Шортанбай мен Асан бұғы айтысы
Шортанбай Қанайұлы, Асан бұғы · 2 мин оқу
Шортанбай:
Замандасым, ей, Асан,
Тұрақсыз заман, ойласаң.
Бақ шіркінге мәз болма,
Тұрмайды баста байласаң.
Тұрмайтынның себебі,
Арқаны алған мынау жау,
Сені де қоймас түбі сау.
Саудамен тапқан тиынға
Әулиедей сыйынба.
Мұсылманның баласын,
Хан, ақсақал данасын
Қыспаққа алған кәпірге
Сенің-дағы малынды
Тартып алу қиын ба?!
Хақ пайғамбар тұқымы ем,
Медет берген бір ием.
Елдің зарын жеткізіп,
Сөз сөйлеген жиында
Айтыспақ боп менімен
Ниет еттің, ақыным.
Қайыры жоқ сөз айтып,
Кесапатқа көз айтып,
Тектен-текке күпір боп,
Шатыспассың, жарқыным.
Асан Бұғы:
Көп сөз айттың, Шортанбай,
Не демейді қу таңдай?
Мешітке ие қожасың,
Жанғұттымен құда боп,
Бар жақсыдан озасың.
Ойламасаң дүние ісін,
Есбаймен неге жақынсың?
Сөзіңе жұрт ұйыған,
Дес бермеген ақынсың.
Кереку, Семей барғыштап,
Ат, арғымақ алғыштап,
Ойлап кеттің бақ ісін.
Сен – пайғамбар тұқымы,
Мен – Әндіжан қожасы,
Тек сен ғана жақсы боп,
Бәрімізден озбақсың.
Саудамен дүние жиды деп,
Бұл орыстың ісі деп,
Алдымызға тосасың.
Шортанбай:
Сөз айтайын Асанға,
Дүниешілікке мақтанба,
Жәрмеңкеде қақтандың,
Дәулетің судай тасқанға.
Дүниеқордың мәнісі –
Жетпіске келді бұл жасың,
Дүниешік болды жолдасың.
Тәнім отқа күймесін,
Тілім менің тимесін,
Арғы атаң аруақты,
Кожасы еді бір елдің.
Жақсыдан шыққан қу келдің,
Ата жолын ұмытқан.
Дін оқытып, жөн айтпай,
Жаратушы иені айтпай,
Саудамен кеткен өз басың.
Әндіжандық сарт болдың,
Қай елдің ең қожасы?
Қаратауда туғансың,
Пәленше деген мырзасың,
Сарыарқаға келген соң,
Төрт аяқты жорғасың.
Осынша жиған мүліктен
Не көреді қу басың?
Таласың бар жалғаннан
Әлі де болса аспаққа,
Дүниенің боғы үшін,
Күнде жосып, аптықпа,
Ұяларсың лахатта,
«Мен раббың», – деп сұрағанда.
Асан Бұғы:
Қаратаудың халқы едің,
Бір атадан жалқы едің,
Есек мінсек, айып не?
Әуелде күнә жанға қас,
Арқаға келер, болар мас.
Мені бүгін сарт дейсің,
Қалжақтан ауыз жимайтын,
Дуалы сөз ішке сыймайтын,
Ала қашпа көк езу,
Сені атады Қызылбас.
Пір болған соң тантыққа,
Қалай заман бұзылмас?
Шортанбай:
Жәдігөй жарғыш болмаңыз,
Ақырет қамын ойлаңыз.
Жасың жетті жетпіске,
Иман бер деп сұраңыз.
Арқаға шығып, нан жедің,
Нан жедің де, дәндедің.
Сұлуы болса, сүйсем деп,
Жүйрігі болса, мінсем деп,
Күннен-күнге сәндендің.
Арқадан қылып жайлауды,
Әркімнен алдың байлауды.
Қиямет күні болғанда,
Қандай жерде мекенің
Сен ғаріптің сайлаулы?
Бұл айтқаным – ақылым,
Аталас туған жақыным,
Қиямет күн кез болса,
Пайдасы болмас қапының.
Ағартты Құдай басыңды,
Өлшеп те берген жасынды,
Сауда деген – елді арбау,
Қоярсың енді осыңды.