Әселхан мен Аманжол айтысы (2-бөлім)
Әселхан Қалыбекова, Аманжол Әлтаев · 3 мин оқу
Біздіңше бұл тойдың жоқ баламасы,
Ханның да, қараның да бар аласы.
Көңілді көкке қарай жетелейді,
Абайдың аппақ болған сағанасы.
Шаттықпен қанаттарым еркін самғап,
Шарқ ұрып келе жатыр шағаласы.
Алашым бүгінгі бар қиындығың,
Бостандық отауының садағасы.
Аманжол:
Жүйріктер жатқан кезде көмбе келіп,
Екеуміз сөз сөйлейік жөнге келіп.
Отырсыз оң жағымда, асыл апа,
Бүгінгі толған айдай дөңгеленіп.
Жырымды ұлы тойда тұлымдаймын,
Жан апа, жөнсіз жерден ұрынбаймын.
Секілді мама бие сіз жорытқанда,
Соңыңнан шұрқыраған құлындаймын.
Тарихтан Абай аты өшпес білем,
Ел бағы бірлік барда көшпес білем.
Абайды түсінбеген қазақтарға,
Ақ сүтін һауа ана да кешпес білем.
Соққанда өткен өмір мұңды ызғарын,
Халқымның еңіреткен ұл-қыздарын.
Ақылбай, Мағауия мен Әбіштерім,
Қыршын боп ерте кеткен жұлдыздарым.
Кеңестің кезеңінде қамшы батқан,
Тектінің ордасында жалшы жатқан.
Абайдың соңына ерген Шәкәрімді,
Қызылдар тас құдықта қансыратқан.
Айыптап алып сырын ұққан ұлды,
Саясат сайқалдықты тұтқан үлгі.
Қазақтың Ұлы Абайын жазғаны үшін,
Мәскеуге қудалады-ау Мұхтарымды.
Ұлы ата, елің барда ордалысың,
Сиынар бар ақынның қорғанысың.
Бір кезде Абайға да көз алартқан,
Жазығы бай баласы болғаны үшін.
Бағаңды болашағың береді, ата,
Соңынан дүйім алаш ереді, ата.
«Қазағың, қалың елің, қайрн жұртың»,
Бұл күнде тәй-тәй басып келеді, ата.
Ініңнің ақ сұңқардай самғағаны,
Тұғырын қарт Шыңғыстан таңдағаны.
Ой басын өзің болып бастаған соң,
Бауырыңның ойға ойды жалғағаны.
Әселхан:
Ақынмын алды-артымды амалдаймын,
Сипаған маңдайыңнан самалдаймын.
Әйтеуір, жеңем деген ниет болса,
Демеймін оның жөнін таба алмаймын.
Бозінген өз ботасын шайнамайды,
Сәулесі түскен жансың саған да айдың,
Айналдым отырысыңнан, сөздеріңнен,
Тұп-тура өзім тапқан анаңдаймын.
Тарихтың көз салсаңыз заңғарына,
Келмейді бүгінгі күн талғамына.
Абайдың әкесі де, атасы да,
Ешқашан жете алмаған арманына.
Дегенмен сол арманға жетер жолда,
Тәптіштеп ұрпағына айтқан оңды.
Бәрін де қатал айтып түсіндірген,
Болмаған бұндай адам бұрын-соңды.
Жетпіс жыл жалаңдықтан арылмадық,
Көсем деп кімдерге біз табынбадық.
Аға-іні, әке-бала араздасып,
Жем болдық көрінгеннің малын бағып.
Шырағы енді Абайдың емес өшпек,
Жас ұрпақ ірілерін жатса көксеп.
Жақсы сөз жастайынан қанға сіңіп,
Абай бол жамандықтан Абай десек.
Нұрлы ақын жамандықтың жолын қағар,
Кеудеңе ыстық қайрат шоғырланар.
Алыпкер жас ұрпақтың қолыменен,
Абайлық асыл мұрат орындалар.
Бағасын мынау тойдың ел біледі,
Алашым аңсайсың-ау, енді, нені?
Ақынның арманынан лүпілдейді,
Атомнан жарылмаған жер жүрегі.
Абайдың әрбір сөзін ұққан сайын,
Жанымыз таңғы шықтай мөлдіреді.
Құлпырып масатыдай жердің жүзі,
Күн көзі ата-анадай елжіреді.
Аманжол:
Құт тауып әр сөзіңнің есесінен,
Көңіліңнің сыр ауладым көшесінен.
Жырыңнан сусындадым, асыл ана,
Тоғжанның шай ішкендей кесесінен.
Танырсың жүйріктерді таңбасынан,
Абай деп жыр толғаумен таңды асырам.
Ұрғаны анасының сипағаны,
Ұрсаңшы қамшы сөзбен жамбасымнан.
Қауызың, асыл ана, гүлдесінші,
Қарашым әр кезде де бізге сыншы.
Созғанға өлеңіңді мынау халық,
Ақындар жаттанды деп жүрмесінші.
Жан апа, жан емессің затың жасық,
Біз шаптық Қарауылда тақымдасып.
Екеуміз екі жаққа тартып кетпей,
Сондықтан сөз сөйлейік жақындасып.
Әселхан:
Ағайын ризамыз құлақ салған,
Аманжол, айналайын, сендей жаннан.
Екеумізді жаттанды деп ешкім айтпас,
Шыққанбыз талай рет емтиханнан.
Абайдың ұрпағы бар, ауылы бар,
Мақтауға тұратындай бауыры бар.
Қалихан, Мағжан, Хафиз ағалардай,
Көкірегі алтын сандық тау ұлы бар.
Абайым шықты міне, төрге міне,
Жұлдыз боп жарқырайды ел көгіне.
Қарсы алды баладайын, анадайын,
Жер ана жұпар түйіп жер көгіне,
Той тойлап, аты арып, тоны тозған,
Мың алғыс Алашымның ерлеріне.
Елімнің еркесі өзің сөйлейтұғын,
Бақ дарып, қыдыр қонсын ерлеріме.
Аманжол:
Тербеліп мақпал кеште дала жатыр,
Риза боп ұрпағына баба жатыр.
Анаммен әдеп сақтап сырлассам да,
Шытынап қос балағым бара жатыр.
1995 жыл.