Айтақын мен Аманжол айтысы (1-бөлім)
Айтақын Бұлғақов, Аманжол Әлтаев · 2 мин оқу
Айтақын:
Ақынның аңсайтұғын жыр арманы,
Халқы болса қалаулы тұрар мәңгі.
Өшкені жанып, өлгені тірілген ел,
Армысың Қызылжардың қырандары!
Алдыңа шықты міне арғымағың,
Ауыздықпен алысып арындадым.
Қызылжар алыптардың мекені деп,
Жырымның төктім енді жаңбырларын.
Армысың, қарсыласым, жанымдағы,
Өзіңді көріп жүзім жадырады.
Сөз кезегі өзіңде бастай бергің,
Тоқтама Қарағанды саңылағы.
Аманжол:
Жол болып мен де келдім базарыңа,
Жырыммен ілінсем деп назарыңа.
Жүздегі жасынына той жасаған,
Бір сәлем қызылжардың қазағына.
Қызылжар киелі елсің нарқы жатық,
Ағызған жыр бұлағын сарқыратып.
Аулыңа той болған соң тағы келдім,
Мінгізген күреңіңді арқыратып.
Бұл өлке ырысы мол мақтан дала,
Әр таңы арайланып атқан дала.
Үш жүзге үлгі болған Тоқсан бидің,
Толғанып тереңнен сөз тапқан дала,
Кешегі Сәбит пенен Ғабит ағам,
Нәр алып, түлеп қанат қаққан дала.
Еркесі алашымның Сегіз сері,
Керілтіп кер бестісін шапқан дала.
Мағжандай дара туған ақынына,
Той жасап дүркіретіп жатқан дала.
Ұл едім ұлтым үшін шұрқыраған,
Толғанып жүрегінен жыр құраған.
Армысың Айтақындай ақын ағам,
Тістеніп қос иығын жұлқылаған.
Айтақын:
Жайым бар шабыттансам аспандайтын,
Аспандайтын және де жасқанбайтын.
Әдетім айтысқанда мұз бүркеніп,
Екі көзім қанталап тай шайнайтын.
Қылмассың іске алғысыз жоспарымды,
Батырдай бұзып өтем тосқауылды.
Айтыста жақсы көрем тартысқанды,
Және де бермеуші едім көкпарымды.
Айтайын құтты болсын алғаныңа,
Құдайым бақыт берсін жан-жағыңа.
Қу тізеңді құшақтап жүруші едің,
Аманжол жетіпсің ғой арманыңа.
Ал енді бұзылмасын салтанатың,
Тілеймін ұзақ өмір мархаббатын.
Және де мен тіледім інім саған,
Мағжан мен Зылиханың махаббатын.
Ойлама бұл ағаңды қылжақсың деп,
Ой айттым жүрегіңде жыр жатсын деп.
Келінім құтты болсын аяғынан,
Тілеймін Мағжандай бір ұл тапсын деп.
Аманжол:
Ағаммен отырғам жоқ арбасам деп,
Мен ұштым жыр көгінде самғасам деп.
Мағжан мен Зылихадай болмасам да,
Мен жүрмін қасиетін жалғасам деп.
Шабытсыз ел алдында сайраған ба,
Жігерсіз белді бекем байлаған ба.
Қанталап екі көзің отырса да,
Бұл інің көне қоймас шайнағанға.
Бақытты болашақтан күткен едім,
Қомданып қанатымды сіліккен едім.
Қазақтың қасиетті дәстүрімен,
Ол рас отауымды тіккен едім.