Әселхан мен Аманжол айтысы (1-бөлім)
Әселхан Қалыбекова, Аманжол Әлтаев · 3 мин оқу
Әселхан:
Жүйріктер алқынбайды шапқанда өрге,
Бет жудым мөлдіреген мақтан көлге.
Әулиелі жерден кеп сәлем бердім,
Ақынның әулиесі жатқан жерге.
Әріптес, мына Аманжол ұлмен жасты,
Жыры бар ерітетін қара тасты.
Амал жоқ анасымен шығып қалды,
Бұраң бел, табылмастан қиғаш қасты.
Қадамың, Аманжолжан, құтты болсын,
Анаңыз ақ тілекпен шашу шашты.
Қазағым ғұрпың менен салтың күшті,
Әдетін ұмыттырған салқын нұсқа.
Өзіңнің өзегіңді жарып шыққан
Ұлына енді ұят нарқыңды ұқты.
Қазақты арқаңа бір көтердің-ау,
Киелі, қасиетті хан Шыңғысты.
Бір саты қазақ алға өрлеген той,
Баласы алты алаштың терлеген той,
Мейірім жүйткіп шапқан желдей есіп,
Аспан-жерді дүр шаттық кернеген той.
Бір емес, үш кемеңгер дана тапқан,
Біздердей қасиетті елменен той.
Бұрайын әріптеске аттың басын,
Демесін Әселхан кезек бермеген той.
Аманжол:
Бір сәлем, қалың елім, ардағыма,
Таралған тоқсан шөлдің тармағына.
Алашым, қара орманым, аманбысың,
Бас иген ұлы Абайдың әруағына.
Шапқанда боз даламның бауырынан,
Балаңның тер ағады сауырынан.
Қыз беріп Құнанбаймен құда болған,
Бас идім Алшынбайдың ауылынан.
Көтеріп әр тұғырға әр асылын,
Табанға таптатпаған алаш ұлын.
Ордалы Ұлжан ана ауылының,
Үкілеп топқа қосқан баласымын.
Алыптың ағылғанда бұлақтары,
Бас иген талай нәсіл жырақтағы.
Қазаққа құт әкелген Абай ата,
Әруағың риза болсын жұмақтағы.
Ұлы Абай өлеңіңмен ер жетіп ем,
Жасымнан ақ бесіктей тербетіп ең.
Түлеткен Телқарасын қарт Шыңғыстың,
Мен бүгін шаттық көрем келбетінен.
Тойыңа һакім ата сауын айтып,
Сұраймын сүйіншімді жер бетінен.
Алысқан мыңмен жалғыз – батыр Абай,
Патшасы өлең сөздің – ақын Абай,
Әлемге қараша үйден есік ашқан,
Бір сырлы, сегіз қырлы һакім Абай.
Тірліктің түсінгенге тірегі Абай,
Білімнің бес қаруы, білегі Абай.
Аллаша атын айтқан мұсылманның,
Дем беріп жүрегінде жүреді Абай.
Дамылсыз талай ғасыр соғатұғын,
Қазақтың лүпілдеген жүрегі Абай.
Өлеңім, қасиетім қанымдағы,
Өлеңім, ақ жалауым арымдағы.
Арқаға Қазығұрттан керуен тартқан,
Армысың, асыл апам, жанымдағы!
Жидебай жыр жайлауым, өрім еді,
Қарауыл алтын көмбем, төрім еді.
Жан апа, мына сіздің қасыңызда,
Шыңғыс та аласа боп көрінеді.
Елімнің мынау тойға жиылғаны,
Бәрінің жалғыз Абай сыйынғаны.
Көрейін апамменен қапталдасып,
Ол рас, ару қыздар бұйырмады.
Шипалы өлеңімен жанды емдейсіз,
Менің де жүрегіме нәр бергейсіз.
Көрейік тылсым жырмен бір сырласып,
Жан апа, тақияма тар келмейсіз.
Асқандай қарт Шыңғыстан асуыңыз,
Бұл тойда мүмкін емес жасуыңыз.
Алланың ақ нұрындай болсын дедім,
Ана боп маған шашқан шашуыңыз.
Әселхан:
Жырларың керім екен, бәрі ғажап,
Қарағым шырқайсың-ау үнің азат.
Рахмет ықыласыңа маған деген,
«Белін бу болар ұлдың» деген қазақ.
Қанша жыл алтынымыз жез болғаны,
Қанша жыл жібегіміз бөз болғаны.
Шындықты көкрегіне тұншықтырып,
Ерлерім екі сөйлеп ез болғаны.
Тартады бөрі етектен бағы ұшқанды,
Найзасы қақ бөлініп намыс қалды.
Міржақып, Ахмет, Мағжан, Шәкәрімдей,
Аңырап кеше таптық арыстарды.
Қамы үшін қара бастың алаңдадық,
Жан үшін төзіп бақтық, амалдадық.
Қарадан хан боп туған Құнанбайды,
Қажыны қорықпастан жамандадық.
Айып па есіне алса бүгін елі,
Жан-жаққа ойы құрғыр жүгіреді.
Сұлтанбек, Тұрар, Сәкен, Ілияс, Бейімбет,
Көлденең көк аттының бірі ме еді.
Жарқырап маңдайлары артық туған,
Еді ғой Абайымның інілері.
Жазылмас қалды қанша жанда күйік,
Әкелді бостандықты Құдай иіп.
Алашым атқа мініп той тойлап жүр,
Аңсаған азаттығы қолға тиіп.
Қаны бір бабасы мен балалары,
Жаны бір ағасы мен аналары.
Пердесін жалғандықтың сырып тастап,
Көрісті Көк түріктің балалары.