Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қонысбай мен Ерік айтысы (2-бөлім)

Қонысбай Әбілов, Ерік Асқаров · 3 мин оқу

Әрине, әзір халқым, бетің дұрыс,
Дегенмен аздығыңнан кетуде ырыс.
Әр елді шарласаң да еш қаладан,
Таппайсың біздегідей «жетім бұрыш».

Сырттағы ел Алматыға келмей жатыр,
Дидарын астананың көрмей жатыр.
Газеттер жар салса да жаңа алаңға,
Есімін Тұрарымның бермей жатыр.

Алматым – талайларға арман қала,
Көгінде көп жұлдызы жанған қала.
Дұшпаны не десе де, о десінші,
Жайнатып Димаш ағам салған қала.

Осы сөз маған сор боп тие ме екен,
Сонда да Ерік басын ие ме екен?..
Халқымның ықыласына ризамын,
Ағасын баяғыдай сүйеді екен.

Алматым – ақ жұлдыздай аққан қала,
Жоғалтқан көп асылын тапқан қала.
Халқымның ар-иманын оятпаққа
Медресе ашайын деп жатқан қала.

Ел сөкпес Алла атымен жырлағанды,
Ар-иман сақтап қалар бұл ғаламды.
Алдымен үлгі тастап жігіттерге,
Бермекпін медресеге бір баламды.

Қонысбай:

Ерікжан, інім едің еріп жүрген,
Жанымда ақбөкендей желіп жүрген.
Ойына келген сөздің бәрін айтып,
Қызығын жарияның көріп жүрген.

Халқымыз болып қалған шошымалы,
Бұл сөздің біздер үшін тосын әлі.
Аузыңды Мәскеуге салған кезде,
Кейбіреу тыңдауға да шошынады...

Біреулер жаман науқан ашқан еді,
Кеудесін ағамыздың баспақ еді.
Мен неге айта алмаймын Торғайымды –
Кезінде Димаш ағам ашқан еді.

Жағдайды, інішегім, байқадым көп,
Өкініп талай басты шайқадым көп.
Өмірі еш жамандық көргенім жоқ,
Алғыстан басқа ағаға айтарым жоқ.

Қашанда зиялы ақын ақын сүйкімді ғой,
Бірақ та шауып кету біртүрлі ғой.
Кей сөзің жалаң ұран боп барады,
Ерікжан, сенің орның митингі ғой!

Бағаңды бір адамдай білер едім,
Қашанда саған табыс тілер едім.
Тұсында төңкерістің туғаныңда,
Басқарып «Қызыл отау» жүрер едің...

Ерік:

Әр заман мен әр түрлі жасар едім,
Қашанда осы әніме басар едім.
Тұсында төңкерістің туғанымда,
Малымды ап, Қытай асып қашар едім.

Елімнің жүрер едім екпіні боп,
Жалындап ауыздағы өрт тілі боп.
Ерікті митингіге жіберші деп,
Келер ең «Қызыл отау» лекторы боп.

Демеймін ініні аға күндейді ғой,
Сөйлейді суырылып бұл дейді ғой.
Мәскеуден неге қорқам, Қоныс аға,
Горбачев қазақша тіл білмейді ғой...

Бұл інің осы жайды саралайды,
Сондықтан Кремльді жағалайды.
Қазақша тіл білем деп бізді алдаған,
Колбин де тілмаштыққа жарамайды.

Қонысбай:

Бәрібір ағаңа сен ерер едің,
Болмаса теледидар көрер едің.
Мал айдап, Қытай асып кеткеніңмен,
Айтысқа бүгін мынау келер едің.

Төңкеріс бүгін тағы болып жатыр,
Көкейге талай істер қонып жатыр.
Парасат жарасады шын ақынға,
Айқай-шу бізсіз-дағы толып жатыр.

Ерікжан, талмады ма жағың әлі,
Айтыста сынған жоқ қой сағың әлі.
Горбачев қазақша тіл білмегенмен,
Аударып беретін жан табылады.

Тайжы кеп айтқан кезде күй-арманын,
Құмыра сыйлағанға ұялғаным.
Сен сонда түйе шекпен жаптың оған,
Көріп мен көз жасымды тыя алмадым.

Інімсің Атымтайдай сері нағыз,
Сондықтан сол айтысты сағынамыз.
Ақ бозды саған түсіп берді емес пе,
Біреуі шәкіртімнің Жадыра қыз.

Ерік:

Мәрттіктен асар, сірә, қылық бар ма?
Тәнтіміз қашанда елдік ғұрыптарға.
Мен құсап Горбачевті сөз қылам деп,
Қонысбай, партиядан шығып қалма...

Ақынды өресімен ел сынаған,
Сырттағы ел әрқашан да болсын аман.
Он бес мың қазағымның ықыласын,
Арқалап қош келіпсіз, Мансұр ағам!

Ол жақта құмар екен ұшқан жырға,
Өкпесін тыңдаушының қысқан жырға.
Жадыра екеумізді жақсы көрер,
Он бес мың ел бар екен Стамбулда.

Жырлаймын, мен жырлайтын шағымдамын,
Халқымның алды дәйім сағынғаным.
Халқымның бергені деп ақ боз атты,
Қолынан Жадыраның қабылдадым.

Ол тұлпар тигеннен соң тақымыма,
Болды ғой көп әңгіме ақыныңа.
Барлығын тізе беріп неғылайын, −
Ризамын Жадыраның ақылына.

Ол жерде ондай мансап іздемеп ем,
Құрмет те көбейді ғой бізге деген.
Осыдан осы жолы тұлпар алсам,
Қос-аға, Жадыра үшін сізге берем.

Әрдайым осылайша жарасайық,
Аға-іні, құбылаға қарасайық.
Қайтейін жақсы ағамен жағаласып,
Осымен мен бітірдім, тарасайық.

1990 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз