Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шорабек пен Серік айтысы (3-бөлім)

Шорабек Айдаров, Серік Құсанбаев · 3 мин оқу

Бір көзбен сынай қарап тұрсың маған,
Бала ма әке алдында қымсынбаған.
Орыстың сөзін сөйлеп кетесің деп,
Туғалы кінә тағып жүрсің маған.
Орысқа жақын болсам Лермонтовпен,
Салтыков, Щедриннен сусындағам.
Екі елдің ортасына от тастайды,
Надандар достық іздеп құлшынбаған.
«Ит үрер, керуен көшер» дейтін болсақ,
Қайтеміз Солженицынды былшылдаған.

Әзілдеп осындай сөз арнасам да,
Білмеймін көңіл қылын дәл басам ба?
Абайдай болу қайда, өлеңменен
Арасын Қырым-Қытай жалғасам да.
Өзімше өзекжарды жыр жолдадым,
Алаулап Абайға ұқсап жанбасам да.
Орысқа «Ұлылықты»ұқсын десек,
Орысша айтысқан жөн анда-санда.

Шорабек:

Ешкім де бұл сөзіңе сенбейді ғой,
Миыма мына менің енбейді ғой.
Қалың қазақ ішінде өскеннен соң,
Орысшаға менің тілім келмейді ғой.
Орысша айтыс болса Нұрсұлтанмен,
Олжастар бас бәйгені бермейді ғой...

Ешқашан ұмытылмас ән кешегі,
Соғыста суып қалған жар төсегі.
Солженицын қоймаса шоқ тастауын,
Қайтадан бейбіт халық қан кешеді.
Тіріліп Пушкин егер келер болса,
Бет-жүзін әлгі екеудің көрмес еді.
Өйткені Жириновский, Солженицын,
Қан құйлы бұл заманның Дантесі еді.

Ол рас, Пушкин – ақын, терең адам,
Барады болашаққа өнері аман.
Анамыз туыс екен екеуіміздің,
Ендеше мақтанбасқа неге маған.
Ол арабтан туыпты, мен – Қожадан,
Екеуін енді қалай бөле-жарам?
Айдолла кеше саған айтқандайын,
Так что, мен Пушкинге бөле болам.

Осымен тақырыпты шектейміз бе?
Бәрібір ұлыларға жетпейміз де.
Сен Абайдан, мен болсам Құнанбайдан,
Садаға екеуіміз де кетпейміз бе?

Ақыры кеп тұрмаса өте жөні,
Абай боп, Құнанбай боп не керегі.
Құнанбаев болмай-ақ Құсанбаев,
Абайға Серік болсаң жетер еді?!.

Ай, Серік, осыменен қоштасайық,
Демейік, жолдастықтан еш қашайық.
Екі жүз жылдығында Ұлы Абайдың,
Тағы да Ақтөбеде бас қосайық!...

Серік:

Шабытсыз ақынға да сөз келмейді,
Ешнәрсе елдік болмай өзгермейді.
Шорабек, тарих дейтін тағылым бар,
Өткен мен кеткеніңді безбендейді.
Қос тіл деп жан ұшырған шала қазақ,
Орысша ауыздыға сөз бермейді.

Қызықпен өміріңді өткердің бе?
Көргенсің сан сынағын өткелдің де?
Осымен қояйық деп, бұл айтысты,
Шынымен Шорабегім шектелдің бе?
Әлгінде баса айтып ем кей сөзімді,
Сол үшін бұл ініңді жек көрдің бе?
Рөліне өзің қойған Абайың ем,
Аз ғана қызығымды көп көрдің бе?

Ел едік бойда қуат, бар намысы,
Бәрі де Алла ісі, жалған ісі.
Кешегі Құнанбай да, Абай-дағы,
Қазақтың мақтанышы, ар-намысы.
Солардай болмасақ та отыз минут,
Халықтың болдық біздер алданышы.

Ұл болып сүтін емгем мен де ананың,
Құнанбай болмай-ақ қой сен, қарағым.
Ақ сөйлеп, Абайлардан үлгі алып,
Шылбырын көтермедік шенді ағаның.
Халықтың қоштауымен, қолдауымен,
Төсінде дүбір салдық кең даланың.

Болып қал дедің маған Құсанбаев,
Әңгіме айта берсек ұшан ғайып.
Халқымыз қолдау беріп, шап, – деп жатса,
Біздағы айтар сөзге тұсалмайық.
Қанағат қарыныңды тойдырса егер,
Кел, аға, қоштасайық құшақ жайып.

Шорабек:

Құдайым тағы бізге бақ бере ме?
Тағы да бір шаттықты ап келе ме?
Абайға той жасаған, енді туса,
Туады ендігі Абай Ақтөбеде...

Серік:

Айдаров айдарыңнан жел еседі,
Өзіңе қандай жүйрік теңеседі.
Ағаның аңқылдаған әзіліне,
Ақылы аз іні ғана егеседі.
Сенемін ел билеген ерлеріме,
Қазақтың жарқын болсын келешегі.

1994 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз