Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Серік пен Әселхан айтысы (2-бөлім)

Серік Құсанбаев, Әселхан Қалыбекова · 2 мин оқу

Алдыңда үміт оты күлімдесін,
Өзіңді жұлдыздай бір түнім десін.
Сыр бермей сара жолдан желіп өткен,
Босаңдығың ешқашан білінбесін.
Алла деп үкілеген жыр тұлпарың,
Тілегім өле-өлгенше сүрінбесін.

Әселхан:

Серікжан, ел сенімін ақтай берсін,
Әпкесін өйтіп-бүйтіп мақтай берсін.
Түркістанның түйіп алсаң топырағын,
Тіл көзден сені қалқам сақтай берсін.

Халқыңа парызың көп өтелетін,
Ізгі ойлар көңіліңді жетелесін.
Азамат болсаң егер әріптесім,
Сен дағы ер күнәсін көтересің.

Біріміз-бірімізді мақтап алып,
Айтылар сөзді артқа сақтамалық.
Қоғамның шіріп жатқан күнәсінен,
Ерлерді көрші кәне, ақтап алып.

Серік:

Кеудеңде бір жүйрік жыр жұлқынады.
Шабытың келген кезде жыр шығады.
Байқаймын апатайым аузын ашса,
Көмейден зарға толы үн шығады.
Қоғамның былығы көп, шылығы көп,
Соны айтуға талайлар тұншығады,

Ініңмін өнерге бас иіп жүрген,
Ыстық пен суығына күйіп жүрген.
Сөз сөйлеп тоқсан ауыз топ алдында.
Айтарын тобықтай ғып түйіп жүрген.

Ақындар домбырасын қолға алады,
Айтсам деп заман жайлы толғанады.
Атын атап, түсін қазір түстемей-ақ,
Айтайын қоғам жайлы сондадағы.

Бүл күнде ақтарылып халық деген.
Жеті алмай жетер жерге зарықты өлең.
Ауылда тауық мінез басшылар көп,
Қалғандай орта жолдан ауып келген.
Осыны жер-жерлерде айтыста айтып,
Басшылар құлағына салып келгем.
Мал бітті өрісіңде ей, ағайын,
Геноцит боп кетет деп қауіптенем.

Барады саясатқа айналып жыр,
Пысықтарың шаппай-ақ, бәйге алып жүр.
Айлық жоқ ала-жаздай мынау халің,
Бар теңге базарыңды айналып жүр.
Банкир мен коммерсанттың ым жымы бір.
Мұрттары сорпа ішкендей майланып жүр,

Туады халқым жарқын күнің анық.
Зарлыға сөз айтамыз күліп алып.
Кеңдікті кең даладай көрсететін,
Қазағым пейілі кең ұлы халық.
Осы ойды Әсел апа үзбеңіз тек,
Жөнелші әрмен қарай іліп алып.

Әселхан:

Көрінді өлеңіңнің сынық тасы,
Мұныңды енді былай дұрысташы,
Тауыққа жамандарды теңеп тұрсың,
Адал ғой тауықтың да жұмыртқасы.

Қайда осы келіп жатқан Тәуелсіздік,
Жақсылық күте-күте күдер үздік.
Әншейін дабырайған нәрсе сынды,
Әңгіме қылатұғын сіз бен біздік.

Айтпайды ақын өлең тоқтығынан,
Не пайда сахнада соқтығудан.
Қасірет шегіп жатса қалың халық,
Әлі сол Тәуелсіздік жоқтығынан.

Келген жоқ Тәуелсіздік бізге әлі,
Әзірше сор татиды оның дәмі.
Бостандық, бостандық деп бостандықтың,
Бос қалған бос сандықтай кетті сәні.

Қоғамның тұрғаннан көп жығылғаны.
Жаныңның шымырлайма шыбын жаны.
Алаңдап Ресейге отырмыз ғой,
Сағаттың қозғай алмай тіліндағы.

Серік:

Болашақ болжап көрсем кеткен екен,
Саясат сенің сұрқың өктем екен.
Дамыған берлық елдер бұл қазақтың,
Қазіргі кезеңінен өткен екен.
Әлемге аты шыққан жапондықтар,
Отыз жылда осы халге жеткен екен.

Халқым деп көңіліңді жасытпаған,
Деп ойлаймын көңіліңіз ашық маған.
Ақынба мұндай тойда тебірентіп,
Көңілден көк өзен жыр тасытпаған.
Біздерге келеді апа, ондай күндер,
Қоян алар демей ме, асықпаған.

Көңіліңде гүлдей берсін көктем гүлі,
Көрінсін өлеңіңнің өктемдігі.
Шәмшінің еліненсің, Шәмші ағамды,
Айтып ем өзіңізге өткен жылы.

Ақындық парызың сол өтелді ме?
Намыста кейде қолдан кетер міне,
Көшесін бергеніңе біз қуандық,
Ал басын Шәмші ағаның көтерді ме?

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз