Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шорабек пен Серік айтысы (2-бөлім)

Шорабек Айдаров, Серік Құсанбаев · 2 мин оқу

Түсірмеймін жерге мен еш сөзіңді,
Ұмытпағай өзіңмен дос кезімді.
Шіркін-ай, Абайдай ұл туғыза алсам,
Шалар ем құрбандыққа қос көзімді.

Көрсеткен заман мынау талайға доқ,
Қазағым болсам деймін қалайда тоқ.
Байтал түгіл бас қайғы, аштық дейтін,
Қазақты кетсе тимей маңайлап оқ.
Туғызар Абайды енді Құнанбай жоқ,
Туатын Құнанбайдан Абай да жоқ.

Жақсы ғой бұл нәубеттен құтыла алсақ,
Шалбарды киіп әркім бұтына шақ.
Құнанбайдай бар ма екен құт кіндікті,
Бар болса егер, бас салып тұқым алсақ.
Өйткені Абай туғызар жағдай да жоқ,
Болған соң тоқшылықтан мұқыл алшақ.
Туғыз деп бір Абайды Құнанбай боп,
Есеннің енді көзін шұқымасақ?!

Жабысты Құнанбайлық қалай маған?
Құнанбай болса артар талай бағам.
Ұқсашы ұлы ақынға сен де Серік,
Не дейсің бұл заманға «Абай балам»?

Серік:

Айтысты әзіл сөзге айналдырдың,
Есенді еркінен тыс ойландырдың.
Шорабек, жалғыз көзді адамдардың,
Бәрі Абай таптырарын қайдан білдің?

Көргенбіз асқанды да, тасқанды да,
Көргенбіз асып-тасып сасқанды да.
Бір көзді қысып алып айтам дейсің,
Құнанбай деген сөзім расталды ма?
Кешегі Абай қорыққан жас балалар,
Қыстырар көзің түгіл басқаңды да.

Меккені мәлімдедің қуалай кеп,
Бұл күнде «қажы» деген құдадай көп.
Меккеден тас арқалап әкелгендей,
Арақпен қажылығын жуады-ай кеп.

Дер едім, Абай болсам, қайран жұртым,
Аузыңа ұстарасыз түсті мұртың.
Ей, жастар, кімге дәрі, кімге шипа,
Болғаны сыртың бүтін, ішің түтін.
Дос көріп кімге болсын жалбақтайсың,
Бір күні ашылмасын елге бұтың.
Бір жанмын жаны жара, қаны қара,
Өтермін бұл жалғаннан мен де бір күн...
Тамыр деп төр ұсынған орысың да,
Басынып алған жоқ па, біртін-біртін.

Шорабек:

Қалайша енді бүгін мұң айтайын,
Қалайша тұнық көңілім лайлаймын.
Ақыры Абай болып сөз сөйлесең,
Мен әкең Құнанбай боп сын айтайын.

Танымай қалдым, балам, бір өзіңді,
Біліпсің кім басылды, кім езілді?
Қанша қақсап айтсам да тыңдамаушы ең,
Қойыпсың орысшалау мінезіңді.

Әй, Серік, Абайдайын ақынсың ба?
Жаныңмен, жүрегіңмен жақынсың ба?
Абай түзей алмаған сол жастарды,
Енді сен түзеймін деп отырсың ба?

Мен бүгін кінәламан түк орысты,
Орыстар осыған да іренішті.
АҚШ-тан албасты шал бері өткенде,
Біз түгіл көп орыстың жүрегі ұшты.
Құнанбайдың билігін маған берсе,
Соттар ем Солженицын сволышты.

Құнанбай болсам судай тасар едім,
Кеудесін дұшпандардың басар едім.
Кешегі Қодар менен Қамқадай ғып,
Жексұрын Жириновскийді асар едім!..

Серік:

Келгенде Ақтөбенің мен төріне,
Самғадым қаршығадай ел көгіне.
Біздің ел кешірімді балаларға,
Ұстайды сылап-сипап еркені де.
Ол рас, мен не дейін Тобықтының,
Абайға қол көтерген тентегіне.
Әрбір үй балаларын дұрыс бақса,
Сенемін мен қазақтың ертеңіне.

Сұрайсың жай-жапсарын істің менен,
Бітерін білмей тұрмын істің немен.
Алайда қызыл тілім байланбасын,
Айдынға құлаш ұрсын ұшқыр кемем.
Дүние дөңгеленген ағын судай,
Мінекей, өте шықты үш күн деген.
Орыстың бірін соттап, бірін ассаң,
Айтамын не бетімді Пушкинге мен?!.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз