Абыл мен Балдай қыз айтысы
Абыл Тілеуұлы, Балдай қыз · 1 мин оқу
Абыл айтысқандарын баудай түсіріп жүрсе де, Балдай дейтін қызды жеңе алмапты. Балдайды сүріндірмек оймен Абыл сол ауыл жігіттерінен ақын қыздың көңілдес адамын сұрайды. Олар Қабылдың Тіленшісі дегенді атайды. Абыл соны тілге тиек етіп, былай депті:
Абыл:
Отырған қарсы алдымда Балдайымыз,
Бал татыр, жесе, секер таңдайымыз.
Сендерді жақын-жақын дей береді,
Қабылдың Тіленшісі қандайыңыз?
Балдай:
Жаз болса − ауылдасым, сусындасым,
Қыс болса − қораласым, қызылдасым.
Қабылдың Тіленшісін бізге қосып,
Басыңыз, Абыл-еке, ауырмасын, −
деп, жеңіп кетеді.
* * *
Балдай қызды Абыл күйеуге ұзатылғаннан кейін де іздеп барып, айтысып, талай ұтылып жүреді. Бірде күйеуін көзбе-көз көріп, оның көзінің мінін айтыста ілік етеді:
Ақ Балдай, отырмысың ісіңді істеп,
Кісіге «Сөйлес» деген «Үйге түс» деп.
Қолыңа қонған құсың құтты болсын,
Болыпты көзі тыртық, түлкі тістеп.
Жарасар салсаң, тоқым қара көкке,
Құсыңыз қыран ба екен, салшы жеке.
Құсыңның оң көзінің жиегі жоқ,
Алмасақ, жиектетіп Сегізекке.
* * *
Абыл Тілеуұлы:
«...Отызға келген кезім, ерте қой өргізіп келіп, ұйықтап қалсам, біреу бір сұйық нәрсені аузыма құйып жіберді, жұтып жібердім. Ояна келсем, кеудемді өлең сөз кернеп барады екен. Осыдан былай қарай ақын болып кеттім».
* * *
Түркімен Мақтымқұлы: − Түсімде Абыл және
қарақалпақ Қаңлы руынан Ақтажы деген ақын қыз – үшеуміз бір жерде кесемен ас іштік. Қызбен екеуміз кесенің ішіндегі асын іштік те, Абыл кесені жұтып қойып еді. Абыл бізден кейін ақын болар, бірақ ақындығы артық болар, − деген екен //Сыдиықұлы Қ.
Өмір өрнектері. 76-б.;