Аманжол мен Әсия айтысы (1-бөлім)
Аманжол Әлтаев, Әсия Беркенова · 2 мин оқу
Аманжол:
Келген соң ұлан-асыр базарыңа,
«Ақжол» ― деп сөз жолдайын назарыңа.
Абайдай құрсағынан ақын шыққан,
Бір сәлем қалың елім, қазағыма.
Шыңғыстау бір тұғырым асыл-биік,
Жырлаған өр тұлғаңды ақын сүйіп.
Шәкерім, ұлы Мұқтар туған өңір
Алдыңа тағзым еттім басымды иіп.
Бір сәлем нағашы жұрт қауымынан,
Балқантау, Қарқаралы бауырынан.
Ортаңа дұғай сәлем ала келдім,
Құт қонған Ұлжан ана ауылынан.
Жырымды жаңылдырмай жорғасынан,
Мен бүгін Абай салған жолға шығам.
Ділдадай Ұлы Абайға қыз ұзатқан,
Бір сәлем – Алшынбайдың ордасынан.
Жеткендей, Ұлы баба, ғасырға үнің,
Төгіліп бар адамға асыл нұрың.
Жан ата, жартастағы айғайыңнан
Дүркіреп бүкіл әлем жатыр бүгін.
Халқымның сәуле шашып сарайына,
Айналған алтын таңы арайына.
Әлемдік ойлар айтқан киіз үйден,
Қалайша таң қалмассың Абайыма.
Шаттық той Қарауылдың басындағы,
Тарихи ұлы думан ғасырдағы.
Дүбірін сол думанның естігенде,
Әр ақын шартараптан тасынғаны.
Тасымды суырғанда қолға түскен,
Армысың, асыл апа, қасымдағы.
Отырсың оң жағымда арай болып,
Соғылған өнердегі сарай болып.
Зередей шежірелі сөздер айтсаң,
Тыңдайын әр сөзіңді Абай болып.
Әсия:
Жыр қонып, жүрегімнен өлең көшкен,
Елімсің өнер десе елеңдескен.
Айтыстың ақ тұйғыны ұшпай тұрып,
Жөн болар халқымменен сәлемдескен.
Сыр белес, сыбырменен далама тең,
Құнарлы топрағыңды ала кетем.
Артықсың ару Семей, Абай туған,
Абайдай дана туған дара мекен.
Бір жарым артқа салып ғасырыңды,
Басқа ұлтқа мойындаттың жасыныңды.
Тойларың құтты болсын қалың елім,
Еске алған Абайдайын асылыңды.
Тағдырдың ордасына бармадың ба,
Сән келер сұду сөздің салмағына.
Қоржынға қол салғанда, Аманжолым,
Іліктім мен баламның қармағына.
Бойыңда жастық отың жалындаған,
Қамалсың оңайлықпен алынбаған.
Тұңғышпен құрдассың ғой, Аманжол-ау,
Анаңдай мен болайын жалындаған.
Анаңдай отырайын тілек тілеп,
Сен-дағы отырмассың сынап-мінеп.
Бойыңа дарыды ма Абай айтқан,
Нұрлы ақыл, қызу қайрат, жылы жүрек.
Аманжол:
Семейім Көкбайларға дем берген жер,
Көңілі талайлардың емделген жер.
Ағылып толқының боп бір көрейін,
Абайдың ақ бесігі тербелген жер.
Мен де бір балаң едім үңілгендей,
Кезім жоқ бұл заманнан түңілгендей.
Жарқырап Әсия апам шыққан кезде,
Болды ғой Ұлжан анам тірілгендей.
Дәм татқан балаң едім қолыңыздан,
Ал енді қалай шығам жолыңыздан.
Арқада аруанадай жол бастасаң,
Ерейін ақ ботадай соңыңыздан.
Жүйткітіп желмаядай желсек пе екен,
Маржанын асыл сөздің терсек пе екен.
Жарасып аруана мен ақ ботасы,
Көшіне Ұлы Абайдың ерсек пе екен.