Серік пен Әселхан айтысы (3-бөлім)
Серік Құсанбаев, Әселхан Қалыбекова · 3 мин оқу
Ініңіз жыр маздағын жағып отыр,
Өзіңе кінәні ептеп тағып отыр,
Алайда, оған апам кінәлі емес,
Ішінен басын шайқап налып отыр.
Елдегі әкімдерің сол мәселені,
Көтермей ақын апа неғып отыр?
Әселхан:
Бұл күнде айналып тұр бұл расқа,
Замана кетті тіпті жылымасқа?
Шәмшіні, аялауға көтеруге,
Болып тұр Шәмшіекеңнің жүзі басқа.
Тіл кеспей айтарды айтып қалу керек,
Жеріңе өзің айтқан налу керек,
Бір істі Шымкентте бітіру үшін,
Алдымен Дулат болып алу керек.
Кентаулық естідің бе кеншілерді,
Асусыз бір тұйыққа ел тірелді.
Алмаған соң айлап-жылдап жалақысын,
Ашуы кеншілердің өршігенді.
Білместен күн батысын, таң атысын,
Қопарған қара жердің қара тысын.
Кеншілер жұмысына қайтады ғой,
Қайтарса мемлекет жалақысын.
Аштықтан арлан жатса иретіліп,
Қу түлкі жем қылмай ма шиге тығып.
Көгертті мына заман ішімізді,
Бітпестен, ия қоймастан сүйретіліп.
Көп жоқтың бар жоғы ғой олардікі,
Онымен орала ма қоғам құты,
Теңге емес теңдік іздер күн туар ма?
Аяққа басылды деп адам құқы.
Әділетті жақтаған бір депутатты,
Бір есер ұрып жығып ел шулатты,
Сол есерден пара жеген тергеушілер,
Ол істің шала-пұла бетін жапты.
Қиын ғой мына заңның есеймегі,
Жаншылды ел арманы көкейдегі.
Білседе ақ-қараны ләм деместен,
Үн-түнсіз отыр Шымкент дөкейлері.
Қарасаң кіршігі жоқ бой басына,
Мың құрық бойламайды айласына.
Заңгерлер залым молда боп кетті ғой,
Шариғатты бұрып айтар пайдасына.
Серік:
Ақиқат ақ сөйлеуді ұнатады,
Өлмейді ол, өркенді елде гүл атады.
Қайсы бір дінде жүрген дүмшелерім,
Жігеріңді құмдай ғып құлатады.
Бұл күнде қалталының бәрі қажы,
Ондайлар бізді кейде жылатады.
Шалқымай қалмас көңіл сірә бүгін.
Өлеңнің маздап жанар шырағымын.
Домбыраң сөйлей алмай Әсел апа,
Кеп жатыр жәрдемші боп мұғалімің.
Шәмшінің жөнін сізге жүктегенмін,
Ойымнан шықпады ма діттігенім.
Аядай бір Шымкентте бұл не сұмдық,
Көзімізді бақырайтып жіктегенің.
Бірлікті айтады ғой бұл ақындар,
Сізден мұндай рушылдықты күтпеп едім.
Әселхан:
Айтысқа шықты ақындар,
Серіппедей атылып,
Бірлікті айт деп отырсың,
Жауыр болған тақырып.
Көп ішінде көсемдер,
Бірлікті айтар қатырып,
Былай шыға көз қысар.
Өз жүздесін шақырып.
Ел бөлініп жатқан жоқ,
Ел басқарған көкелер.
Бақылдаған текелер,
Түшкіргені мәкүрік,
Аузына алып Құдайды,
Өп-өтірік жылайды.
Қора-қора сабан сөз,
Біріктірмес ылайды.
Төле, Әйтеке, Қазыбек,
Үш жүзімнің құтындай.
Ошақтың үш бұтындай.
Бірі келіп Сыр жақтан,
Бірі келіп қыр жақтан,
Бірі келіп ой жақтан,
Бір қазанды қайнатқан,
Ордабасы үстінде,
Бір ошақты майлатқан,
Бір-бірін сөзбен алар да,
Қарсы шықса сонарға,
Қисынын тауып әділет,
Қосыла кеткен жол арна,
Осылардай ұл тумай,
Шындық үшін жұлқынбай,
Халыққа бірлік қонар ма?
Серік:
Заманды нарық, сірә, билейді екен.
Сорлыға несібесі тимейді екен,
Кешегі Абай атам айтып кеткен,
Жамандыққа бұл заман күйлейді екен.
Бөлінген жүзге, руға басшылардың,
Неге апа жүздері күймейді екен.
Маржан қып тағы жырды шашар ма еді,
Құйқытып құба белден асар ма еді?
Кешегі Ауғанстан секілді қып,
Соларды дара ағашқа асар ма еді.
Түңілме қазағымның тірлігінен,
Сұрап апа алғандайсың жырды кімнен.
Ынтымағы ыдырамай ырысты елдің.
Құдайым айырмасын бірлігінен.
Құдайым қуат берсін дінімізге,
Құдайым шуақ берсін тілімізге.
Тілменен дінім егер өшіп жатса,
Шықпайды сонда таза үнімізде.
Әселхан:
Болса да екі аяғым тең секілді,
Әлі де айтпағаным кем секілді,
Лақтырып енжарлықты тастамасақ,
Созылар суға тиген көн секілді.
Қыбырсыз мүшкілдіктен, жақсылық жоқ,
Арбалған әбжыланға жем секілді.
Серпіліп дүниеге сергек қарап,
Тазарып тәуба қылсақ жөн секілді.
Тыңдаушым енді бұған тоқтасайық,
Тағы да ел қаласа бас қосайық.
Жалығып кетер Серік халық бізден,
Тұрғанда дәмі кетпей қоштасайық.
1993 жыл.