалық саңыраудан шошынбай жүр.
Осы жолы мені ая, онсыз-дағы,
Сүйегім әзер-әзер шашылмай жүр.
Үмітті жүрміз әлі үзбегендей,
Айтайын әр нәрсені тізбелемей.
Қайта-қайта өзіңе қарай берем,
Өзіңнен бір жылулық іздегендей.
Бірақ та, сөздеріңді естігенде,
Боламын екі пачка тұз жегендей.
Әселхан:
Бала едің түк ерсілік қылмайтұғын,
Ел үшін көз жанарын дымдайтұғын.
Естімей қалса-дағы бір құлағың,
Қауіпке жеткен жоқсың ымдайтұғын.
Бұл айтыс басталып ед бесіндетіп,
Ұстадық тізімнің біз көшін жетіп.
Шашпастан сүйегіңді жинайын мен,
Қалғандай есірткіден есің кетіп.
Шорабек:
Бұл жерде болмай жатыр көңілде кім,
Әр кезде жылы сөзге семіргенмін.
Опасыз оң құлақтың арқасында,
Жердей болып өзіңнен жеңілгенмін.
Сондықтан, Әселханым, ая мені,
Ес жиып енді-енді көрінгенмін.
Әселхан:
Шореке, орын бердің жыр бұлаққа,
Ұқсайсың бір кездегі қырқұлаққа.
Құлағым керең деп сен, кемсінбеші,
Бір басқа жетеді ғой бір құлақ та.
Халықтың қабағы мен бойы қандай,
Ол неге азат болса мойығандай.
Жұмақтың төбесінде жүрсе-дағы,
Көңілі өректеді тойына алмай.
Елдегі қарақшы мен жемқорлардың,
Күнде мас, күнде думан, тойы қандай.
Ақ жүрек ақындарым неге мұқтаж,
Бір үйді астанадан ойып алмай.
Шерхандай ағалары қанша айтса да,
Тойымсыз тобырлардың ойы қандай.
Адамның қай тірлігі бітіп еді,
Жерлерде сөз өтпейтін сойыл алмай.
Шорабек:
Әзіл сөз шаршағанда тапшы емес пе,
Біз енді жүгінелік жақсы елеске.
Әлгі сөзді, Әсеке, естігенше,
Тас керең боп қалғаным жақсы емес пе?
Өкімет өктемдік қып ел күтпеген,
Қызметті жатыр бүгін кертіп неден.
Шолжитты штаттарын мекемелер,
Жігіттей жүрген қысқа шортикпенен.
Өмірдің қаламыз ба мінін көрмей,
Шығады кім нарықтан шығын бермей.
Менмендер мемлекеттен талап алды,
Жұмысшы шаруаға түгін бермей.
Қоқысын ғана тастап қоңы барлар,
Қалғанын бойларына сіңіргендей.
Тобылғы торы сыраны толғап тұрып,
Көбігін үрлеп тастап сіміргендей.