Аманжол мен Әсия айтысы (3-бөлім)
Аманжол Әлтаев, Әсия Беркенова · 2 мин оқу
Бөлінер кейде осылай ойым талай,
Ойласам елдің жайын ойым қалай.
Қазақтың байып алған кей жастары,
Жүр бүгін ана тілін мойындамай.
Қыз болған қылыш тілді Сара сынды,
Көтерер халқым бар ғой дара сынды.
Аманжол, өзің айтшы тілдің жайын,
Білейік сенің де көзқарасыңды.
Аманжол:
Көтеріп Шыңғыстауға өреніңді,
Көрсеттің, асыл апа, көлеміңді.
Абайша тізеңізге басты сүйеп,
Ұзақ таң тыңдар ма еді өлеңіңді.
Ықылас ұғынбасақ даналардан,
Разылық болмас бізге бабалардан.
Абайым айтқандайын осы күнде,
Қорқамын бүгінгі мас бабалардан.
Қалайша ұрпақ сенім ақтамайды,
Қалайша баба сырын сақтамайды.
Пушкиннің он өлеңін білсе-дағы,
Абайдың бір өлеңін жаттамайды.
Өткеннің ойын жалғар ұлан болсын,
Бабаның мұрасына сұрам болсын.
Болашақ ұрпақтарға Абай жыры,
Айтатын әр заманда ұран болсын.
Жарай ма бұрынғыға із болмасақ,
Кең жері сақталады біз қорғасақ.
Абайдың асыл жырын кім жаттайды,
Қазақтың ұрпақтары біз болмасақ.
Жүрейік армандардың асқарында,
Жаттайық шежірені, дастанын да.
Абайдың қасиетті ұлы сөзі,
Әлемнің самғай берсін аспанында.
Өз ұлы, өз өлкесін төрім дейді,
Туған жер, ата қоныс, көлім дейді.
Ағалар ел бастаған аман болса,
Қазақтың бұл даласы бөлінбейді.
Жас ұрпақ қазақ тілін сақтай жүрші,
Сенімін Абайлардың ақтай жүрші.
Әкімі облыстың Жақиянов,
Кең жерін Құнанбайдың сақтай білші.
Шипа бол туған жердің жарасына,
Қорған бол қалың елің қарашыңа.
Айтатын, әкім аға, ақ тілегім –
Мырза бол Құнанбайдай Алашыңа.
Бұл күнде бүкіл қазақ бас құрады,
Жұртымның қайсар болсын қас қыраны.
Бабалар бұл даланың қасиетін,
Өзіңдей ұлдарына тапсырады.
Әсия:
Адам ба адалдықты жинамаған,
Еңбекпен елі үшін жан қинамаған.
Баспасын қазақ жерін пенделер тек,
Абай мен қазақ жерін сыйламаған.
Толастап ақ-қарасы, ерегесі,
Керілсін тек елімнің керегесі.
Әлемде мәңгі болса ұлылық тек,
Мәңгі ғой Абайымның өнегесі.
Жете бер, Аманжолжан, арманыңа,
Сай болып өнердегі заңғарыңа.
Қырансың Қарағандыдан ұшып келген,
Айналшы бұл елімнің тарланына.
Жөн болмас өнерге қол кеш сермеген,
Жөн болмас осы жайды ескермеген.
Абайдай шешен болып шықшы, жаным,
Қазақта қара сөзге дес бермеген.
Өнерде қазағымның пайғамбары,
Қырандай қанат бүгін жайғандары.
Абайдың жолын қушы, Аманжолжан,
Кешегі өлең-жырдың пайғамбары.
Аманжол:
Қазағым қасиетті өлеңімен,
Балаң да жыр төгілтті өзегінен.
Қазақтың аналары бесік жырын,
Бастасын Абайымның өлеңінен.
Демеймін сөзді қысқа келтеледім,
Жан апа, жыр шабытты желкеледің.
Ал, енді, мен сөзімді доғарайын,
Алдыңда бала болып еркеледім.
Анасың жыр ағызған таңдайыңнан,
Інің боп балаң болып жалғайын ән,
Маңдайдан тер сорғалап мен отырмын,
Сүртші ана орамалмен маңдайымнан.
Әсия:
Анамын, үйренгенмін түн қатайын,
Бір ауыз жауап қылып тіл қатайын.
Несіне орамалмен сүртем терді,
Анаң боп сүйіп сені құрғатайын.
1995 жыл.