Айтмұхамбет пен Мұхамеджан айтысы (1-бөлім)
Айтмұхамбет Исақов, Мұхамеджан Тазабеков · 3 мин оқу
Айтмұхамбет:
Жан-жаққа, Мұхамеджан, жалтақтайсың,
Жалтақтап бірақ та еш мал таппайсың.
Айналдым ізетіңнен, інішегім,
Тұп-тура постта тұрған солдаттайсың.
Бұл тойда ел тойлаған, мен тойлағам,
Ел едік жақсылыққа ен тоймаған.
Асына Сыпатайдың келдік біздер,
Кешегі күні бүгінгі елді ойлаған.
Ассалаумағалейкүм, көрерменім,
Бағаны қазылардан кем қоймаған.
Сарапта сахнаға қайта шыққан,
Мен едім бесті құлжаң белде ойнаған.
«Хан – қақпа, халық қазына, батыр қорған,
Дүмше молда дін бұзар, халқың сордан.
Болғанда шешен – шебер, би – таразы,
Ән шырақ, күй көркің де, ақын – жорғаң».
Ақын ыдыс, ауысқан ырыс бояу,
Байлық – сынап кететін ағып қолдан.
Алатаудай болсаң да асқаралы,
Ақша бұлт басына бақыт қонған.
Ал, енді ақтарылсын, ағайындар,
Сыр сандығың ішіне жақұт толған.
Өлеңнің тереңдерін зерттеп ем,
Халқыма берерімді беріп келем.
Айтыста сырлы сұлу сөздеріммен,
Халқымды сары майдай еріткен ем.
Ал, енді алдымдағы ең бірінші,
Бала еді мына маған еліктеген.
Ыңғайлап қоңыраулы жыр найзаңды,
Қамшыла тұлпарыңды ерттеген.
Айтуға мұны неге арсынамын,
Берген Тәңір дәл маған нар шыдамын.
Алдында ел мен жұрттың ұят шығар,
Інішекті жұмыртқадай аршығаным.
Ақын болсаң, алмастай қылпып тұрғын,
Қарсы шыққан ақынды жаншылағын.
Сөз саптауды үйреніп мына өзімнен,
Өз найзамды өзіме шаншымағын.
Шабыт атты жорғаның сауырына,
Бас енді сөздің дырау қамшыларын.
Мұхамеджан:
Ат мініп асау жырдың айғырынан,
Көрініп төл өнердің айдынынан.
Алдыңа шығып қалдым зиялы елім,
Тізгінді қағыстырып тайлы-құнан.
Қауыштым мол дәстүрмен жас та болсам,
Бабамның бәсіре алып байлығынан.
Шабыт кеп шамырқанған шақта ықпаймын,
Ақынның абырой мен айбынынан.
Қолтығын тұрған сөгіп кіл жүйріктің,
Қазағым жеріп еді қай жырыңнан?
Армысың, қарға тамыр қандастарым,
Жиылған облыстың ой-қырынан.
Аяқты үзеңгіге тең салайын,
Тұлпардың шаймау үшін тер самайын.
Сөгейін өлең-жырдың ақ сауытын,
Қоңыраулы найзаңды берші ағайын.
Айтмұхамбет ағаммен шыққаннан соң,
Өнерден өз әлімше енші алайын.
Шығарып түкті жырдың түбіттерін,
Барымды тулаққа сап мен сабайын.
Қосылдым бүгін топқа, бәсірем бар,
Өнерде өз тоқтыма ен салайын.
Армысың, келеңсізге келмес ағам,
Өзіңмен теңдес болсам, белдесе алам.
Қазақтың қара өлеңін қадір тұтқан,
Емессің қара өлеңге сен де шабан.
Жел сөзді жолдап жатса әлеуметке,
Жаманды жерден алып, жерге салам.
«Ағасы бардың жағасы бар» деуші еді,
Арқамды ағам барда кеңге салам.
Ел үшін, халқым үшін тыншымды алып,
Суырып сары майдан қылшық алып.
Арқырап айтыста мен кетсем деймін,
Әйтеуір, айды аспанға бір шығарып.
Сыйлайық біз екеуміз елге бүгін,
Сардардың сауытындай жыр шығарып.
Ағамның төзбей отыр жаны қалай,
Бола ма сөзді әзілге жанып алмай?
Ағасы, «көп сөз – көмір, аз сөз ─ алтын»,
Айналдыр жыр диірменін ары қарай.
Айтмұхамбет:
Үстем бол бұл халыққа мерейіңмен,
Сырлы сұлу сөз шығар көмейіңнен.
Өзіңе осы жерде берейін дем,
Ал, енді інішекке не дейін мен?
Інішек, әлі алда болашағың,
Жолыңды кеспек түгіл жол ашамын.
Мектепте оқып жүрген бала едің,
Есіме түсіп отыр бала шағым.
Азан шақырып қойған атым Айтмұхаммед,
Атың да емес сенің жай, Мұхаммед.
Шықса егер сахнаға екі сай Мұхаммед,
Елің бұл деп адасар қай Мұхаммед?
Желігі болса жастың дәл өзіңдей,
Жас арыстан бір-бірінен қаймығар ма ед?
Мэлс емес, Мұхаммедтер көбейсе егер,
Бұл қазақ тіл, ділінен айрылар ма ед?
Алексейлер кірмесе арамызға,
Тағынан ханды халық тайдырар ма ед?