Серік пен Мэлс айтысы (1-бөлім)
Серік Құсанбаев, Мэлс Қосымбаев · 2 мин оқу
Серік:
Түркия, Моңғолия өлкесінен,
Киелі, қасиетті жер төсінен.
Келіпті сәлем алып бауырларым,
Елінің еркесі мен серкесінен.
Наурызым игі істерге бас болғандай,
Шаттықтан жанарыма жас толғандай.
Жиылып қазақ біткен басын қосты,
Мысалы, құм жиылып тас болғандай.
Той болар талай-талай әлі-дағы,
Қазақтың көтеріліп аруағы.
Осылай келе берсе қазақ біткен,
Кеп қалар көп ұзамай бәрі-дағы,
Ұршықтай иіріліп жыр қаламы,
Інімнің ашылғалы тұр ма бағы?
Ауылда тілек тілеп қалған анаң,
Қалай деп сөйледі екен құмалағы?
Ал, інім, тежей көрме тасуыңды,
Аса бер асқақ жырмен асуыңды.
Наурыздың қасиетті тойы мынау,
Шаш кәне, жырдан елге шашуыңды.
Мэлс:
Басталды ұлы дүбір майдан жұртым,
Сала бер, енді бүгін сайран жұртым.
Бастарың қосылыпты-ау, бәрекелді,
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым.
Тағы да тап болды ма, дуға басым,
Сезімдер толқын болып тулағасын.
Алдыңа айтысам деп тағы келді,
Бурадай буырқанған бұйра басың.
Армысың, асыл жанды ақын аға,
Шығасың сағындырып сахнаға.
Өзіңнің әуеніңе мың мәртебе,
Жайраңдап жаман інің жатыр аға.
Айтылған сөзімізді сый біліңіз,
Жүректі отты жырмен күйдіріңіз.
Екеуіміз егіз қозы сияқтымыз,
Болған соң, аги-га-гай гимніміз.
Халқым да айтылғанды ұғады екен,
Демеймін, алдым менің тұман екен.
Әуеніміз жарасады бір-біріне,
Айтыстан да оркестр шығады екен!
Жақсы әнді өзіңізден үйренеміз,
Шабытты осындай бір күйге енеміз.
Айтыстай ақ отаудың алдында біз,
Кәдімгі жас келіндей именеміз.
Алдыңда бұлбұлыңмын сайрап жүрер,
Жанысаң қайрағыңмен қайрап жібер.
Айтыста домбыраның қос ішегі,
Ал, енді біз едік қой, жалғап жібер.
Серік:
Бұл айтыс өзге жұртқа арман екен,
Мұрасын бабалардың жалғап өтем.
Әй-әй-мен әги-га-гөй, хай-ләй-лімді,
Айтысқа топтап бүгін салған екен.
Талай жан бұл дүниеден өтеді екен,
Арманға ізденген жан жетеді екен.
Әттең-ай, домбыраны солақайлап,
Тартқанда тіптен қатып кетеді екен.
Артыңнан түйдек-түйдек шаң қалдырып,
Көкейден орын алар ән қалдырып.
Інішек, әуеніме салдың-дағы,
Жібердің тәмам жұртты таң қалдырып.
Жетелеп биіктерге арман әнің,
Дәмін тат, талай-талай сан қаланың.
Жөн болар томағаңды сыпырып бір,
Қияға қанат қағып самғағаның.
Исатай, Махамбеттей қыраның бар,
Көкейден орын алар жыр-әнің бар.
Ал енді өзіңе арнап көп алдында,
Қоятын аздап менің сұрағым бар.
Сауалды тыңнан құрап жаратайын,
Қапыда қалма, інім, жазатайым.
Бағасы өсіп, заттардың көшедегі,
«Бес жүз сом» тұрады жалғыз малақайың.
Қуларға алып-сатар не айтар ең,
Халықты алдап жүрген қарапайым.
Мэлс:
Жүректе жалындаған өлеңім ғой,
Бәрін де жазмыштан мен көремін ғой.
Алып-сатар дегенің ақын аға,
Кәдімгі кооператив дегенің ғой.
Айналдың ақын аға қорғаныма,
Кіремін өлең деген орманыңа.
Сол қулар күні ертең пайда тауып,
Сатпаса адамдарды болғаны да.
Қайтемін ұсақ мінді бетке басып,
Жүргем жоқ өзіңізден шетке қашып.
Бітірсем педагогтық институтты,
Беремін Керекуден мектеп ашып.