Әселхан мен Мұхамеджан айтысы (2-бөлім)
Әселхан Қалыбекова, Мұхамеджан Тазабеков · 2 мин оқу
Әселхан׃
Басуға мәңгілікке қадам жетпес,
Тіріде қадіріңе бала жетпес.
Қасқыр боп, арыстан боп аңдысқанмен,
Алладан пәрмен болмай ажал жетпес.
Мәңгілік өлең жырдың асқарындай,
Өлеңнің өлмейтұғын дастанындай.
Жинақы жырың қолмен қойғандайын,
Арқаттың қатпар-қатпар тастарындай.
Көкпенбек кең өлке жоқ басқа ауылда-ай,
«Көкпенбек» атты ауылдың бастауындай.
Көзімді қарықтырды күміс көлдер,
Тоғжанның түсіп қалған шашбауындай.
Арылып көрмесе де қайғы өмірден.
Өнерге мен қараймын бай көңілмен.
Шыңғыстың шың-құздары тыңдайды екен,
Ұлы Абай ән салғанда Әйгеріммен.
Көтерген ел сенімін арқасына,
Жүйріктер шықты елдің ортасына.
Бірігіп шықсын бүкіл қазақ бүгін,
Шыңғыстың шұбар ала тау-тасына.
Әселхан көргендерін еселесін,
Біздерді нағыз ақын десе десін.
Көргенде қазақ рухы бір сілкінді,
Абай мен Шәкәрімнің кесенесін.
Бұл тойда көрген қызық бір ғасырдай,
Қуаныш көкіректе тұр басылмай.
Алып ару далаға таға салған,
Қос кесене, қос күміс сырғасындай
Алыстан көрінісі сондай дер ем,
Басқалай теңеу таппай қарай берем.
Ақындар мұны неге жырламайды,
Сонда жатыр Шәкәрім, Абай деген
Киесі әруақтың сол емес пе,
Алдыңа көрсеткендей шарайнамен.
Мұхамеджан:
Жиһанкез жер танымас кезе білмей,
Еш жерден ел табылмас өз еліңдей.
Арманы аласармай қазақ халқы,
Заңғар ұл туыпты өз кезегінде-ей.
Абай биік болғанмен бәйтеректей,
Сөзі шырын, ақ қайың өзегіндей.
Біздің Абай бұл күні әлемге ортақ,
Мұхитқа құйған Ертіс өзеніндей.
Тұратын Тобықтылар бірлігінде,
Көрсетіп барлық қазақ ірілігін де.
Осындай той, ағайын, өтті ме екен?
Осынау Алты алаштың тірлігінде.
Әлемге Абай ортақ болмаса егер,
Туар ма еді Еуразия кіндігінде?
Абайдың асыл жырын шырақ қылсақ,
Кеудеден ағып шыққан бұлақ қылсақ.
Жан дүниесіне біз сонша жақындармыз,
Өзінен қаншалықты жырақ тұрсақ.
Аман бол, тау дарындар, дәу ғалымдар,
Жабықтан сәуле болып сауладыңдар.
Әлемдегі әдебиет ордасынан,
Алтын тағын Абайдың дауладыңдар.
Ұлы бабам қазына қалдырыпты,
Орныменен олжадан сауға алыңдар.
Қазақтың қоржынында қор ғып қоймай,
Әлемнің қазанына аударыңдар.
Халықтың хан – бөрігі, би – белдігі,
Қара нарда қадір зор иген күні.
Өз еліне өзектей пайда тимей,
Жігіттің кімге керек үйде ерлігі.
Алты алаш ардақтаған асыл Абай,
Алланың шығар, бәлкім, сүйген құлы.
Ал, халқым бақытынды таптың қандай,
Көңіліңді қандай іс бар шат қылғандый.
Шәкәрім мен Мұхтардың топырағын,
Атомдарға қор қылмас тапқыр маңдай.
Сахаровтың сандалған сарбаздары,
Адамдарды жұтуға сап құрғандай.
Жақсының да ірісін, жаманның да,
Жаратқаным Семейге тап қылғандай.