Сақау мен Тоғжан айтысы (3-бөлім)
Сақау Мәукеұлы, Тоғжан Самайқызы · 2 мин оқу
Тоғжан:
Болғаны қиямет-қайым қашан еді?
Кенже ұлы Келдібектің Асан еді.
Жақсыны бұрынғы өткен ауызға алсақ,
Алаштан асып туған Бошан еді.
Сақау:
Кәрі күң, айта алмайсың сен белдікті,
Тартарсың маңдайыңа боз күндікті.
Бошанды күңнен туған сен салғанда,
Саламын Қуандық пен Сүйіндікті.
Тоғжан:
Атадан артық тудым туысымнан,
Ашулансам, Қарсұн, Керней қояйыншы таған.
Шықпайды уысымнан, болсам да күңнен туған.
Оң туғанмын, тең кеткен Алтай, Қарпық қонысынан.
Сақау:
Не дейді мына кәрі күң, Құдай ұрған?
Аумаған кім бар еді қонысынан?
Ақтауды Ортауменен қабат алып,
Кернейді Алшағырым қойдай қырған.
Тоғжан:
Әкесі әкеміздің – Жанкелді бай,
Салғанда қара өлеңге көңілім жай.
Бестауда қойы сыймай толықсиды,
Бір шеті Дегелеңде – Қойкелді бай.
Сақау:
Осы ма бар тапқаның күніменен?
Айтысып, пар келмейсің меніменен!
Малы жоқ қойдан басқа қу басыңды,
Алармын Сапағымның төліменен.
Тоғжан:
Арқаға келер кенттің сарт ноғайы,
Қазақтың қарыс артық бақ талайы.
Қарыштап қанша жерге барар еді,
Әуездің ақ жарылқар алты байы.
Сақау:
Кәрі күң, олай десең, көңілім жай,
Беруім оған жауап тым-ақ оңай.
Мантен, Таутан, Малкелдім жатсын былай!
Он екі мың өзінде қара бойдақ,
Атаң Шаншарға болмай ма Азнабай?!
Тоғжан:
Ертістің арғы жағы құба тал-ды,
Келді де, қу кедей, құл тынышымды алды.
Азнабай, Сапағын айтып салды,
Бошанның тамам байы кейін қалды.
Сақау:
Адамзат не демейді көңілі жайда,
Қылыңыз тәубешілік мынадайда.
Демесең, Алтынторы Ерейменде,
Жаяйын қанатымды Өтебайға!
Тоғжан:
Төрт байды төрт өлеңмен тең қылалық,
Қуалап өткен сөзді не қылалық?!
Жақсыны бұрынғы өткен ауызға алып,
Аз ғана Тіленшіні сөз қылалық!
Сақау:
Торайғыр, Шорман билер ақтың жолын,
Біледі Шоң менен Жанақ кең мен молын.
Ол қайда тірісінде түзу еді,
Мақтайды дәсер қылып өлген құлын.
Тоғжан:
Бітімге Торайғыр мен Шоң келді ғой,
Қойшыбай етке айналып, соң келді ғой!
Жан әке, жатқаныңнан басың көтер,
Жаныма жан қысылар сөз келді ғой!
Сақау:
Ол қашан Шоңнан асып сөйлеуші еді,
Демесең: «Бес Бошанды билеуші еді!»
«Тұрмасын жатқанынан!» – дейді ғой жұрт,
Тентегін телісімен сүйеуші еді.
Тоғжан:
Құдайым біздің елді көре қалған,
Жол салып, ала қойды бөле қалған.
Бар болса, сөзге сынық болмаушы едім,
Байғара шешен туған, өле қалған!
Сақау:
Бұл Сақау Байғараңды көрген еді,
Сусылдап, сөзін айтып жүрген еді.
Келгенде қызыл тілге Үкібайдан,
Шірік-ақ боқ сасыған төмен еді!
Тоғжан:
Табылар сусын қайдан көл болмаса,
Аш-арық күн көре ме ел болмаса?!
Байғара, Тіленшіні алған Құдай
Қоймады-ау Белгібайды тым болмаса!
Сақау:
Белгібай біздің елге барушы еді,
Сөзін айтып, алқаға салушы еді.
Орманшы-Кейкіменен дауласқанда,
Оралып балдағына қалушы еді.
Тоғжан:
Бұ сөзім барып жатсын бүйрегіңе,
Түздегің шақ келмейсің – үйдегіме!
Баласы бес Бошанның басын қосса,
Жетпейсің төрттің бірі ширегіме!
Сақау:
Қаракесек қап-қара күңнен туған,
Қазыбегі би болып, бетін жуған.
Төртуылдан төрт кісі атқа мінсе,
Сонда сенің басыңа зор күн туған.