Сақау мен Тоғжан айтысы (2-бөлім)
Сақау Мәукеұлы, Тоғжан Самайқызы · 2 мин оқу
Тоғжан:
Қызылтау, Баянаула бел-ақ еді,
Орманшы өз алдына ел-ақ еді.
Нағашың Шаншар болып, шырақ, тудың,
Кеспелік, Түрмелік дем шұнақ еді.
Сақау:
Жылқысын әкең Самай айдаушы еді,
Шалғын деп, шаңдақ жерге байлаушы еді.
Қыл, құйысқан, құр айыл, жіптен шеттік,
Ыстық күні ышқырының битін алып,
бырт-бырт шайнаушы еді.
Тоғжан:
Қыдырдың әкем Самай тілін алған,
Шешең Мәуке Ақкөлге егін салған.
Егінін шегіртке мен торғай жайлап,
Кеспелік, Түрмелігің жұртта қалған.
Сақау:
Рас, біз Ақкөл барып, жайлаушы едік,
Татуға бейіш асын ойлаушы едік.
Бетіме бұ жалғанда жан пар келмей,
Торғаймен әуедегі ойнаушы едік.
Тоғжан:
Сен жүрген бос қарқылдап жетім қарға,
Жейтұғын, жетім қарға, етің бар ма?
Төрт атын туған қайының ұрлап алған,
Құдайға қарар, Сақау, бетің бар ма?!
Сақау:
Жайлауы еліміздің Деген бе екен?
Еліміз Деген жайлап, төмен бе екен?!
«Атта тіл жоқ, ұрыда көз жоқ», – деген,
«Мен – қайныңның төрт атымын!» – деген бе екен?
Тоғжан:
Жағалай Марамикті бармадың ба,
Салықты Тасшоқыдан салмадың ба?
Ақсынба көрмегендей, кедей құл-ау,
Төрт атын туған қайының тал түсте,
Көре, біле, ұрлап қана алмадың ба?!
Онда Сақау былай жалтарды:
Жауғанда қара бұлт меңдей болар,
Кескенде жуан қайың жеңдей болар.
Мен ұрлықты қояйын, ойнасты қой,
Ұрлық, ойнас – екеуі бірдей болар.
Тоғжан:
Ай, Сақау, бұ сөзіңе көнгенім жоқ,
Алланың аманатын бергенім жоқ.
Самайдың ақ ордасы қызыл кенше,
Дәнеме әлі күнге көргенім жоқ.
Сақау сасайын деді: «Насыбай атып алайыншы!» – деп, шақшасын алды. Үйдің сыртында Айдабол-Шоңмұрын бидің қызы күндігін мойнына салып, Сақаудың жалғыздығына боз қасқасын айтып, ботадай боздап, жылап тұр екен. Сақау бөгеліп қалған соң, есі шығып кетті. Жүгіріп, кіріп келіп:
– Ағатай, шақшаңды берші! – деп келіп, құлағына сыбыр ете түсті:
– Осы күнде өзі екіқабат, аузы-мұрнынан шығып отыр.
Тоғжан титтей іркілген жоқ, былай соқты:
Саннан асып кетті ме-ай, Сақау, салтанатың,
Мыңнан асып кетті ме азаматың?!
Бетіме оның несін қылдың салық,
Қыз туса, таусылмайтын рабатың,
Ұл туса, атыңды ұстар қолғанатың!
Сақау:
Жан бергенге жөн берген Құдай тағала!
Құлына жаратылған өзі пана.
Бәңгіден бітсе, оған той қылар ем,
Бір біткен Ордабайдан арам бала.
Тоғжан:
Не қыласың манақа-санақаны,
Түйенің жарға ойнайды балақаны.
Бөтен жатқа қимасаң, мен – сенікі,
Кешке кел де, өзің сал қолалқаны.
Сақау:
Өктем-өктем сөйлейді малды кісі,
Балуандыққа түседі әлді кісі.
Кемдігіңді осыдан білмейсің бе,
Кісі астына жата ма жанды кісі?!
Тоғжан:
Жұлдыз жиі болмайды жыбырламай,
Жігіт мейірі қанбайды сыбырламай.
Бір кісіге бір кісі жан бере ме,
Өз пайдама жатамын қыбырламай.
Сақау:
Қойныңа, ау, Тоғжан қыз, алғаның ба?
Үстіне ақ төсіңнің салғаның ба?
Сақауды осылай айтсам, мәз болар деп,
Бір жауап бере алмай-ақ қалғаның ба?
Сақау:
Иллаһи, әлхият, дем бере гөр!
Бейіштің ортасынан жол бере гөр!
Көп өлең мұнан бұрын кім айтыпты,
Иа, бабам, Қарақожа, көтере гөр!