Шорабек пен Әселхан айтысы (2-бөлім)
Шорабек Айдаров, Әселхан Қалыбекова · 2 мин оқу
Жасалды мен білмеймін жоба қандай,
Бай мен бастық байлықты тонағандай.
Кейбіреуге кедейлік көз аштырмас,
Алдынан қиыршық тас борағандай.
Қолдан бай мен кедейді жасап өкімет,
Қанауды қайта әкелді обал, Алла-ай!
Жағдайды сонда да өкімет жақсы дейді,
Шандырды шарбы майға орағандай.
Кедейлер ырғалмады, жырғалмады,
Қинайды үлесінен құр қалғаны.
Көзден ұшты бұл күні көпшіліктің,
Жарқырап маңдайында тұрған бағы.
Қателіктер ұқсайды қарап тұрсаң,
Отыз бен тоқсаныншы жылдардағы.
Отызыншы жылдарда өте асығыс,
Коллективтік меншікті құрғандары.
Коллективтік меншікті енді жойып,
Қазақтың тең жарымын қырғандары.
Жүруде жекешелер жылдам бәрі,
Коллективтер көшкесін жекешеге,
Қаптың түбі қағылып, ұн қалмады.
Қорадағы қойдан да, дым қалмады,
Халайық, мұның бәрін кім жалмады?
Әселхан:
Сақтасын ондай дерттен құдай тағы,
Тас керең боламын деп мұңайтады.
Шынымен сен, таскерең бола қалсаң,
Япыр-ау, мына сөзді кім айтады?
Ол рас, қиянатшыл тоқтамады,
Ішінде алақұйын от жанады.
Қылмыскер пара беріп, алшаң басып,
Ақшасыз кінәсіздер сотталады.
Күн сайын өрши түскен лаң-қылық,
Қалаулылар құлатады құланды ұрып.
Бола ма бұдан артық төзімділік,
Бола ма бұдан артық шыдамдылық?
Шорабек:
Жатырмыз ұластырып ойды елеске,
Жеңеше, болмай тұрсың қой демеске.
Құлақты енді екеуміз айтпайықшы,
Садақа бастан құлақ дейді емес пе?!
Жер-жерде жекеменшік жайлап алды,
Ал, сонда ауызбірлік қайда қалды.
Ауданның аумағы өсіп іріленіп,
Ал, ауыл бөлшектеніп майдаланды.
Қисапсыз қиқым бастық көбеюде,
Халыққа бұдан қандай пайда бар-ды.
Шашылып, мал-мүліктің сүйегіндей,
Техника тетіктері сайда қалды.
Жер егуді бұл халық жетістірмес,
Қырғыздар суды бастан байлап алды.
Нарықтық саясаттың шырғалаңы,
Қоғамды бұл күндері қайда апарды?
Нарықтың қандай жыртқыш екендігін,
Ел біліп енді-енді жайға қанды.
«Өз күніңді өзің көр» деп өкімет,
Алашқа айтар сөзін сайлап алды.
Үңгірден өзің тірі шық деп отыр,
Халықпен бірге қамап айдаһарды.
Әселхан:
Көп созып уақытты алыппыз ғой,
Көп жайға біз екеуміз қанықпыз ғой.
Үйренді біздің қазақ нарыққа да,
Үйренер тозаққа да халықпыз ғой.
Бұл күнде шынымен де той көбейді,
Әрине, шақырмайды бай кедейді.
Әйтеуір, ешкім тойдан тартынбайды,
Сояды тай демейді, қой демейді.
Қазақтай тойшыл бар ма басқа жұртта,
Күледі көршілерім шашпалыққа.
Ертеңін ойлайтұғын қазекең жоқ,
Қазанда қайнап жатса қос қабыртқа.
Шорабек:
Ол рас, бұл күндері той көбейді,
Тойда бірақ сау адам сөйлемейді.
Кітапхана, клубтар жабылуда,
Бұл өзі не нәрсені бейнелейді?
Әселхан:
Жүлдесін бұл айтыстың алып тұрып,
Екеуміз сөз сөйледік анық қылып.
Тұрайық орнымыздан ей, Шореке,
Алмастан мына елді жалықтырып.
1991 жыл.