Орынбай мен Арыстан айтысы
Орынбай Бертағыұлы, Арыстан Тобылбайұлы · 3 мин оқу
Арыстан:
Жаратқан баршамызды бір Құдайым,
Алдында ақиықтай саңқылдайын.
Көп айдың көрмегелі жүзі болды,
Жүрмісің аман-есен, Орынбайым?
Орынбай:
Арыстан, сен де шешен, мен де шешен,
Басып айтпай, тасып айт, мені десең.
Көрмегелі біз сізді көп күн болды,
Өзіңіз де жүрмісіз аман-есен?
Арыстан:
Кез қылған екеумізді жалғыз Құдай,
Екі жүйрік кездеспес күнде мұндай.
Сөйле деп екеуімізді билер отыр,
Жарқыным, енді мұның жөні қалай?
Орынбай:
Мақтағанға қампайып тасушы емен,
Егеспеген кісіні басушы емен.
Маған берген Құдайдың бір мінезі,
Өзі тиген кісіден қашушы емен.
Арыстан:
Адамзат не қылмайды мас күнінде,
Жұртыңа туралық қыл бас күніңде.
Манадай мен Дүйсеннің қосшысы едің,
Сонда қайда қалып ең жас күніңде?
Орынбай:
Өтірік айтып, мақтанад кейбір залым,
Сенің мені жеңбесің жұртқа мәлім.
Сонда да шарға түскен менің малым,
Енді жетер деймісің маған әлің!
Арыстан:
Олай айт та, бұлай айт, жан шырағым,
Бір адамнан кем емес бірден бағым.
Сен өзің: «Сөзім көп», – деп мақтанасың,
Өлеңші ең қайда жеткен аруағың?
Орынбай:
Мен Қызылтау, Баянауыл, Семей бардым,
Қыпшақ Тәті мырзаға салық салдым.
Он құр ат, қос ішек пен тоғыз жамбы,
Сол секілді олжаны бір жолда алдым.
Арыстан:
Патша болсаң, құрулы алтын тағың,
Мырза болсаң, ерттеулі арғымағың.
Мынау тұрған Семейге барған болсаң,
Әлі ұзамай жүр екен аруағың.
Орынбай:
Сырдан өтіп, қол бердім жеті пірге,
Кімдер әуес болмаған біздей дүрге.
Семей барған кісіні мұнда дейсің,
Өзіңіз ұзап барғансыз қанша жерге?
Арыстан:
Төрт аяқты құтқармас, сен – бір тұлпар,
Құдиғанды құтқармас мен – бір сұңқар.
Қоқан, Созақ, Ташкенің мұнда қалып,
Барғанымның алысы – Үргеніш, Бұхар.
Орынбай:
Патша болсаң, мінерсің алтын таққа,
Кімдер әуес болмаған біз бейбаққа.
Қоқан, Созақ, Ташкенді көктей өтіп,
Не жұмыспен барғансыз сонша жаққа?
Арыстан:
Өтірік айтпан, күнәға бекер батып,
Мен келдім талай жердің дәмін татып.
Бұл қыдыртқан керуенге басшы болып,
Мен жүрдім серілікпен пұлым сатып.
Орынбай:
Олай болса, Орынға бергей несіп,
Өз ағаммен ойнайын, әзілдесіп.
Бұл қыдыртқан керуенге басшы болсаң,
Мәз болыпсың, жоныңды арқан тесіп.
Арыстан:
Молда емессің мал жиған қаламменен,
Жұрт алдында шықпассың жегенменен.
Менің әкем Тобылбай би кісі екен,
Мен сендей тілінбеймін өлеңменен.
Орынбай:
Ол рас, әкем – ақын, әкемнің жолын қудым,
Өлеңменен топ сайын бетім жудым.
Сенің атаң Тобылбай – жұрттың биі,
Би болмай, өлең айтып, неге тудың?
Арыстан:
Орынбай, жеңілдім деп, бас ұрмаймын,
Басымнан ақын сөзін асырмаймын.
Менің әкем Тобылбай билік еткен,
Онымды сенен қорқып, жасырмаймын.
Орынбай:
Білмесең, қырық парыздан үйретейін,
Сөзімді өзегіңнен түйретейін.
«Би баласы би бол» деп, айтып едім,
Би болмасаң, бақсы бол, мен нетейін?!
Сонда отырған билер күліп жіберіпті.
Арыстан:
А, жаным, бидей шешен қызыл тілің,
Өлең жақтан жоқ екен сенің мінің.
Билер сенің сөзіңе езу тартты,
Сөзің асты, сөйлей бер, жүйрік інім.
«Орынбай билердің аға сұлтаны болсын, оған тете билік айтатын Арыстан болсын», – депті билер. Атығай Әлкей ақын намыстанып, оған қол қоймай, былайша деген екен.
Әлкей:
Жастан кірдім жақсының арасына,
Сөйледім мен қазақтың баласына.
Қызыл тіл онда да бар, менде де бар,
Қол қойман Қарауылдың баласына.
Орынбай:
Өлеңге таусылмастай кең деуші едім,
Қызғанда жаман сөзді жөндеуші едім.
Екі жақ пен бір тілдің арқасында,
Бастарын сендей таздың емдеуші едім.
Сонымен Әлкей ақын тоқтап қалып, Арыстан екеуіне билік айтады.
Орынбайға:
Орынбай, дәл жиырмада жасың бар ма?
Тазын айтып, ағаңда қасың бар ма?
Көп ішінде ағаңның тазын айтып,
Тазға бөліп беретін шашың бар ма?
Сонан соң Әлкейге:
Аққу болғың келді ме қаз дегенмен,
Көбейер деп пе едің аз дегенмен.
Ініңнің базынасын көтере сал,
Шығын аз сенен шығар таз дегенмен.
Соңында екеуіне:
Бұл жерде өлең айтып керіспеңіз,
Керісіп, бір-біріңді сөгіспеңіз.
Атығай, Қарауылмыз – бір ауылмыз,
Ырыссыздың тайындай тебіспеңіз, − депті.