Серік пен Мэлс айтысы (2-бөлім)
Серік Құсанбаев, Мэлс Қосымбаев · 2 мин оқу
Үйренем мен өзіңнен ұсталықты,
Бойыма бір ғаламат күш дарыпты.
Уақыт та тар болды ғой айтысуға,
Ағасы, штатымыз қысқарыпты.
Тұяқты тұлпарларың тайдан шығар,
Басына періштенің айдар шығар.
Қара шал, қара бала дегендерің,
Ағасы айтып жібер, қайдан шығар.
Серік:
Ойлаған сұрағыңнан айналайын,
Ағалық парызыма сай болайын.
Самалы Сарыарқаның секілденген,
Жырыммен қоңыр салқын аймалайын.
Мақсатқа талпыныспен жетеді әркім,
Сәт сайын сағым болып кетеді алдың.
Жас жаның шырылдайды неліктен деп,
Елімде есерсоқтық етек алдың.
Айырмай ақ пен және қараны да,
Тастады жетім қылып баланы да.
Иегін кемсеңдетіп қартайғанда,
Тастады ата менен ананы да.
Сан сұрақ жатса-дағы қойыныңда,
Адамның бөлінеді ойы мыңға.
Сол жандар ойламай ма, ата-ананың,
Көз жасы кетеді-ау деп мойынымда.
Тығатын көрден-көрге табыстарын,
Ұмытқан туыс-дос пен таныс барын.
Тастайды керексіз ғып арды-дағы,
Ұмытқандар кеудеде намыс барын.
Сан жұлдыз мезгілден тыс ақпады ма-ай,
Сенің де құйындай боп аққаның-ай.
Отырған қарға тамыр қазағымды,
Надандық-қараңдықтан сақта құдай!
Бұл сөзім дей алмаймын шығар айып,
Жөн дейік, мұны ағайын, құп алайық.
Бөлінбей Ұлы жүз деп, Кіші жүз деп,
Жеңнен қол, жағадан бас шығарайық.
Құлақ сап сөзіме де, әніме де,
Отырсаң келем інім мәмілеге.
Ал, енді тағы да бір сауалым бар,
Өмірдің мәні менен сәні неде?
Мэлс:
Арманның асқарларын бірге астық па?
Ағасы не жетеді қимастыққа.
Өмірдің мәні менен сәні деген,
Осындай отырған бір сыйластықта.
Ініңді қоясың ғой жайлап тұсап,
Білінер аздап қана айбат құшақ.
Финалға шыға алмайтын өмір бойы,
Ағасы, біз жүрмейік «Қайрат» құсап.
Байқасаң кейбір бұлбұл торда болар,
Олжасы жігіттердің жолда болар.
Бір көрем өзіңменен не көрсем де,
Жолдасын тастағандар жолда қалар.
Қырандай қанатымды қақтым деп бар,
Шабыттың шырағданын жақтым деп бар.
Алатау Алматының аспанында,
Құйрықты жұлдыз болып ақтым деп бар.
Мұнайлы Маңғыстаудан және де аға,
Арқалы ақын іні таптым деп бар!
Ұл туған анамды көр, атамды көр,
Көрінер өзгешелеу жотамды көр.
Ал, аға тілегіңмен үн қосып бір,
Ініңе ақ тілеулі батаңды бер.
Серік:
Құптады басын иді ел өлеңіңе,
Қанық боп ұзақ шабар көлеміңе.
Қайтесің күдіктеніп асыл інім,
Сенгейсің халқың менен өнеріңе.
Әніңмен тербеп менің жүрегімді,
Мәз қылдың жалпақ жатқан жыр еліңді.
Бата берер жасқа әлі жетпегесін,
Ағалық білдірейін тілегімді.
Құлағың сал бұл сөзге,
Осында үлкен ағасы,
Құлағың сал бұл сөзге,
Текті жердің баласы.
Жүйрік шабар қияға,
Бойында болса шамасы.
Қос жүйріктің қызғанда,
Алшақтайды арасы.
Бірте-бірте көрінбей,
Кетер бәлкім қарасы.
Бұл сөзіме жоқ шығар,
Саналы жанның таласы.
Астыңа мінген жыр тұлпар,
Жүйріктің болсын дарасы.
Тобынан озып келсін тек,
Табанда тозбай тағасы.
Жүрегіңе орнасын,
Ағам айтқан тілек деп,
Осы бір сөздің сарасы...
Мэлс:
Дейсің ғой қыран болып самғап аққыр,
Демейсің қасқыр болып қанға батқыр.
Ағасы, ақ тілегің қабыл болсын,
Айтайын ел алдында, аллаһуакбар.
Несіне қуанбай мен түнеремін,
Еркіне ерке ұлды жібер елім.
Жеңгеммен екеуіңе мен де аға,
Индийский махаббат тілер едім.
1990 жыл.