Айтақын мен Аманжол айтысы (2-бөлім)
Айтақын Бұлғақов, Аманжол Әлтаев · 2 мин оқу
Айтақын:
Жақсылар бұндайда үміт үзбейді енді,
Жамандар бірін-бірі күндейді енді.
Білесің қазағымда бір мақал бар,
Балық та су тұнығын іздейді енді.
Адал болсаң марқайып күлейін бір,
Қасыңда қапталдасып жүрейін бір.
Арамдығың білінсе осы арада,
Аш бүркіттей бас салып бүрейін бір.
Аманжол:
Әркімге жыр түңлігін түру қиын,
Аллалап аламанға кіру қиын.
Анталап аш бүркіттей отырсаң да,
Ініңді қапылыста бүру қиын.
Жасымнан жаным бөлек жамандықтан,
Бұл өнер қасиетім маған жұққан.
Өтемін жақсылармен сыйласумен,
Сақтасын тәңір өзі арамдықтан.
Риза боп жүруші едім ырқыңызға,
Ұл едің ақыл айтар ұлтымызға.
Тізілген мойныңдағы тәпсі жайлы,
Айтеке ой толғашы жұртымызға.
Айтақын:
Өмірдің қызығына тоясың ба?
Жақсылығын ағаң сенен аясын ба?
Келінім бір ұл туса, Аманжолжан,
Есімін Мағжан деп қоясың ба?
Айтамын саған бүгін жан сырымды,
Далама асқақтатып жас үнімді,
Тағып жүрмін мойныма көз тимес деп
Мойныма қасиетті тәспиғымды.
Өзіңді бір көргенде ұнатқанмын,
Қасыңда ағаң болып сыр ақтардым.
Кеше ғана тақпап ем тәспиғымды,
Біреулердің көзі түсіп құлап қалдым.
Өзіңе тілеулес боп мен отырмын,
Айтар сөзім болмаса неге отырмын.
Рухың жебеді мен Мағжан бабам,
Жазылып бұл айтысқа кеп отырмын.
Аманжол:
Ағам да тереңнен сыр қазғандай ма,
Арқасы арындының қозғандай ма.
Қыздардың баптап әкеп құйған шайы,
Айтеке сырқатыңды жазғандай ма.
Әр сөздің тауып айтса иесі бар,
Ойлардың мәнді болса жүйесі бар.
Жаңағы өзің айтқан тәспиғыңда,
Иманды мұсылманның киесі бар.
Ұлы той кездестірді қауыштырып,
Сөйлетті бізді халқым жарыстырып.
Бұл күнде кейбір қазақ сол тәпсіні
Алғандай бөтелкеге ауыстырып.
Мұсылман білген дұрыс құран жайын,
Шақырып ар-иманға ұрандайын.
Қолына тегін тәспі алмаған ғой,
Кешегі Мәшһүр Жүсіп, Құнанбайым.
Айтақын:
Аманжол ел жұртыңа пайдаң болсын,
Екі ақын айтысқанда майдан болсын.
Он жерден қыз әкеліп шай берсе де,
Жеңгеңнің бергеніндей қайдан болсын.
Түйінін тоқсан сөздің шешем енді,
Толқынын өлең-жырдың кешем енді.
Кейбіреу сол арақты қояр емес,
Әкеңнен қалған ас емес десе де енді.
Аманжол:
Жабы мен тұлпар әр кез тең болмайды,
Жұртыма арзан өлең ем болмайды.
Қызылжар сұлуының құйған шайы,
Шайынан бәйбішеңнің кем болмайды.
Бұндайда болмас құлаш сермемесең,
Басына қия шыңның өрлемесең.
Құйғаны сұлулардың дәмсіз болса,
Айтеке, ағыл-тегіл терлемес ең.
Алдыңнан асау толқын ағылады,
Әр сұлу шамшырақтай жағылады.
Абайға шай ұсынған Тоғыжандар,
Іздесең бұл жерден де табылады.
1993 жыл.