Шынболат пен Қонысбай айтысы (1-бөлім)
Шынболат Ділдебаев, Қонысбай Әбілов · 2 мин оқу
Шынболат:
Армысың, Алматының ғалымдары,
Армысың, Қарағанды жалындары.
Армысың, ән-жырыма ажар берген,
Алма бет айдай сұлу арулары.
Шіркін-ай, білер ме еді мына топта,
Бар десем мені де бір сағынғаны.
Сендер деп жыр моторы жүрегімнің,
Кеншінің бұрғысындай дарылдады.
Кенші едім, кен қопарған, ақын болып,
Кеп тұрмын Қонысбаймен қағынғалы.
Торғаймен, сұрқылтаймен, күйкентаймен,
Сынайтын сияқтымын бағымды әлі.
Қол соғып сәлемімді қабыл алсаң,
Отырмын ағымнан бір жарылғалы.
Арқалық Ақтөбеден жақын едің,
Далаға дабыл қаққан батыр едің.
Өзіңмен ат аралас, қой қоралас,
Ежелден бауыр басып жатыр елім.
Сондықтан сені қалқам егізім деп,
Мен таза айтыспауға мақұл едім.
Інісін ағасына қарсы қойып,
Тапты ғой теледидар ақыр ебін.
Шынболат шындап кетсе шадыр ақын,
Бір жаман мінезім бар, батыр елім.
Сондықтан не де болса аңдап сөйле,
Қонысбай, жөн білетін ақын едің.
Айтысты сүре десең, сүрелейін,
Ұйқасын өлең-сөздің кірелейін.
Және де жер татыған жасығы емес,
Айтайын алтын тектес бірегейін.
Айтайын қаймағы мен кілегейін,
Шұбыртып тыңдаушының сілекейін.
Жылатып айтатұғын жақыныңмын,
Бірақ та жаманшылық тілемейін.
Аюға жөн үйреткен таяқ дейді,
Ағаңмын өзің үшін дүрелейін.
Жаттаған жерің болса жаңылдырып,
Мен бүгін әрлі-берлі сүйрелейін.
Көкенді көкелеумен сүріндіріп,
Жүлденің алып едің дүрегейін.
Әсия, Әселханмен айтысқанға,
Маған да дегенсің бе тірелейін.
Жюриге бір күн мүше болғаныңда,
Қылдың ғой Ерікжанды күйедейін.
Қақ жарар қара қылды, Қарағандым,
Мен бүгін барлығыңа сүйенейін.
Әділ жұрт, әділ қазы білсін бүгін,
Өлеңге кімнің жақын, кім өгейін.
Қонысбай, шын айтысқа жаңа келдің,
Айтып қал, айтар сөздің түйедейін.
Ал, қане, осы жерден сөйлеп көрші,
Мен біраз осы жерге тірелейін.
Қонысбай:
Жеңсем деп Қонысбайды қиялдайсың,
Түйілсем күлкіңді сен тия алмайсың.
Торғайға күйкентай деп тіл тигіздің,
Батырдың аруағынан ұялғайсың.
Бәйгеге тұлпардай боп жарағанмын,
Кекілін шабытымның тарағанмын.
Қағысып небір тарлан, жүйріктермен,
Өзіндік дауысыммен дараландым.
Бәрін де адамдардың бауыр көріп,
Сәбидің көзіменен қарағанмын.
Бір ауыз жылы сөзден қанаттанып,
Бір ауыз салқын сөзден жараландым.
Ат мініп, тізгін түйіп жүргеннен соң,
Халқымның қажетіне жарағанмын.
Алматыдан кейінгі шаңырақ деп,
Бас иіп келіп қалдым, Қарағандым.
Қашанда жақсыларға серік едім,
Маржанын асыл сөздің теріп едім.
Арзанға әлдекімдей бой алдырмай,
Қаймағын қалқып сөздің көріп едім.
Қазаққа ортақ, қара шаңырағым,
Жырлауға сені қалай ерінемін.
Қасым мен Ғабидендей алыптарды,
Жұлдыз ғып қазағыма беріп едің.
Бұлбұл құс ұя салған таңдайына,
Ізінен Манарбектің еріп едім.
Әсет пен Мәди сынды асылдардың,
Басына бір түнеуге келіп едім.