Сақау мен Тоғжан айтысы (1-бөлім)
Сақау Мәукеұлы, Тоғжан Самайқызы · 2 мин оқу
Сақау:
Қыз Тоғжан, жақсы болсаң, қарындасым,
Жаман болса, азабың арылмасын!
Қос атпен Қызылтаудан Сақау келді,
Ақмарту айтысалық, көтер басың!
Тоғжан қыз шошып қалды, шымылдықты серпіп тастады:
Үйімде жатыр едім, тойған қойдай,
Сұм жалған қызығына көзім тоймай.
Жуынып, жаңа бетім отырғанда,
Қу Сақау, жез көмекей, не дейді, ойбай?!
Сақау:
Сен – кепсер, мен жез едім, қинасалық,
Екеуміз бір Құдайға жыласалық.
«Сақауды кәрі, –Тоғжан – жеңдім!» – депсің,
Іздеп, Сақау кез келді, сынасалық.
Тоғжан:
Тарттың ба маған қарай томағаңды,
Сен қайда сыйлаушы едің өз ағаңды?!
Келгенің әдейі іздеп, мен болсам, кедей құлым, Берейін асықпай тұр, сыбағаңды!
Сақау:
Көп дәурен көзім көріп, сүргеннен соң,
Үстіме парша мәулім кигеннен соң,
Асығып, қашып, қайда кетер дейсің,
Қос атпен Қызылтаудан келгеннен соң?!
Тоғжан:
Көп түйіп қабағыңды, жамансың ба?
Кеш қалдың, ерте келмей, шабансың ба?!
Көп айлар көрмегелі, көп күн болды,
Қу Сақау, жез көмекей, амансың ба?!
Сақау:
Ақырған қараңғыда қара қабан,
Сақауға сөйлейтұғын келді заман.
Еліміз қорасаннан көп қырылды,
Құдайға шүкір, әлі жүрмін аман!
Тоғжан:
Ай, Сақау, жақсы болып, жай білмейсің,
Бойыңа ине-жіптей бір ілмейсің!
Жағаңда екі қолым – қияметте,
Қойныма бойдақ болып, бір келмейсің!
Сақау:
Биыл қыс біздің жақта жаман болды,
Жылқы – отарда, қолдағы ат шабан болды.
Жақсы болсаң, қойныңа келмес пе едім,
Мұрның кейкі, сипатың жаман болды.
Тоғжан:
Не дейді мына кедей жандай ғана,
Қалмайды қыр соңымнан сонда ғана.
Бірінде екі сөздің кемітеді,
Көрейік, ап кел жарық, сол өзін қандай ғана?
Сақау:
Шықшытты, алқымым тоқ, орайлымын,
Болғанда қарным жуан, шойдалымын.
Алып кел, алып келсең, жарығыңды,
Өзіңнен және қызыл шырайлымын.
Тоғжан:
Құлпы тон, көп киген соң, оңатұғын,
Адал ұл ата жолын қуатұғын.
Бетіме бар салығың – сол ма, кедей?
Өлеңім шырайымды жуатұғын!
Сақау:
Кәрі күң, кейкі тұмсық, сенен өлдім,
Елімнен саған бола, көңіл бөлдім.
Сені мен жеңбесіме немене енді,
Құдайға ақ сарыбас айтып келдім!
Тоғжан:
Ай, Тәңірім, айтқан сөзім жалған болмас,
Аузыма өтірікті Аллам салмас.
Шаншардың арам сідік баласы едің,
Құдайға айтқан тоқтың қабыл болмас.
Сақау:
Шоң биден шешен болдым, бата алған соң,
Қожадан ақ шалмалы хат алған соң.
Құрбыңа қай уақытта теңелесің?
«Кәрі күң, кейкі тұмсық» атанған соң!
Тоғжан:
Базардан базар барсаң, елітерсің,
Биені құлыны өлген телітерсің.
Мен – Тоғжан, сен Сақаудың заманында,
Бірінде екі сөздің кемітерсің!
Сақау:
Оқиды қожа кітап, пір болған соң,
Тең тартар, терезесі тең болған соң.
Кемітпей қайтуші едім, кәрі күңім,
Өзімнен және шолақ кем болған соң.
Тоғжан:
Өлеңге сен де керім, мен де керім,
Бұ сөзді не деп айттың, кемеңгерім?!
Сен оны ақылсыздан кемітесің,
Қан болып аузы-басың шыққан жерің!
Сақау:
Қырқады байлар қойын күземменен,
Қуарар көк жапырақ қазанменен.
Күлге аунап, қай ұрғашы бала тапқан,
Өзімнің о да біткен тіземменен.