Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Құлмамбет, Түбек, Тезек айтысы (1-бөлім)

Құлмамбет, Түбек Байқошқарұлы, Тезек Нұралин · 3 мин оқу

Тезек:
Албанның көрдіңіздер Тезек ханын,
Тезектің бір жағы − ақын, бір жағы − әкім.
Айтуға төре өлең ұятырақ,
Сендердің өлеңдерің бойдай талым.

Бәрің де түйем менен атымды алдың,
Қырсығын кестім талай ақындардың.
Үш жүзден озған Түбек келе жатыр,
Бересіңдер не жауап, ақындарым?

Тезекті шалқып жатқан көл дейсіңдер,
Ордаға өкпелесең, келмейсіңдер.
Үш жүзден озған Түбек келеді дейді,
Келгенде, ақындарым, не дейсіңдер?
Ұзаққа қайсың шауып, сермейсіңдер,
Түбекке қайсың ер боп, бермейсіңдер?
Бұл Тезек – миуалы жеміс ағаш,
Келгенде сағындырып, жем жейсіңдер.
Егізақ, Тоғызақпен тыңда, шырақ,
Түбектің келе жатқан жері жырақ.
Құлмамбет, Шаншар ақын, Түбек келсе,
Қарғадай тұрып қалма бәрің шулап.

Құлмамбет:
Хан Теке, қасиетің ұшқындаған,
Жан едім өз бетімен іс қылмаған.
Тұлпардың тұяғындай асыл едің,
Ышқынып, жау келгенде пысқырмаған.
Ежелден темір сауыт жігіт едің,
Найзаны қиясына қыстырмаған.
Тұлпардың озып жүрген біреуі едің,
Шапқанда шылауына шаң жұқпаған.

Тезек:
Көк мұздан тағасыз ат тайғанақтар,
Мұндайда жаман ақын сипалақтар.
Ақыннан сондай үлкен қаупің жоқ па,
Болмай ма сұрап жүрсең, зәнталақтар?

Түбекке хан Тезекті бермеңіздер,
Өз басына мін тағып, көнбеңіздер.
Бұл жолы осы шалдан жеңілсеңдер,
Орданы тірі болып көрмейсіздер.

Құлмамбет:
Бетіне мысықтай-ақ бір шабайын,
Түбектің барлық жайын ұқтыр маған.
Адамның қара тілді бұлбұлысың,
Сөзіңді адамзатқа ұттырмаған.

Болғанда ер ағадан, тон – жағадан,
Соғады арлан бөрі тау сағадан.
Кепәрат сондайыңа болайын деп,
Алтынды аттап жүрмін босағаңнан.

Қаптаған қалың өртке қарсы шаппай,
Қатын боп қашалық па осы арадан?
Ордаңның халімізше қызметі үшін,
Айналып қорғап жүрміз қанша бір жан.

Құлмамбет – менің атым, Құланаян,
Екенім Құланаян Құдайға аян.
Түбектің сарындары жаман еді,
Тақсыр-ай, мұның жайын қылшы баян.

Мұндайда сөз табады ердің ері,
Хан Тезек, болып тұрсың елдің белі.
Тақсыр-ай, біз жеңілсек, өз намысың,
Бар ма еді бұл Түбектің кемдіктері?

Тезек:
Арқадан Найман ауып келген деймін,
Дәулеті біздің елден төмен деймін.
Аштықты доңыз жылы көтере алмай,
Нан алып, кісі сатып жеген деймін.

Бәрің де бұл Түбектен бұрын сақтан,
Түбекті ұшан-теңіз өлең деймін.
Біреуі қатынының жады қылып,
Жеті жыл шөгіп жатқан шемен деймін.

Болмасын тәкәппарлық, мақтан деймін,
Түбектен күні бұрын сақтан деймін.
Арқадан Қаракерей ауып келіп,
Доңызда біздің ел[ді] шапқан деймін.
Шабындық, ашшылықты көтере алмай,
Адамын қара нанға сатқан деймін.

Ішінде көп ағаштың бау жидесі,
Секілді тіл үйірген тау шиесі.
Ақсүйек, алтын жүзді, даңғыл жүрек,
Адамның бұл жақтағы әулиесі.
Жарасқан ақбоз атқа асан тамға,
Жігітсің саяң түскен мұсылманға.
Атаңның ақ аруағына нары келді,
Кеткелі сәлемдесіп Тезек ханға.
Самұрықтың екі басты балапанын,
Өлсем де, теңгермеспін тірі жанға.
Атаңның қанды балақ құсы келді,
Тиіскен қиясынан қашқан аңға.
Жау шапқан қиясынан айбалтасы,
Атаңның бақ қонғаннан басып санға.
Атаңның Алтай інді ақ бүркіті,
Айналып келіп отыр осы таңда.
Бар еді қонақтайтын бір тоғызым,
Көрінген мұнарландым мына жолда.

Олжа алған оза шауып, кермаралым,
Қазақтың мекен еттің кең аралын.
Баршасын жер-дүниенің өрт алғанда,
Қорғалап, бір бұтаға паналадым.
Қырандай аспандағы көз жіберіп,
Келешек болар істі аңлағаным.
Затыңа зиярат қылып келейін деп,
Атаңның аруағы еді арнағаным.
Пері емес, періште емес, азамат-ақ,
Қасиет Алла берген қолда барым.
Адамның баласынан артық туған,
Пөлкендік, өз әлінше жандаралым.
Хан Тезек, манаурамай байқап отыр,
Түбектің ұрандаған бар хабарын.
Тұяғы ақ бүркіттің сая тисе,
Демегін келгеніңді аңламадым.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз