Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сақау мен Тоғжан айтысы (4-бөлім)

Сақау Мәукеұлы, Тоғжан Самайқызы · 3 мин оқу

Тоғжан:
Торайғыр біздің елде бойдақсиды,
Асқанша Қушоқыдан қунақшиды.
Асқан соң Қушоқыдан көзі алақтап,
Тоқтыдай баспақ болған бұлғақсиды.

Сақау:
«Қызыл тіл – өнер алды» үйренген соң,
Несібе, ырыс, дәулет мол берген соң.
Айтасың, оның несін, кәрі күңім,
Азықсыз, пейілің тар жіберген соң!

Тоғжан:
Торайғыр біздің елден жөнелді енді,
Есіл би азықсыздан енді өлді, енді.
Тамам биі қостасуға тақалғанда,
Қарасуы Шортандының кез келді енді.

Сақау:
Төлебай арғы атасы дем берген соң,
Өзіне Мейрам сопы жол берген соң.
Құтылсын қалай қашып біздің билер,
Алдынан мерзімді су кез келген соң?!

Тоғжан:
– Жіберді азық бермей маған, – деді,
– Өлеміз аштан, ойбай, тамам! – деді.

Балықты жусап тұрған көре салып:
– Салар ек қармақ болса, бұған! – деді.

Сақау:
Төлебай арғы атасы – елдің басы,
Өзінің Мейрам сопы жан жолдасы.
Жегенді балық алып, шамдайсың ба?
Шығарған пайғамбарлар бейіш асы.

Тоғжан:
Торайғыр тәубесінен жаңылмайды,
Қойшыбай қоға шайнап, аңырмайды.
Қасында жолдастарын қағып-соқса,
Бірінен істік ине табылмайды.

Сақау:
Бойында Торыкемнің міні бар ма,
Ойында Қойшыкемнің кірі бар ма?
Инені қайдан алсын біздің билер,
Сол жерде қала бар ма, үйі бар ма?!

Тоғжан:
Торайғыр ту басынан жаңылыпты,
Қойшыбай қоға шайнап, аңырыпты.
Қосақтап сауған қойдай тінткен екен,
Бір құлдан істік ине табылыпты.

Сақау:
Қырланған жылдан-жылға заман-дағы,
Жақсы да өтіп жатыр, жаман-дағы.
Инені жапан түзде тауып алса,
Жаратқан Құдай артық ағам-дағы!

Тоғжан:
– Құдайдың бәріміз де – құлы, – дейді,
– Бошанның кегін алды-ау ұлы! – дейді.

Инені жапан түзде тауып алып:
– Саламыз қайтіп иіп мұны? – дейді.

Сақау:
Бір құлы бес тезекті терген шығар,
Инені отқа салып, көмген шығар.
Кеңессін оның несін біздің билер,
Инені жасытып ап, иген шығар!

Тоғжан:
Торайғыр сонда инесін иіп алды,
Қойшыбай шегірткесін жиып алды.
Қылды да жіптен баулық, қылдан – тұзақ,
Қармақты: «Ал, балық!» – деп, суға салды.

Сақау:
Нәрсенің көз көрмеген бәрі жалған,
Баласы мұсылманның тілге нанған.
«Мынау менің өзімнің несібем!» – деп,
Төрт қарыс, сегіз елі шортан алған.

Тоғжан:
Қой, Сақау, өтірік айтып, өлмеймісің,
Алланың аманатын бермеймісің?
Ақ шабақ ерні үзіліп, суда қалған,
Тіліме менің айтқан сенбеймісің?!

Сақау:
Жанға қас, өтірік сөз – көңілге тоқ,
Тозақтан имансыз жан көреді шоқ.
Бір шабақ кетсе, суға кетті-дағы,
Жырылып желбезектен, ажалы жоқ.

Тоғжан:
Ақ шабақ ерні үзіліп, суда қалған,
Қойшыбай: «Ұста, ұста!» – деп, айғай салған.
Бастыра Торайғыр би ұстаймын деп,
Батпаққа оң аяғын тығып алған.

Сақау:
Кәрі күң, бұл айтқаның жалған шығар,
Біздің би дәрет ала барған шығар.
Ойпаң жерден іш дәрет аламын деп,
Аяғы көк майсадан тайған шығар.

Тоғжан:
Айтады Сақау өлең екіталай,
Жүреді сері бойдақ көшті жанай.
Қисулап, Хиуадан өте шықты,
Алшеке-ау, мына сөздің мәнісі қалай?

Сақау:
Адамның бермесіне түңілмеймін,
Ешкімге көзім сүзіп, үңілмеймін!
Жүгінсең, бұ тазыңа өзің жүгін,
Мен емес даулы кісі, жүгінбеймін!
* * *
Сақау Мәукеұлы Ақан серімен кездескенінде:

Бұл дәурен бір күнгідей әлі-ақ өтер,
Түбіне дүниенің кім бар жетер?!
Барға арзан, жоққа қымбат дүние ғой,
Алтынды сәукелеңді сыйға берсең.

Өлең көп, айта берсем, сөзім дайын,
Тең жорға төрт аяғым, жаңылмаймын.
Мал кетер, адам өлер, атақ өлмес,
Дүние өте шығар сағымдайын, −
деп, Ақанның елу құлын беріп жасатқан сәукелесін тәбәрікке алған екен.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз